«Мәңгілік вице-премьердің ерліктері»: Скляр үкіметте жауапкершілік жүгін қалай көтеріп жүр

Сырым Қаржас
Ұлысмедиа коллажы

Бірінші вице-премьерді үкіметтегі екінші адам деп атайды. Оның жауапкершілігі басқа вице-премьерлермен салыстырғанда әлдеқайда көп. Ulysmedia.kz бұл мақалада Роман Склярдың осы лауазымдағы қызметі барысында не істегенін талдап шықты.

СКЛЯР ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ

Роман Склярдың мансабына көз жүгіртсек, үкіметте оның «мәңгі вице-премьер» деген статусқа ие екенін байқауға болады. Тек бір рет, 2019 жылы ол сегіз ай бойы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметін атқарды. Қалған барлық лауазымы – вице-премьер. Дегенмен, мұнысы Склярдың өзіне де жақсы ма дерсіз. Әдетте, орынбасарлар «далада» көбірек жұмыс істейді. Яғни, бақылаушы функцияларды орындап, қарамағындағы салалардың ерекшеліктеріне тереңірек үңіледі. Үкіметтегі 15 жылдық қызметінде бірінші вице-премьер – инфрақұрылым, инвестициялар, көлік, теміржол, өнеркәсіп, экономика және тағы басқа салалармен айналысты. Жалпы алғанда, тәжірибесі баршылық. Мүмкін, бұл оның бірінші вице-премьер лауазымына тағайындалуына әсер еткен болар, себебі Олжас Бектеновтің мемлекеттік басқарудағы тәжірибесі аз. Айтпақшы, Роман Скляр шын мәнінде рекордсмен – министрлер кабинетіндегі алты жылдан астам үзіліссіз еңбек өтілі бар. Ол Бақытжан Сағынтаев, Асқар Мәмин және Әлихан Смайыловтың үкіметтерінде жұмыс істеген.

Роман Склярдың бизнес құрылымдарымен тікелей байланысы байқалмайды. Дегенмен, оның отбасы жайлы ашық деректер өте аз. Ол үйленген, 1993 жылғы ұлы Андрей және 2022 жылы полиция генералы атағын алған ағасы Василий Скляр бар. Роман Скляр тек бір вице-министрдің жалақысымен өмір сүрмейтін шығар. Ол бұрын ірі мемлекеттік компанияларда жоғары лауазымдарды атқарған, мұндай қызметтерде басшыларға сыйақылар мен бонустар жиі беріледі. Бірақ, жақында болған үкімет мүшелерінің аксессуарларын бағалаған кезде Склярдан қымбат сағаттар табылған жоқ.

Роман Склярдың көпқырлы – инженерлік, экономикалық және заңгерлік білімі бар. Соңғы екеуі, мүмкін, сырттай алынған. Ол билік эшелондарына 2002 жылы ғана келді. Оған дейін 10 жылдан астам уақыт Павлодар облысындағы түрлі жеке коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеген. Айтпақшы, оның саяси мансабы тек екі өңірмен байланысты. Павлодар облысында ол облыс әкімінің орынбасары және облыс орталығының әкімінің орынбасары болып төрт жыл жұмыс істеген. Астанада да қала әкімінің орынбасары болып, кейін үкіметке ауысқан.

СКЛЯР ҚАНДАЙ ІСТЕРІМЕН БЕЛГІЛІ

Бірінші вице-премьердің қызметіне қоғам көбірек назар аударады, сондықтан Роман Скляр жиі жаңалықтарда көрініс табады. Бірақ оның қатысуымен болған даулар өте сирек. 2022 жылы Склярдың сыншылары оның ағасы полиция генералы атағын алған кезде шу көтерді. Мұнда тұспал айқын болды – Василий Скляр атақты алуының себебі Роман Скляр үкіметте отыр десті кейбіреулер. Бұл нұсқаның негізі болар еді, бірақ ағасының полициядағы мансабы оның вице-премьер ретіндегі мансабымен параллель өскен емес.

Ағалы-інілі Склярлардың мансабын байланыстыратын – Павлодардағы қызметтері ғана. Ағасы Павлодарда полицияда жұмыс істей бастаған уақытта Роман қала әкімінің орынбасары болған. Болашақ генерал полицияда инспекторы болып жұмысын бастады, тек жиырма жылдан соң облыстық полиция департаментінің бастығы лауазымына жетті. Сондықтан Роман Склярдың ағасын жылжытуға белсенді қатысқанын айту қиын, себебі ол ішкі істер министрлігіндегі құрылымдарға әсер етуі неғайбыл.

СӘТСІЗДІГІ 

Склярдың жұмысындағы үлкен сәтсіздіктердің бірі – Екібастұздың жылусыз қалуы. Қалай болғанда да, жылыту маусымына дайындық оның міндеттеріне кірген, қазір де солай. Ондағы апат пен Ридереде болған жағдайды үкімет аймақ билігімен бірге әупірімдеп шешті. Бұдан кейін үкімет қимылдай бастады, ескі коммуналдық проблемаларға назар аударды. Келесі қыста ерекше жайттар болмады.

Роман Склярдың жауапкершілігіне үкіметтің энергетика саласынан бастап қорғаныс өнеркәсібіне дейінгі 12 бағыты кіреді. Ең маңызды бағыттарды қарастырайық.

Энергетика

Осы жылдың соңына дейін ресейлік компания Қазақстанның үш қаласында – Семей, Көкшетау және Өскеменде ЖЭО құрылысын бастауға тиіс. Жаңа энергетикалық нысандардың пайда болуы бұл қалалардың тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету мәселесін шешеді. Бірақ жаңа ТЭЦ-тің іске қосылуы 2027 жылдан бұрын болмайды.

Скляр сонымен қатар Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесін қадағалайды. Қазір құрылысқа кім жауапты болатыны белгісіз, бірақ үш ай ішінде мердігер анықталады. Қазірдің өзінде уранды стратегиялық қор жасау туралы шешім қабылданған, бұл болашақ АЭС-тің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.

Орман шаруашылығы

Абай облысындағы орман өртінен кейін, орманшылар бюджеттен қажетті қаржыны алуды тоқтатты. Техникалық жабдықтауға арналған шығындар үш есе артты, 52 млрд теңгеге жетті.

Өнеркәсіп және инвестициялар

Былтыр өңдеуші өнеркәсіптің ЖІӨ-дегі үлесі 13% болды, биыл бұл көрсеткіштің өсімі күтіледі. Скляр үкіметтегі инвестициялық штабты басқарады және алғашқы нәтижелері де бар. Қазақстанға бірнеше ірі компаниялар келді.

Қорытындылай келе, Роман Скляр өз жұмысын жақсы атқарып жатыр деп айтуға болады. Сонымен қатар, ол өзін «мәңгі вице-премьер» рөлінде жайлы сезінетін сыңайлы.