Цифрлық болашақ жайлы айтылған әдемі сөздер, Павел Дуровтың зертхана ашу жоспары, Тоқаевтың реформалары – бәрі бір сахнада. Ал дәлізде – кіре алмай қалған журналистер, интернет іздеген репортерлер, шектен тыс күзет. Digital Bridge 2025 осы контрастымен есте қалды.
ПРЕЗИДЕНТТІҢ АМБИЦИЯСЫ
Тоқаев форумды ашқанда Қазақстанды үш жылда толық цифрлық мемлекетке айналдыруды міндет етті. Барлық заңдар электронды форматқа көшеді, жаңа Жасанды интеллект министрлігі құрылады. Жаңа ведомствоға әлемдік деңгейдегі Alem.AI орталығын іске қосу жүктелді. Президенттің сөзі – елдің «Generative Nation» концепциясына қадам.
Қазақстанда цифрлық инфрақұрылымды жаңғырту барысында қолданылып жатқан жаңа технологиялар билікке азаматтарды бақылау мүмкіндігін де арттыруы мүмкін деген пікірлер бар қоғамда. Сарапшылар мұндай жүйе оппозициялық көзқарастағы белсенділерді аңдуға және сөз бостандығын шектеуге жол ашуы ықтимал екенін ескертеді. Мәселен, кейбір белсенділердің әуежайда арнайы жүйе арқылы ұсталғаны айтылып жүр.
Форумда Telegram негізін қалаушы Павел Дуров форумы барынша қызу талқыға түскен спикерлердің бірі болды. Ол Астанада Telegram-ның жасанды интеллект зертханасы ашылатынын жариялады. Орталық Alem.AI алаңына орналаспақ, алғашқы жоба суперкомпьютерлік кластердің коллаборациясы ретінде іске қосылады. Бұл бастамаға ЖИ министрлігі сүйемелдеу көрсетеді.
ЖАҢА КЕЛІСІМДЕР МЕН СТАРТАПТАР
Форум аясында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Bybit Kazakhstan пен Biometric.Vision стартапы арасында келісім жасалып, енді қаржы операцияларында биометриялық сәйкестендіру қолданылатын болады.
Сонымен бірге БҰҰ-ның Human Development Report 2025 таныстырылды. Бұл баяндамада жасанды интеллекттің адам дамуына ықпалына ерекше назар аударылды.
Astana Hub Battle мен Generative Nation Pitch алаңдарында жас ғалымдар өз жобаларын қорғады. Қазақтың мектеп оқушылары халықаралық байқауда 25 мың доллардан жүлде ұтып алып, жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды.
ФОРУМДАҒЫ ӘЗІЛДЕР
Шараның жарық жұлдызына айналған Павел Дуров форумның алғашқы күнінде қатаң күзетпен сахнаға шығып, қазақ қыздарына қатысты қалжыңдады.
– Көптеген табысты адамдар Қазақстанға келіп, осында жар табуға болатынын айтты. Өкінішке қарай, мен бұл мақсатпен келген жоқпын. Мен мұнда жасанды интеллект туралы сөйлесу үшін келдім, – деді Дуров.
Алайда, бизнесменің бұл сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Блогер Әйгерім Құсайынқызы миллиардерге жауап қатып:
– Қазақстан “жар базары” емес, идеялар елі. Қыздарымыз объект емес, өзгерістердің жаңа агенті. Біз экспорттайтынымыз – білім, технология және адам құқықтарына құрмет, – деп жазды.
Сондай ақ, көптің көңілін аудартқан маңызды тұлғалардың бірі-әзілқой Нұрлан Сабуров.
Ол Дуровтан «Ұлттық тағамнан дәм таттыңыз ба — бешбармақ жедіңіз бе?» деп сұрағанда, бизнесмен «Жоқ. Барлығыңызға сәттілік. Қызық болады деп үміттенемін», – деді. Бұл әзіл-диалог форумның ресми тонусын бір сәтке шоуға айналдырды.
Расында бұл күні мыңдаған студент бизнесменді көру үшін билет сатып алып, алаңға кіру үшін сағаттап кезекте тұрды. Кейбірі тіпті қолтаңба беруді арнайы плакатқа жазып, дайын келген.
ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ЖАНАЙҚАЙЫ
Ал форумның ұйымдастырылуына қатысты сұрақ көбейді. ЖИ және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, биылғы Digital Bridge мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылмаған, іс-шара толық демеушілер есебінен өткен. Бірақ демеушілер шығыны қанша екені жария болмады — нақты сомаға қатысты ақпаратты министрлік ресми сауалмен ғана беретінін жеткізді. Бұл ашықтықтың жеткіліксіздігін көрсетті.
Журналистердің Final Battle финалы алдындағы жағдайға байланысты наразылығы күшейді. Кіру есігінде волонтерлік сүзгі күшейтіліп, көп тілші бейджімен кіре алмай қалды. Салдарынан қарбалас туып, «финалды толыққанды түсіруге мүмкіндік бермеді» деген шағым көбейді. Бұл шара сағат 16:00-де басталуы тиіс еді, алайда залға өту процесі созылып, тәртіптің қатаюы БАҚ жұмысына кедергі болды.
Сол сағаттарда тілшілер чатында бірінен соң бірі мынадай сөздер тізбектелді:
Ал енді бірі:
Форумның басты парадоксы – технология жайлы айтылып жатқанда интернеттің істемей қалуы. Репортерлер:
Бұл шағымдардың ортақ өзегі — ақпаратқа қолжетімділік пен жұмысқа кедергі келтірген регламент. Бұған қоса, зал ішінде қауіпсіздік шектеуі тым күшейтілді. Есік алдын ондаған күзетші қарауылдап, фотоға түсіру мен сұрақ қоюға тыйым салынған.
ФОРУМНЫҢ ҚОС ҚЫРЫ
Digital Bridge 2025 бір мезетте екі түрлі бейнеде көрінді. Бірі – реформалар, зертханалар, жас таланттардың жеңісі. Екіншісі – ұйымдастырудағы олқылықтар, ашулы журналистер мен интернетсіз форум.
Қазақстан шынымен «Generative Nation» болғысы келсе, тек жасанды интеллектке ғана емес, ұйымдастыру мәдениетіне де интеллект керек екені анық көрінді.