Алматыда Шешенстан билігін сынаған белсенді ұсталды

Сымбат Сатыбалдина
Ашық дереккөзден

Алматыда шешен ұлтының өкілі, белсенді Мансур Мовлаевтің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Азаттық радиосына өзін оның танысы ретінде таныстырған қала тұрғыны айтқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“КӨМЕКТЕСІҢДЕР”

Тұрғынның айтуынша, оқиға 13 мамыр кешкі уақытта болған.

- Ол бізге хабарлама жіберіп, “Мені ұстады. Бауырлар, көмектесіңдер” деді. Қайта хабарласқанымызда телефоны өшірулі болды. Полициядағы танысымыз оның Ресейде іздеуде жүргенін айтты. Соңғы 1,5 жыл бойы Алматыда тұрғанын білемін. Шешенстан билігін сынап жүрген белсенді екенін біз де тек ұсталғаннан кейін ғана білдік. Онымен бірге бірнеше рет бас қосқан едік. Егер оны Шешенстанға қайтарса, өлім қаупі туатыны анық. Сондықтан бұл іске құқық қорғау ұйымдарының араласуын қалаймыз, – деді аты-жөнін атамауды сұраған азамат.

РЕСМИ ЖАУАП ЖОҚ

Мовлаевтың ұсталғанын растайтын өзге дереккөз табылмады. Алматы қалалық полиция департаменті де бұл жөнінде түсініктеме берген жоқ.

РЕСЕЙДІҢ ҚЫСЫМЫ

«Настоящее время» арнасының жазуынша, 2023 жылы Мансур Мовлаев Қырғызстанда жүрген кезінде Ресейге экстрадиция қаупі туындаған. Осыдан кейін ол елден кетуге мәжбүр болған. Сол уақытта ол әлеуметтік желіде Ресей билігі өзіне қысым жасау үшін бауырлары Зелимхан мен Хамзатты ұстағанын жазған.