Эфир қатып, сайт құлады: қазақстандықтар "Қайрат" матчын әрең көрді

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Интернет пе, әлде мемлекеттік арналар ма – «Қайрат – Реал Мадрид» матчының нашар көрсетілімі Қазақстандағы жанкүйерлердің жаппай наразы болуына және Мәжіліс депутаттарының қызығушылығына себеп болды. Бірақ бұл туралы халық қалаулылары тек кулуарда айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сарапшылардың бір бөлігі туындаған проблемаларды көрермендер ағымына төтеп бере алмаған интернет-провайдерлермен байланыстырса, екінші бөлігі – инфрақұрылым мен трансляция құқықтарын дұрыс дайындамаған мемлекеттік арналарды кінәлайды. Мәжілістегі пленарлық отырыстан кейін депутат, «Қазақстан» теле-радио корпорациясында редактор әрі тележүргізуші болып қызмет еткен Наталья Дементьева барлық кінә интернетте, дәлірек айтқанда оның үзілістерінде екенін мәлімдеді.

– Бізге үнемі интернетте проблема жоқ деп есеп береді, ал интернеттің сапасы – олардың жауапкершілігінде. Сұрақты соларға (провайдерлерге – авт.) қою керек. Бұл халықаралық деңгейдегі матч болды, ал мен қатардағы футбол жанкүйерімін, көргім келді. Қазақстандылықтар мұндай жағдайға наразы болды, бұл жол беруге болмайтын дүние. Мұның бәрі біздің имиджімізге әсер етеді. Мұндайға жол бермеуіміз керек, тиісті органдар мұны назарға алуы тиіс, – деді Наталья Дементьева.

Депутат Айдос Сарым да матчы әрең көргенін мойындады.

– Кеше үйде сигнал жоғалды, телевизиялық трансляция үзіліп қалғандықтан, ұялы телефон арқылы көруіме тура келді, – деді ол.

Кім жауапты – интернет-провайдерлер ме әлде мемлекеттік арналар ма деген сұраққа Сарым анықтау керек екенін айтты.

– Мұны анықтау қажет, біздің әріптестеріміз мәдени-әлеуметтік даму комитетінен министр келесіде келгенде осы сұрақтарды қояды деп ойлаймын. Бізде жанкүйер көп болды, алайда көпшілігі бара алмады, – деді Айдос Сарым.

Ол «жүктеме жоғары болды, бұл біздің сервистерге қойылатын сұрақ» екенін айтты.

– Еуропада бұл матч көрсетілді, адамдар тамашалады. Матчты ұйымдастыруға қатысты да сұрақтар болды, бірақ жалпы алғанда тәжірибе жетіспейді, – деп толықтырды депутат.

Бұған дейін Ulysmedia.kz Чемпиондар лигасындағы алматылық «Қайраттың» матчы мадридтік «Реалдан» 0:5 есебімен ойсырай ұтылумен ғана емес, бүкіл елдегі жанкүйерлердің көру барысында қиындыққа тап болуымен есте қалғанын хабарлаған еді. Qazaqstan және Qazsport арналарын көрермендердің ағымы көтере алмай, сайттары істен шықты. Кейбіреулерге матчы көру үшін шұғыл түрде шетелдік жазылым сатып алуға тура келді. Мемлекеттік телеарналарға жыл сайын бөлінетін миллиардтаған теңгеге қарамастан, мұндай ақаулар қайталанып, онлайн-трансляциялар ең жауапты матч кезінде қолжетімсіз болып отыр. Көптеген жанкүйер мемлекеттік арналарға қатысты қатаң шара қолдануды талап етіп, оларды маңызды спорттық оқиғаларға дайын болмағаны үшін айыптады. Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру көлемі 62,8 млрд теңге болды. Оның ішінде шамамен 60,5 млрд теңге мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа, яғни Qazaqstan және Qazsport арналарына бөлінді. 2025 жылға бюджет көлемін 66 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланған.