Тіршіліксіз теңіз: Экологтар Каспий теңізінің жағдайына алаңдап дабыл қақты

Ulysmedia
ulysmedia коллажы

Жобалар, конвенциялар, халықаралық бағдарламалар осы уақытқа дейін Каспий теңізі мәселесін шешуге арналған алуан түрлі бастама көтерілді. Алайда теңіз уақыт өткен сайын таязданып, артында тіршіліксіз жағалаулар қалдырып барады. Бұл теңіздің жағасында тұратын адам үшін ғана емес, бүкіл аймақ үшін маңызды мәселе. Экологтардың пікірінше, Каспийдегі күрделі жағдайдың басты себебі – оны сақтауға бағытталған бастамалардың іс жүзінде жүзеге аспай, тек қағаз күйінде қалуы. Ал жаңа жоспарлар іске аса ма, жоқ па ол да белгісіз.

Ulysmedia.kz тілшісі «Каспий экологиясы — сын-қатерлер мен шешімдер» атты халықаралық конференцияда теңізді қалпына келтіру жөніндегі ұсыныстарды тыңдап, олардың қаншалықты шынайы екенін анықтауға тырысты.

2006 жылдан бастап Каспий теңізі мен оның айналасындағы ортаны ластанудан қорғауға арналған негіздемелік конвенция күшіне енді. Бұл құжат Тегеранда қабылданған болатын. Сол уақыттан бері бес бірдей Каспий маңындағы мемлекет жыл сайын 12 тамызда Халықаралық Каспий күнін атап өтеді.

Каспий – кәріз суын төгетін ыдыс емес.

Каспий теңізі Аралдың қайғылы тағдырын қайталағандай, күн санап тартылып барады. Экологтар жыл сайын дабыл қағуда: қауіп – тек теңіздің өзіне немесе онда тіршілік ететін балықтар мен жануарларға ғана емес, онымен тағдыры тығыз байланысты миллиондаған адамның әл-ауқатына да төніп тұр. Бұл тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл аймақтың ортақ мәселесі.

Мамандардың айтуынша, бұл апаттың басты себебі – адамның өзі. Немқұрайлық, жауапсыздықжәне келе жатқан қатерді мойындаудан бас тарту Каспийді жоюға алып келе жатыр.

– Су алақанымыздың арасынан сырғып, көз алдымызда жоғалып барады. Экологиялық, экономикалық, әлеуметтік мәселелер қатар келуде. Бұл – толығымен адам қолымен жасалған апат. Дәл Арал теңізіндей. Адамдар Каспий теңізі мәңгі өмір сүретіндей қарайды. Бірақ Каспий – қайта-қайта пайдалана беретін кәріз суының ыдысы емес. Ол – жүздеген бірегей өсімдік пен жануар түрінің мекені, ауыз судың көзі. Егер теңіз жойылса, бұл – тек аймақтық емес, жаһандық деңгейдегі апатқа айналады, – деді Save the Caspian Sea ұйымының негізін қалаушы Вадим Ни.

Жағдай қаншалықты қиын?

Каспий теңізінің жағалауында Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан және Иран орналасқан. Save the Caspian Sea ұйымының деректеріне сүйенсек, теңіздегі су деңгейі жыл сайын орта есеппен 70 сантиметрге төмендеп жатыр. Қазақстанның кейбір аймақтарында жағалау сызығы 18 шақырымға шегініп кеткен. Ғалымдардың болжауынша, ғасырдың соңына дейін теңіздің деңгейі тағы 18 метрге төмендеуі мүмкін. Бұл — апатты жағдайға алып келеді.

– 2024 жылы Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде су деңгейі 2023 жылмен салыстырғанда 26 сантиметрге төмендеп, Балтық жүйесі бойынша -29,12 сантиметр белгісіне дейін түсті. Біздің синоптиктердің мәліметінше, Каспий маңындағы климат Қазақстанда өзге аймақтарымен салыстырғанда әлдеқайда жылдам жылып жатыр. Бұл – судың булану процесін күшейтеді. Сонымен қатар, теңізді қоректендіретін өзендердің ағысын реттеу де үлкен рөл атқарады. Ғалымдардың болжауынша, 2050 жылға қарай теңіз деңгейі тағы 3-тен 5 метрге дейін төмендеуі мүмкін, – деді ҚР Экология министрлігі жанындағы Экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры Дәулет Есмағамбетов.

Оның айтуынша, мамандар 2006 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта Каспий теңізінің жағалау сызығын салыстырған. Осы уақыт ішінде жағалау шамамен 15-тен 30 шақырымға дейін кейін шегінген.

Президенттің реакциясы және 800 млн теңгелік жоба

2022 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізін зерттейтін ғылыми-зерттеу институтын құруды тапсырған болатын. Араға үш жылға жуық уақыт салып, салалық ведомство бұл тапсырманы орындауға кірісті.

– Институтты қаржыландыруда белгілі бір қиындықтар болды, бірақ қазір ол мәселелер шешілді. Алдағы күндері ғылыми-зерттеу институтының ашылуы, жауапты тұлғалардың тағайындалуы күтілуде. Жабдық сатып алуға жергілікті бюджеттен 518 млн теңге бөлінсе, штаттың жалақысы мен қызметін қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 328 млн теңге қарастырылған, – деді Дәулет Есмағамбетов.

Келісім сөз күйінде қалды ма?

Каспийдің тартылуы тек Қазақстан үшін ғана емес, оған іргелес барлық мемлекеттер үшін де аса өзекті әрі ауыр мәселе. Осыдан тура 20 жыл бұрын Каспий теңізін қорғауға бағытталған Тегеран конвенциясына Каспий жағасындағы бес мемлекет қол қойған болатын. Алайда бұл құжаттың нәтижесі немесе тиімділігін көрсететін нақты жетістіктер байқалмай отыр. Экологтардың айтуынша, қағаз жүзіндегі уәделер іс жүзінде орындалмай, теңізді аман алып қалуға бағытталған нақты қадамдар әлі күнге дейін қолға алынбаған.

Тіршіліксіз теңіз

Экология министрлігінің департамент басшысы Каспий теңізінің толық жоғалып кетпей, қайта қалпына келуіне үміт бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, теңіз деңгейінің ауытқуы белгілі бір табиғи циклдерге байланысты болуы мүмкін.

– Менің ойымша, теңіздің қайта қалпына келуіне мүмкіндік бар. Су деңгейінің өзгеруі – табиғи құбылыс. Мысалы, ең төменгі деңгей 1977 жылы тіркелген, содан кейін теңіз көтеріліп, соңғы 10 жылда қайтадан төмендеп келеді. Біз бұл құбылысты белгілі бір циклдің бір бөлігі деп үміттенеміз. Дегенмен, антропогендік факторларды да естен шығаруға болмайды, – деді ол.

Қырық-елу жыл ішінде Каспийде кейбір балық түрлері жойылып кетті, кейбір теңіз жануарларытүсініксіз себептермен қырылып жатыр.

– Бұл ғасырда Каспий толық жоғалып кете қоймас. Біз де ондай жағдайды күтпейміз. Дегенмен, оның толығымен тіршіліксіз теңізге айналуы қауіпі бар. Бір буын ұрпақ алмасқан кезде бекіре балығы жоғалтып алдық. 1990 жылдары бекіре балықтары болған, ал қазір балықтың басқа түрлер де азайып барады. Біз Каспий ит балықтарынан айырылып қалуымыз мүмкін, – деп ескертеді Вадим Ни.

Кемелер мен мұнай кәсіпорындары теңіз жануарлары үшін зиянды мұнай дақтарын қалдырады. Экологтар мұндай әрекеттер үшін қатаң жазалау қажет деп санайды, тек деректерді тіркеумен шектелмеу керек.

– Қазір Қарашығанақ, Қашаған және Теңіздегі арнайы инвестициялық келісімдердің экологиялық шарттарын ашуға байланысты сот процестері жүріп жатыр. Біз ашықтықты талап етеміз. Мұнай компаниялары естуі тиіс: алтын жұмыртқа беретін тауықты өлтіруге болмайды. Каспийді құтқару – олардың да мүддесіне сай, – деді Вадим Ни.

Вадим Нидің пікірінше, басты проблема – мұнай өндіретін компаниялар. Эколог Галина Чернова да мұнай компанияларын сынай сөйледі.

– Олар, ақылды адамдар ретінде, «Жоқ, біз де Каспийді сақтау жағындамыз» дейді. Бірақ бүгінгі күні мұнай өндіру қалай жүргізіліп жатыр және біздің елде қандай шешімдер қабылдануда? Атап айтқанда, рұқсат құжаттары мен ойын ережелері, олардың Каспийді сақтап қалғысы келетіндеріне күмән тудырады. Өйткені, менің ойымша, бәрі теңіздің Қазақстан жақ бөлігінбатыру үшін жасалып жатыр. Кейін оған реквием де жарияланбайды, – деді Чернова.

Бір қызығы, мұнай компаниялары Каспий теңізінің проблемаларына қатысты түрлі зерттеулержүргізеді. Алайда экологтар олардың нәтижелеріне сенбейді. Олар компаниялар мұны өз мүдделерін қорғау үшін жасап отыр деп күдіктенеді.

Неге бұл мәселе бұрын айтылмады?

– 1990 жылдарға дейін дағдарыстық жағдай туралы айтылмайтын. Теңіз деңгейі көтерілді. Дегенмен, қауіптің бар екенін түсінді. Менің ойымша, дамудың белгілі бір кезеңінде әрбір мемлекет экономикалық мәселелерге басымдық береді. Сол кезде мұнай барлық экологиялық салдардан әлдеқайда маңызды болып көрінді, ал қазір біз жағдайдың өте күрделі екенін көріп отырмыз, – деді Вадим Ни.

Жол картасы

Save the Caspian Sea қозғалысы Каспий маңы елдерін біріктіру мақсатында жол картасын әзірлеген. Құжатта Каспий маңы елдерінің экологиялық саясатын үйлестіру, ғылыми зерттеулерді дамыту және мәліметтер алмасу, экожүйені қалпына келтіру жобаларына инвестициялар тарту, өнеркәсіптік қалдықтарға бақылауды күшейту, биоалуантүрлілікті және сирек кездесетін түрлерді қорғау ұсыныстары айтылған. Құжаттың қорытынды нұсқасын олар Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдамақ.