Шейхтер шекемізді қыздыра ма: араб инвесторларына Қазақстанда қандай жеңілдіктер берілді

Сырым Қаржас
Ұлысмедиа коллажы

Мәжіліс араб инвестициясына салынатын жел электр станциясы жөнінде келісімді мақұлдады. Қазақстан бұл жоба үшін айтарлықтай жеңілдіктерге барғаны жасырын емес. Ымыраның қыр-сырына Ulysmedia.kz үңіліп көрді.

Мәжіліс БАӘ-ден келген араб инвесторларының есебінен Қазақстанда қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын және 300 МВт-тық энергия жинау жүйесін салу жөніндегі келісімді мақұлдады. Бір қарағанда, бұл – «жасыл экономикаға» жасалған батыл қадам. Бірақ, шын мәнінде Қазақстан бұл жобаны іске асыру үшін инвесторға айтарлықтай жеңілдіктер берген.

Уәде тәтті, бірақ...

БАӘ-нің Masdar компаниясы Қазақстандағы жаңартылатын энергия нарығына кіруді көздейді. Олар 1,4 млрд АҚШ долларын инвестиция ретінде салып, қуаты 1 ГВт жел электр станциясын және қуаты 300 МВт энергия жинау жүйесін салуға ниетті. Бұл – Қазақстандағы ең ауқымды «жасыл» жобалардың бірі.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, шетел инвесторларын тартудың екі жолы бар:

  • Ашық аукцион арқылы, онда тариф пен энергия көлемін мемлекет реттейді.
  • Үкіметаралық келісім арқылы, мұнда арнайы тарифтер мен артықшылықтар қарастырылады.

Кейінгі кезде инвесторлар көбіне екінші жолды таңдап жүр. Бірақ бұл әдіс елдің энергетикалық жүйесіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Мұндай жағдайлар қазірдің өзінде Еуропада байқалады. Неге барлық инвестор аукцион арқылы ғана тартылмайды? Мүмкін, жаңартылатын энергия саласындағы үкіметаралық келісімдерге шектеу қою керек шығар? Әйтпесе кемі мәжілісте алдын ала талқылану тәртібін енгізу қажет пе – деп мәселе көтерді депутат.

Оған жауап берген энергетика министрі Ерлан Ақкенженов:

Masdar секілді ірі компаниялар Қазақстанға жайдан-жай келмейді. Оларды тарту үшін белгілі бір кепілдіктер қажет. Бұл жоба бойынша инвестиция көлемі – 1,4 млрд доллар. Мұндай ауқымды жобалар үшін үкіметаралық келісім тетігін сақтау керек, – деп жауап берді.

Жүген ұстап қалмасақ болды

Бұл жоба аясында қазақстандықтар үшін қандай нақты пайда болады? Энергетика министрлігінің мәліметінше, жел станциясында 100 адам жұмыс істейді. Алайда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин бұл сандарды нақтылады: тұрақты жұмыс орындарының саны – бар-жоғы 40 адам екен.

Құрылысы кезінде шамамен 1000 уақытша жұмыс орны ашылады. Ал станция іске қосылғаннан кейін тек 40 тұрақты жұмыс орны болады. Оның 8-і – басшылық құрам, 32-сі – операциялық қызметкер. Бірінші жылдан бастап басшылық құрамның 75%-ы – жергілікті азаматтар болады. Қалған лауазымдарға шетелдіктер тартылады, – деді шенеунік.

Бір қарағанда, «75% – қазақстандықтар» деген сөз әдемі естіледі. Бірақ нақты сандармен айтсақ, бұл небәрі – 6 адам.

Тариф доллармен есептеледі

Мәжілісмен Мақсат Толықбайды жобадағы тағы бір жайт алаңдатады. Сөзінше, инвестор тарифті доллармен бекітуді ұсынып отыр.

Иә, инвестицияның келгені жақсы. Бірақ тариф доллармен есептеледі. Ал соңғы 30 жылда теңге долларға шаққанда 57 есе құнсызданды. Келешекте не болары белгісіз. Халық жалақыны доллармен емес, теңгемен алады. Ертең бұл бәрімізге тым қымбатқа түспей ме? – деп сауал қойды ол.

Министр Ақкенженов бұған “иә, тариф доллармен бекітілгенін мойындаймыз. Бірақ есептеулерге сәйкес, оның ұлттық валютаға әсері – 1–2 теңге көлемінде ғана. Ешқандай жасырын төлем немесе қосымша шарт жоқ, тариф ашық” деді.

Жобаның мәнісі

Энергетика министрлігінің мәліметінше, станция жылына 3,4 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіреді. Бұл жылына 2 млн тонна көмірқышқыл газының атмосфераға таралуының алдын алады. Бұған қоса, жоба шеңберінде елімізде алғаш рет энергия жинау жүйелері орнатылады.

Бұл технологиялар Қазақстанның энергетикалық тұрақтылығын арттырады. Сонымен қатар экологиялық жауапкершілікті күшейтіп, халықаралық көміртек шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелерді орындауға сеп болады, – деді министр.

Соңында Мәжіліс Қазақстан мен БАӘ үкіметтері арасындағы жоба туралы келісімді ратификациялады.