Бүгін, яғни 17 сәуірде Шерзат Полаттың өліміне қатысты атышулы іс бойынша кезекті сот отырысы болып өтті. Жәбірленуші тараптан Шерзаттың әжесі, анасы мен әкесі, марқұмның досы және сотталушылармен бірге келген әйел сотта жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“АЛЛАҒА ТАПСЫРДЫМ, ҚҰРМЕТТІ СОТ, ҚАЛҒАНЫ СІЗДІҢ АР-НАМЫСЫҢЫЗДА”
Сот басталған сәтте бүгін судья Ержан Жанұзақов жәбірленуші Ахмет Махметтің (Шерзат Полаттың досы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезіндегі жауабын жариялау керек пе деген мәселені көтерді. Прокурор қарсы болды. Ахмет Махметтің өзі Қытайда колледжде оқиды. Сотқа келуден бас тартқан. Тек тергеу кезіндегі жауабын сотқа оқи беруін өтінген. Бұл туралы Ахмет Махметтің өкілі сотта адвокат Бұрманов оқыды. Судья Махметтің тергеу кезіндегі айғағын сотта оқу жөнінде қаулы шығарды. Айғақ кейін оқылады.
Келесі болып сотта Шерзат Полаттың әжесі Жұмабике Қадырова жауап беруге шықты. Жұмабике Қадырова сот кезінде сотталушылардың бірде-бірін бұрын танымағанын айтты.
2024 жылы 4 қазанда сағат 23.00 кезінде жұмыстан келген едім. Шай ішіп отырған кезде келініме қоңырау шалды. Сөйтсек, қоңырау Қаржаубайдан екен. «Шерзат біреуді ұрды, келсін» деді. Қаржаубай Нұрқанатты жіберуді өтінді. Мен оятып айттым. Жүрегім тыныш болмады. Келініме тездетіп жүгіріп барайық дедік. Такси тоқтатам дегенше 20 минуттай өтті ғой деймін. Таксимен дүкенге бардық. Барсақ, екі жерде балалар топтасып тұр екен. Таксиден түсіп жан-жақтан Қаржаубайды да, Нұрқанатты да емес, бірінші Шерзатты іздедім. Ол көрінбеді. Ол жерге барған себебім – балалар жинала ма деп ойлаған жоқпын. Біреуді ұрса, барып кешірім сұрайын дедім. Шерзат біреуге қол көтеретін бала емес еді. Боксқа қатысса да, біреудің жағасына жармаспайтын. Біреулер пышақпен, мылтықпен келетінін білсем, үйімде-ақ полиция мен жедел жәрдем шақыратын едім, - дейді әжесі.
Жұмабике Қадырованың айтуынша, жолды кесіп өткен бойда балалардың алдынан шыққан. Абзал Шынасыл әжені итеріп қалған кезде қартаң әйел арыққа құлап, телефоны ұшып кеткен.
Нұрқанаттың да ажалына осылар себеп болды. Беттестіру кезінде Нұрқанат маған келіп «мама, олар құмырсқаны басып кеткен адам сияқты көріп отырған жоқ, Нұрқияс “олай болса уақыт көрсетеді” деді – деген кезде судья сөзді бөліп, оқиға жайлы баян етуге көшуді өтінді.
«Бәрін басынан бастап еске түсіру де, өлтірген балалардың түрін көру де, қорғаушыларын да көру оңай емес. Осы жерге келгенде қол-аяғым қалтырап кетеді, – деді Жұмабике Қадырова.
Жұмабике Қадырованың сөзінше, ол жерде болғандардың саны 15 адам болған. Олардың бәрі қылмыстан кейін көлікке сығылысып отырып кетіп қалған.
Сұрақ-жауап барысында Шерзаттың әжесі болған оқиғаны егжей-тегжейлі баяндап берді.
Шерзатқа қарап бәрі жүгіріп кетті. Сол кезде алдынан шыққан мені де қағып жіберді. Орнымнан тұра алмай жатырмын, бірақ балаларыма қарадым, Шерзатқа бәрі қол көтерді. Қол көтермеген, аяғымен теппеген бірде-бір адам қалған жоқ. Менің баламның сондайлық сабалатындай не істеп қойғанын осы күнге дейін түсіне алмаймын. 16 жаста ғана. Бұлардың өздерінің ар-намыстары соған барып, соны өлтіргеніне таңғалам. Бір шапалақ ұрса бірсәрі. Кешірім сұрауға келіп едім. Менің балам түнде жүретін бала емес еді. Үйде жатқан бала зарядка алуға барған. Сол аралығында Қытайға оқитын бала Қытайға кететін болып, әкесіне сусын аламыз, зарядканы алуға барам деген бала. Ол түнде қаңғып жүретін бала емес. Ол әкесінің жауапкершілігінде болмағандықтан, түнде жүргізбейтін едім. “Әже-ау, әже-ау” деп кетті балам. Оны өлтіру үшін барғандары анық болып тұр. Неге десеңіздер, дайындалып үш көлікпен келген, – деді ол.
Анасына ұлы Қарбаужай “16 жастағы сотталушының өміріне балта шаппайық, кешірім берейік” деген (сотталушы Ысқақ жайлы).
Менің балам да, мен де бәрін де кешірдік. Алла кешірсін бұларды. Тек Алладан кешірім сұрасын. Бір Аллаға тапсырып қойдым. Судья сіз, ақиқатымен осыларға нақты жылын кесесіз бе, кеспейсіз бе, қорғап алып қаласыз ба, жақтап қаласыз ба – ар-намысыңызға берілген дүние. Мен тек Аллаға сендім. Өмірде “Құдайдан тап” деген қарғыстан артық қарғыс жоқ дейді. Себебі қайтіп табатынын бір Алла біледі. Бәрін бір құдайға тапсырдым. Ата-аналар да артымыздан шұқынып сөйлеп отыр. Бірақ мен сабырлыққа салып шыдап отырмын. Бір Алла шешсін, – деді Жұмабике Қадырова.
АНАСЫНЫҢ ЖАУАБЫ
Келесі болып Шерзат Полаттың анасы Гүлбара Бейшембиева жауап беруге шықты.
Қайғылы оқиға болатын түні Гүлбараға күйеуі Қаржаубай қоңырау шалып, «Шерзат біреуді ұрып қойды, Нұрқанатты оят, жібер» деп хабар берген.
Нұрқанатты ояттық. Ол орнына тұрып, көлікпен дүкен жаққа кетіп қалды. Бес минуттан кейін Қаржауға қайта хабарластым. Ол «бәрі жақсы, шешіп жатырмыз» деді. Шыдамай әжесімен шығып кеттік. Такси мекенжайды білмейді екен. «Қамажай» дүкеніне 5-10 минутта жолды көрсетіп жеттік. Сол жерде 10-15 адамды көрдік. Екі қыз бар екен арасында. Сол жерде біреуі «делайте!» деп айқайлады. Бірінші Дархан бастады – Шерзатты бетінен ұрды. Шерзат шегініп, қайта оны ұрды. Анау жерге құлап түсті. Ахметті Абзал ұрды. Бұлар жабыла кетті. Нұрқанат сол кезде Ахметті тартып алып қалды. Бәрі Шерзат пен Нұрқанатқа жабылып кетті. Әжесі «балаларым қойыңдар» деп айғайлаған кезде оны итеріп жіберді. Абзал мен Нұрбол сол кезде мені ұстап жібермей қойды, – дейді ол.
Гүлбара Бейшембиева Абзал (Шынасыл) мен Нұрболға (Тоқтаубаев) «балама тимеңдерші, анасымын» деп өтінген.
Абзал «аузыңды жап, сені де өлтірем» деді. Екі қызға қарап, «скорая мен полиция шақырыңдаршы» деп едім. Олар ештеңе істеген жоқ. Жұлқынып шығып кеттім. Жеті-сегіз адам жабылып жатыр екен. Шерзат артқа шегінді де құлады. Оның аузынан бұрқ етіп қан аққанын көрдім. Барып жеткенде ол “мама, мына жағыма қарашы” деп сол жағын көрсетеді. Пышақ сұғылғанын көрдім. Нұрқиястың қолынан мылтық барын көрдім. Нұрқанатты тепкілеп болғаннан кейін Шерзаттың ауыр халде жатқанына қарамастан бізге қарай бет алды. Нұрқияс Нұрқанатты да ұрды. Нұрқияс басынан Шерзаттың басы мен желкесінен үш-төрт рет ұрып жатқан кезде оң қолымды тостым. Үш-төрт рет ұрды. Айғайлағаныма да қараған жоқ. Нұрқияс «тыныш тұр, сені де ұрам» деді. Қаржаубайды сол кезде Дархан бетінен бөтелкемен ұрған. Шыңғыс артынан пышақ салған, – дейді ол.
“ЧИКА” ДЕГЕН КІМ
Жауап кезінде адвокаттардың бірі Шерзат Полаттың анасына мынадай сұрақ қойды.
Осы оқиға барысында “Чика” деген бір азамат болды, ол “делайте” деп айтты, қолында пышақ болды деп айттыңыз. Істің 17 бет 31 томының бірінші абзацында жазылған. Онда тергеуші “Чика есімді жігіттің төбелес кезіндегі әрекеттерін айтып беріңізші, қолында бірдеңе болды ма? деп сұрағанда жауап “Чиканың қолынан пышақ көрдім, Нұрқанатқа жабылып жатқан кезде ол да қосылып, Нұрқанатты теуіп жатқан, Нұрқанатқа нақты кім пышақ салғанын көрген жоқпын, енді көруім бойынша бәрінде пышақ болды ғой” деп жауап бергенсіз. “Чика” деген азамат осы жігіттердің ішінде бар ма?
“Жоқ бұл жерде” деп жауап берді Гүлбара Бейшембиева.
Адвокат “нақты ол жерде кім пышақ салғанын көрген жоқпын” дедіңіз, ал қазір Равиль салды деп отырсыз, бұл қалай?” деп сұрады.
Ол кезде ондай жағдайда болмадым. Есіме түсіре алмадым. Кейін түсірдім, – деп жауап берді Шерзат Полаттың анасы.
Сот кезінде сөзге қайта-қайта араласқандықтан, судья Ержан Жанұзақов Шерзаттың әкесі Қаржаубайға соңғы ескерту жасады. “Сөзге араласа берсеңіз, сот сіздің қатысуыңызсыз өтеді” деп ескертті.
“БАЛАҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН ҚОЙЫП КЕТЕДІ”
Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов та бүгін жауап берді.
Шерзат Дарханды ұрғаннан кейін Қаржаубай онымен сөйлесіп, көмегін ұсынған. Одан кешірім сұраған. Бірақ ол «балаң жауап береді, денсаулығын қойып тастайды, балаларды шақырам» деп көнбей қойған.
«Мен оған «шешеден неге боқтайсың, қояйық» дедім. Үйге звандадым. «Нұрқанатты оят, келсін» дедім. Әйеліме Шерзаттың бір жігітті ұрып қойғанын айттым. Нұрқанат та қолынан келгенше жағдайдың бәрін түсіндірді. Нұрқанат та кешірім сұрады. Нұрбол бір жас жігітпен келді. Нұрбол сәл мас екен. Сонымен дүкеннің алдына мен шықтым. Нұрбол «кім, анау-мынау» деді. Балаға ашуланып кетпесін деп, «мен соқтым» деп айттым. «Бізді танымайсыңдар ма? Біз Хутордың жігіттеріміз, анау-мынау» деді. «Дархан жетім бала, оны неге ұрасыңдар?» деді. Ұстап алып, әдейі оны ешкім ұрған жоқ еді. Баламен келіспеушілігі болған. Нұрболға түсіндірген едік, Дарханды баламен бірге алып кетті ғой деймін. Кеткен сияқты еді, бірақ қайтып айналып келді. Мен осындай кісіден ақша түсті, Дархан түбіртек көрсетті, қайтарымын берді деп түсіндірдім», - дейді Қаржаубай Нұрымов.
Осыдан кейін Нұрбол қайта төлем жасап, кассаның жанына өтіп кеткен. Қаржаубаймен дөрекі сөйлеген. Қаржаубай май кесетін пышақ алып шыққанын мойындады.
Дархан Нұрболға жалған ақпар беріп тұр ғой. Оның айтуынша, «Дархан көшеде сыра ішіп тұрған кезде жас бала келіп, оны ұрып жіберген». Дарханның сөзін сөйлеп, келіп тұр. Пышақ алып шықтым да, Дарханға бардым. Оған боқтадым. «Денсаулығын қойып тастайды деген не әңгіме, ол бала емес пе»? дедім. Мені Шерзат пен Нұрқанат ажыратып алды. Жас бала Ысқаққа да түсіндірдім. Оның қылмыс жасарлық іс-әрекеті болған жоқ. Жас бала Нұрболға түсіндірді. «Ағаныкі дұрыс қой» деп қолынан келгенше айтты. Кеткендей болған. Айналып Нұрқияс бәрі келді», - дейді ол.
Дүкеннің алдына Хиундай акцент (үш адам түскен) және Мерседес көлігімен адамдар келіп түскен. Сұр түсті тағы бір машина келген.
Көліктен бірінші Равиль келді. Біз дүкен алдында тұр едік. Нұрбол, Дархан, жас жігіт кеткен кезде Шерзат, Нұрқанатпен сөйлестік. Балама «дүкеннен кетейік» десем, Нұрқанат «бұлар қазір қайтып келеді, біздің үйді біледі, бәрін осы жерде шешіп кетейік» деді. Нұрқанат Нұрболды таниды екен. Шерзат кеткісі келмесе де, Нұрқанат келген көлікпен қайтарып жібердім», - дейді ол.
Қаржаубай Нұрымов Дидар деген адамға қатысты «төбелестің ішінде болды. Бірақ қандай іс-әрекет жасағанын білмеймін» деді.
«Көліктен үш жігіт түсті. Дидардың жанында үлкендеу бір жігіт бар екен. Нұрқанат екеуі әңгімелесті. Нұрқанат бәрін таниды екен. Нұрқанат біреуінен «разборкаға келдің бе?» деп сұрады, ол «мен шалмын ғой, разборкаға қатыспаймын» деді. Нұрқанат бәрін таниды екен. Сөйтсем, Равиль, Нұрқиястың мен Нұрқанаттың арасында баяғыда кикілжің болыпты. Равильдер «налог» салып, Нұрқанатты талдырып кетіп, ауруханаға түсіп, Нұрқанат олардың үстінен арыз жазбай жігітше шешіп кеткен екен. Дидардың жанындағы жігітпен, Нұрқанатпен сөйлесті. Жас балалар да көбейіп кетті. Шерзаттың достары. Мен сол кезде «102»-ге қоңырау шалдым. Ахметті Қытайға шығарып саламыз деп жиналған екен. Отбасымызбен араласамыз. 102-ге бір емес, екі рет қоңырау шалған кезде алған жоқ. 103-ке звандадым. Ол да алмады. Талғар ауданының жедел жәрдем меңгерушісіне қоңырау шалдым. Ол төбелестен кейін ғана алды. Не айтып жатқанымды білмедім ол кезде. Бірақ төбелес болғанынан хабар бердім, - дейді ол.
“ХУТОРЛЫҚТАР” ТАҒЫ АТАЛДЫ
Қаржаубай Нұрымов сот барысында әйгілі “хуторлықтар” туралы да айтып қалды.
Нұрқанат әуелі «бәрі дұрыс» деді. Равильмен амандасты. Дүкеннің алдында Равиль Нұрқанатты қолынан сүйреп алып кетті. Мен дүкенге кіріп кеттім. Үш жігіт «сыра аламыз» деді. Мен «жабамын» деп, дүкенді жабайын деп кілтті ала берген кезде соққы тиді. Ахметтің дауысы шықты. Қолыма пышақты қорғану мақсатында алып шықтым. Неге десеңіз, «Хуторскийміз» дегенде сескендік. Ауылда өйткені бұлар бірге-бір төбелесіп шешпейтінін, қаншама бала жарақат алғанын естіген едік. «Хуторлықтар» көрші баланы атып өлтіріп кеткен. Балаларды қорғау үшін май кесетін пышақты алып шықтым. Үш жігіттің жанында қыздар тұр еді, – дейді Қаржаубай Нұрымов.
Қаржаубай есікке жақындаған кезде Шыңғыс пышақ шығарған, бірақ пышағы түсіп қалған. Азамат есікті тепкен кезде Қаржаубай дүкен ішіне құлаған.
Соған қарамай сыртқа итеріп шықтым. Есік алдына шыққан кезде сыра бөтелкесімен бетімнен ұрды. Есеңгіреген кезде жауырыныма кірпіш тиді. Шыңғыстың пышағының ұшы жауырыныма тиді. Құлаған кезде мылтықтың дауысы шықты. Кім атты, қалай атты – көргенім жоқ. Төбелес болып кетті. Азамат пен Шыңғыста пышақ шығарғаннан кейін жас балалар болған соң оларды өзіме тарттым. Қарасам, мамам, Шерзаттың анасы жүр екен. Нұрқанат Ахметті төбелестің арасынан шығара амай жатыр екен. Шерзат жүгіріп келіп, Нұрқияс пен Нұрболмен төблесіп кетті. Сол уақытта жасырмаймын, Абзалдың пышақ тыққанын көрмей қалдым. Абзалды көрдім, бірақ пышақ тығып алған кезін көрмей қалдым. Арғы бетте мамалар келіп қалған екен, – дейді ол.
Қаржаубай Нұрқияс Ахметті ұрып жатқанын көрген.
Мен тұра алмай жатқан кезде асфальтқа шегіндім. Қарасам, Нұрқияс, Абзал Шерзаттың анасының қолынан ұстап тұр екен. Мен шегінген кезде Шыңғыс пен Азамат Шерзатқа жүгірді. Шерзат «папа, бірдеңе тығып алды» деді. Балаларға “қашыңдар” дедім. Пышақ тығып алды деп ойлаған жоқпын. Біраз жерге барып отырып қалды. Нұрқанат пен Гүлбара сол жаққа жүгірді. Мен анамды тұрғызып, отырғыздым да, артынан бардым. «Қой» дегенге ешқайсысы қараған жоқ. Әйелім жалынып, айғайлап жатты. Баласын құшақтап ұрғызбай жатты. Сол кезде қолына соққы тиген.
Нұрқияс Шерзатты мылтықпен ұрып жатқанын көрдім. Анасының жылауына, өтінішіне қарамады. Арықтың ішінен анамды шығарам дегенше... Сөйлеп отырған бала еді. Ауырғанын айтып жатты. «Бірдеңе тығып алды, ауырып тұр» деді. Сөйтсем, жауырынан қан ағып жатыр екен. Соған қарамай Нұрқияс ұрып жатты, – дейді ол.
ШЕРЗАТТЫҢ СОҢҒЫ МИНУТТАРЫ
Көршілер шыға бастаған кезде бәрі қаша бастаған. Қаржаубайдың айтуынша, алғашында Шерзатта да, Нұрқанат та тамырсоғыс болған. Нұрқанаттың арқасынан, Шерзаттың кеудесі, аузынан қан ағып жатқан. Қаржаубай сол ауданның меңгерушісіне қоңырау шалып, жедел жәрдем шақыруды талап еткен.
Істе оның бәрін көрсеттім. Нұрқанатқа пышақ салып жатқанын көрмедім. Равильдің, Абзалдың, Шыңғыстың қолынан пышақ көрдім. Шыңғыс маған сілтеді. Жарақат жауырынымда болды. Азаматта да пышақ болды. Жас бала қашып кетті. Нұрқанат пен Шерзатты көлікпен апара жатқан кезде Шерзат орындықтан жылжып құлап кетті. Тоқтатып, қарадым. Жаны шығып кетіпті. Өзім ем-шара жасап көрдім. Көлікке алған кезде Шерзаттың тамыры соғып тұр еді. Жолда кетіп бара жатқан кезде жылдамдықты асырдым. Тоқтаған кезде пулсь болмай қалды, – дейді Қаржаубай Нұрымов.
Мәйітханаға кірген кезде Қаржаубай күйзелістен “балама қара алмаймын, жуындыра алмаймын” деген.
“ПЫШАҚ АЛЫП ШЫҒЫП ЖАТТЫ”
«Қамажай» дүкенінің алдында болғандардың бірі – Шерзат Полаттың досы Мирас Сейсенбай. Ол да төбелесте аман қашып құтылған.
Мирас Сейсенбайды досы “Қамажай” дүкеніне ертіп келген. Себебі Шерзат оларды дүкен жаққа шақырған. Бірақ Ахмет Махмет, Мирас Сейсенбайлар “Қамажай” дүкенінің алдына келген кезде Шерзаттың өзі жоқ болған.
Біз келгенге дейін бір көлік тұрған. Біз келген соң Гольф көлігінен үш адам түсті. Артынан Мерседес кабаннан бірнеше адам түсті. Ішінде екі әйел бар. Олар Ахметтен «менің бауырымды ұрған сен бе» деп сұрады. Ахмет «жоқ» деп жауап берді. Ішінде біреуі Ахметті ұрды. Кім ұрғанын түрлеріне қарап үлгермедім. Мені итеріп жіберді. Бір аяғым арыққа түсіп, қарасам Ахметті төбелестің ішінен Нұрқанат пен тағы бір аға тартып жатыр екен. Екінші кісінің түрін көріп үлгермедім.
Бір-екеуінің қолынан пышақ көріп қалдым. Қашу керектігін түсіндік. Бізге «қашыңдар» деді. Біз қашып кеттік. Қашып келе жатып Шерзатқа қоңырау шалғанымызда «келмей-ақ қойыңдар» деді. Содан кейін қайтадан қоңырау шалдық. Шерзат алмаған соң қайтадан дүкен алдына бардық. Сол кезде Шерзаттың әжесін көрдім. Жағдайы төмендеп кетіпті. «Сендер кімсіңдер, балам-ау» деп есікке сүйеніп тұрды, – деді ол.
Сұрақ-жауап кезінде Мирас Сейсенбай жиналған жігіттердің “біреуі бәрсеткасынан, біреуі қалтасынан пышақ шығарып жатты. Бәкі екені көрініп тұрды. Бәкіні жабық күйінде көрдім” деп жауап берді.
ЕКІ ТҮРЛІ ЖАУАП
Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесінде куәгер Эльмира Нұрбекова жауап берді. Ол – қанды түні сотталушылармен бірге көлікпен бірге «Қамажай» дүкенінің алдына келген.
Эльмира Нұрбекова 1992 жылы туған. Оны кафеге сотталушылардың бірі шақырған. Бәрі кафеде отырғаннан кейін сотталушы жігіттермен бірге дүкеннің алдына жеткен. Төбелес кезінде Эльмира Нұрбекова жігіттерге тыныштандыруға тырысқанын айтады.
Нұрқиясты біреу ұрып жіберді. Кім екенін білмеймін, бірақ Нұрқияс құлап қалды. Осыдан кейін сұр жейде киген бір бала жүгіріп шықты. Кепкісі, сақалы есімде. Ол атып шықты да, айғайлап, ауаға бір рет оқ атты. Осыдан кейін қаруды жігіттерге қарата көздеп, бірнеше рет артқа қадам жасап, тағы бір гүрс еткізді. Мен сол кезде Дана жаққа қарай жүгіріп бардым. Равиль мен Дана тұрды. Равильді құшақтап ұстап, «тынышталыңдаршы, төбелеспеңдерші» деп сұрадым. Барынша басу айттым. Ол жұлқыны шығып, төбелес жаққа жүгіріп кетті. Ал мен Мерседес көлігі жаққа кетіп қалдым. Өйткені ол жерде Дана тұр еді. Не істерімізді білмедік. Мен сол кезде көмек сұраған әйелдің дауысын естідім. Жол жаққа шықсам бәрі ары-бері жүгіріп жүр екен. Түсініксіз жағдай болды. Қара куртка киген бір жігітті тартып қалдым, «тынышталыңдар» дедім. Еденде ес-түссіз сұр жейде киген жігіт жатыр екен. Мен де сол жерде сасқалақтап, сондай күйде тұрып қалдым», - деп куәгер жауап берді.
Эльмира Нұрбекова жолдың үстінде бір әйел ұялы телефонмен түсіріп жатқанын айтады. Оған «неге түсіріп тұрсыз? Жедел жәрдем шақырыңыз» деп айғайлағанын, осыдан кейін өзін көлікке жетектеп алып кеткенін айтады. Кім жетектеп әкеткенін есіне түсіре алмады. Ол көлікте Нұрқияс, Дана, Равиль отырған. Бәрі көлікпен оқиға орнына кетіп қалған.
Куәгер сот барысында жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев Эльмира Нұрбекованың тергеу барысында берген жауабын оқыды. Ол кезде Нұрбекова «баланың мамасы «көмектесіңдер, баламды өлтіріп жатыр деп айғайлады. Ары қарай мен де жүгіріп барып, арасына қара түсті күрте киген адамды тартып алдым. Бір кезде қарасам, мылтықты алып шыққан бала жерде жатыр екен. Үсті қан болды. Бала ішімен жатқан кезде Абзал қолындағы пышағымен арқа жағынан ұрып жатқанын көрдім және «қойыңдар» деген кезде Равиль мені көлік жаққа барды да, көлікке отыр деп кетті» деп жауап берген. Бірақ бұл сөзін Нұрбекова сот кезінде растамай, басқаша жауап берді.
Мен ол кезде есеңгіреген күйде едім. Мен жауапты орысша бердім. Видеоны көрсетсеңіз болады», - деді куәгер.
Адвокат оған «сізге жалған жауап берер болсаңыз, қылмыстық жауапкершілік бары жөнінде ескертілді, сонда тергеудегі жауаптан бас тартып отырсыз ба?» деп сұрады.
Мен жауабымнан бас тартпаймын. Мен барлық шындықты, қалай болды – солай айтып отырмын», - деді Эльмира Нұрбекова.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Полатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.
Ulysmedia.kz порталынан материалды көшіргенде гиперсілтеме қою міндетті!