Әйел тәжі және қызғаныш: Олжас Байділдиновтің 500 теңгелік жолақы туралы пікірі кімдерге жақпады?

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Мұнай-газ нарығының сарапшысы Олжас Байділдинов қоғамдық көліктегі жолақыны 500 теңгеге дейін көтеру жөніндегі ұсынысынан кейін өзіне айтылған сындарға жауап берді. Ол Ulysmedia.kz тілшісіне берген сұхбатында бұл дауды «әйелі Үндістандағы халықаралық байқауда жеңіске жеткенін тасада қалдырғысы келген адамдар» әдейі өршіткенін айтты.

Еске сала кетсек, Байділдинов Telegram-арнасында Астана мен Алматыдағы автобус жолақысын 500 теңгеге дейін қымбаттату қажет деген болатын. Ол мұны көлік компанияларының шығынға батуымен, инфляцияның бірнеше ондаған пайызға өсуімен және мемлекеттік субсидиялардың ашық бөлінбеуімен түсіндірген. Алайда жұртшылық экономикалық тұжырымнан гөрі автордың жеке басы мен өмір салтын көбірек талқылап кетті.

Қызғаныш пен бот-фермалар

Байділдиновтің айтуынша, оның пікірі жарияланғаннан кейін бір апта бойы «ыңғайлы сәтті күтіп отырғандар» әдейі ушықтырған.

– Әрине, біреудің қуанышына іштарлық қылатындар бар. Біз Үндістаннан оралған күні шабуыл басталды. Сол күні менің жұбайым – Ақтөбеден шыққан қазақстандық әйел халықаралық беделді байқауда жеңіске жеткен еді. Бірақ ешбір БАҚ бұл туралы жазған жоқ. Қазақстан сол жарыста бірінші орын алды, – деп жазды Байділдинов Telegram парақшасында.

Ол мұндай шабуылдарға үйреніп кеткенін де айтты.

– Жалпы, мұндайға баяғыдан бойым үйреніп кеткен. Бұл мен үшін «әдепкі сейсенбі». Соңғы екі күннен бері менің әлеуметтік желілеріме бот-фермалар шабуыл жасап жатыр, – деді ол.

3,2 млн теңгелік Gucci

Жолақыны көтеру туралы ұсыныстан бөлек, әлеуметтік желі қолданушылары Байділдиновтің қымбат киімдерін де талқылады. Threads және басқа платформаларда оның Guccі-дің 3,2 млн теңгелік күртешесі мен Louis Vuitton-ның 556 мың теңгелік жейдесін киген суреттері тарап кетті.

– Осы адам Астана мен Алматыда жолақы 500 теңге болуы керек дейді. Фотолардағы бағаларға қарасақ, ол қоғамдық көлікке мініп жүрген адамға ұқсамайды. Ақшадан қысылып отырғаны да байқалмайды. Осындай мәлімдемені айта салуы соның дәлелі, – деп жазды блогер Қанат Оспанов.

Кейбір қолданушылар сарапшының табыс көзіне күмән келтірді.

– Мына күртенің бағасына он жыл автобуспен жүруге болады. Неге құзырлы органдар оның табыс көзін тексермейді? – деп ашуланды пікір қалдырушылардың бірі.

Көпшілік Байділдиновтің байлығын ашық көрсетіп өмір сүретін адамның қарапайым халыққа ақыл айтуы екіжүзділік пен шындықтан алшақ әрекет екенін айтты. Алайда сарапшының өзі Ulysmedia.kz тілшісіне берген жауабында «маған бәрібір» деп, сынға қарсы “иммунитеті” барын жеткізді.

– Егер адамдардың өмірінде талқылайтын басқа нәрсе қалмаса, өздері көңіл көтеріп жүрсін, – деді ол.

Байділдиновтің айтуынша, қазір оның және жұбайының Instagram парақшаларына шабуыл жасалып, тіпті балалардың суреттері жарияланып жатыр.

– Мұндай жағдайларды байқаған сайын әлеуметтік желі әкімшілігіне шағымданып жатырмыз, – деді ол.

Мемлекетпен байланысы жоқ

Мемлекеттік қызметпен байланысы бар ма деген сұраққа ол нақты жауап берді:

– Мен мемлекеттік қызметте істемеймін, соңғы он жылда мүлде жұмыс істеген жоқпын. Кейде мені «бұрынғы министр кеңесшісі» деп жазады, оған жалақы төленбейтін, штаттан тыс қызмет болған. Мен декларация тапсырамын, табысымды ашық көрсетемін. Тек жеке компанияларда еңбек етіп, инвестиция жасап, табыс табамын. Егер мен шенеунік болсам, мұндай заттарды сатып алуға да, көрсетіп жүруге де хақым болмас еді, – деп түсіндірді Байділдинов.

Ол өз шығындарында оғаш ештеңе жоқ екенін айтты.

– Егер сіз де қырық жасыңызда еңбек етіп, осындай нәрселерді сатып ала алсаңыз, несі жаман? – деп сұрады сарапшы.

Көлік экономикасы

Дауға қарамастан, Олжас Байділдинов қоғамдық көлікке қатысты өз ұстанымынан бас тартпай отыр. Ол бұл пікірлерін бұған дейін де айтқанын атап өтті.

– Қоғамдық көлік пен жолақы туралы мен айтып жүрген тұжырымдар 7 қазанда пайда болған жоқ. Бұл туралы мен сәуір айында да айтқанмын. Бұл сандарды да мен емес, Астана мен Алматы қалалық мәслихаттарының сессияларында айтып жүр, – деді Байділдинов.

Оның айтуынша, Петропавл қаласында жолақының өзін-өзі ақтайтын мөлшері – 345 теңге, ал тұрғындар қолма-қол төлемсіз бар болғаны 100 теңге төлейді. Алматыда өткен соңғы мәслихат сессиясында 450 теңге көлеміндегі баға аталған.

– Экономиканы түсінетін адамдар біледі: қоғамдық көліктің жолақысы 4 жыл бойы өзгермесе, осы уақыттың ішінде ресми инфляция деңгейі 40–50 пайызға жетеді. Демек, тариф қайта қаралуы керек, – деді сарапшы.

Байділдинов Қазақстандағы көлік саласындағы жағдайды «жарамсыз үшбұрыш» деп атады.

– Біз қазір жарамсыз үшбұрышта тұрмыз. Қоғамдық көлік сапасыз, сондықтан адамдар көлік сатып алғысы келеді. Соның кесірінен жыл сайын кептеліс көбейеді, себебі жолдар кеңеймейді. Такси қымбат, өйткені адамдар қоғамдық көлікті пайдаланғысы келмейді, – деді ол.

700 миллион доллар

Байділдиновтің басты уәжі – қоғамдық көлікке бөлінетін мемлекеттік субсидиялардың ашық бөлінбеуі.

– Мысалы, Алматыда қоғамдық көлікке бөлінетін субсидиялар жылына шамамен 200 миллион доллар. Астанада да аз емес — шамамен 80 миллион доллар. Жалпы ел бойынша бұл көрсеткіш 700 миллион доллар шамасында. Бұл қаржының бөлінуі ашық емес, – деді ол.

Осы себепті сарапшы мынадай шешім ұсынады.

– Бұл жағдайды түбегейлі өзгерту керек. Бұдан басқа жол жоқ. Нарыққа еркіндік беріп, жемқорлыққа жол ашатын жабық субсидияларды алып тастау қажет, – деді Байділдинов.

Ол 500 теңгелік тариф туралы ұсыныстың қазіргі сапаны сақтап қалу дегенді білдірмейтінін түсіндірді.

– Адамдар 500 теңгені көріп, оны қазіргі лық толы автобустармен байланыстырады. Мен керісінше, бұл жерде жеке сектор болуы керек деп айтып жүрмін. Бұл ашық нарық пен ашық бәсеке болуы тиіс. Мемлекеттік субсидиясыз, – деді сарапшы.

Оқиға қайталана ма?

Қоғам Байділдиновтің бұрынғы даулы мәлімдемелерін де еске алды. 2022 жылдың қаңтарында ол автогаз бағасының өсуіне наразы адамдарға «қоғамдық көлікке ауысыңдар» деп кеңес берген болатын. Ол кезде отынның 15-20 теңгеге қымбаттауын «елеусіз сома» деп атаған еді.

– Жақында ол мұнай-газ келісімдерін ресейлік компаниялардың пайдасына қайта қарау туралы да айтқан. Ал бұл сол адам емес пе еді, қаңтар оқиғалары кезінде автогаз бағасына наразы жұртқа автобусқа мінуді ұсынған? Қызық ирония емес пе? Бағаға наразы болсаң, егер оның ұсынысы өтсе, автобуспен жүру газы бар көлік айдаудан да қымбатқа түспек, – деп жазды блогер Қанат Оспанов.

Энергетика министрлігінің мәлімдемесі

ҚР Энергетика министрлігі Байділдиновтің пікірінен бірден іргесін аулақ салды. Ведомство ресми мәлімдемесінде былай деді:

– Олжас Байділдинов Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі емес. Қоғамдық көлік тарифтерін қалыптастыру жөніндегі айтылған пікірлері – жеке көзқарасы, сарапшылық пікірі және ол Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының ресми ұстанымын білдірмейді, – делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ министрлік тарифтерді қалыптастырумен энергетика министрлігі емес, әкімдіктер айналысатынын еске салды.

Шабуылды кім ұйымдастырды?

Байділдинов БАҚ пен әлеуметтік желілердегі бұл ұйымдасқан шабуылды нақты адамдардың, мүмкін, субсидиялардың ашық бөлінуін қаламайтын топтардың әрекеті деп санайды.

– Мүмкін біреулер өз қаржы ағынын жоғалтқысы келмейтін шығар, сондықтан осындай шабуыл ұйымдастырған болар. Уақыт өте бәрі белгілі болады. Құпияның бәрі ашылады, қаңтарда да солай болған, – деді сарапшы.

Сонымен бірге ол билікке деген адалдығын атап өтті.

– Мен әрқашан президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдаймын. Мемлекет басшысын, үкіметті және елді үнемі сынайтын жалған оппозиционерлерге қарсы тұратын адамдар Қазақстанда болғаны дұрыс деп санаймын, – деп жазды ол Telegram парақшасында.

Болжамдар расталды ма?

Байділдинов өз болжамдарының уақыт өте дәлелденіп жүргенін айтты.

– Мен 2013 жылы бізде табиғи газ тапшылығы болатынын айтқанмын. 2020 жылы Қазақстан президенті бұл тапшылықтың расында бар екенін растады. Осы жылдары газ бағасы да, жанармай бағасы да өсті. Сондай-ақ мен электр энергиясы екі есеге қымбаттайды дегенмін — қазір шамамен 1,5 есеге өсті. Қоғамдық көлік те қымбаттайды, – деді ол.

Дегенмен қазақстандықтар ашықтық пен сапа үшін жолақыны төрт есе көп төлеуге дайын ба деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Ал Байділдиновтің ұсынысы экономикалық қисыннан туындаған ба, әлде автобусқа мінбейтін және 3,2 миллион теңгелік Gucci күртеше киетін адамдардың шынайылықтан алшақ ойының көрінісі ме?