Адвокаттар Анар Құсайынова мен Қуаныш Төлегенов бірнеше айдан бері Бас прокурор Берік Асыловтың жеке қабылдауына кіре алмай жүр. Олардың Асыловқа айтсақ дейтін асыл арманы бар. Сот үкіміне кассациялық тәртіппен наразылық білдіру туралы өтінішке бас прокуратураның бас тартуы және кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға рұқсат бермеуі Бас прокурордың есігіне телмірткен.
Алайда адвокаттар күткендей қабылдауға шақыру не ресми бас тарту орнына Құсайыноваға мүлдем басқа сұрау бойынша шығарып салма жауап келген. Мұндай өрескел әрекетке наразы болған қорғаушы прокуратураны сотқа берді, себебі ол мұны заңды өрескел бұзу деп санайды. Егер сот адвокаттың талабын қанағаттандырса, бұл шешім Қазақстандағы барлық азамат үшін маңызды құқықтық прецедентке айналуы мүмкін.
Қарама-қайшылықтар ойыны
Ulysmedia.kz тілшілері қатысқан соттың алдын ала тыңдауында бәрі күтпеген әсер қалдырды. Әдетте сот ғимараттарына кіру кезінде қатаң тексеріс жүргізіледі, ал бұл жолы ешқандай тосқауыл да, сұрақ та болған жоқ. «Тыңдайтын мемлекет» деген ұғым дәл осылай жұмыс істеуі керек шығар, өйткені азаматтар сот отырыстарына еркін қатыса алады. Бірақ осы ашықтықтың аясында судья Жанар Дүйсенова қарап жатқан іс нағыз бюрократиялық түйіннің көрінісі сияқты.
Адвокаттар Құсайынова мен Төлегенов жазда Бас прокурордың жеке қабылдауына жазылып, өтініш жіберген. Олардың айтуынша, Талғат Ермегияевті шартты түрде босатуға рұқсат берілмегені заңсыз, өйткені «ЭКСПО» ісі бойынша жәбірленуші тарап — «QazExpoCongress» компаниясы да шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға қарсы емес, ал қоғамда танымал бірнеше тұлға Ермегияев үшін кепіл болуға дайын.
Сонымен қатар адвокаттарда оның кінәсіздігін дәлелдейтін жаңа деректер бар, сол себепті олар Бас прокурордың атына кассациялық наразылық енгізуді сұраған.
– 9 шілдеде біз заңды күшіне енген сот үкімі мен өзге шешімдерге кассациялық наразылық білдіру туралы өтініш жібердік. 21 шілдеде Бас прокурордың жеке қабылдауына жазылу жөнінде тағы хат жолдадық. Бірақ 9 шілдедегі хатқа келген формалды жауап 10 қыркүйекте дәл сол күйінде жеке қабылдау өтінішіне де қайталанып келді, – дейді Анар Құсайынова.
Оның айтуынша, екі жауаптың мәтіні нүкте, үтіріне дейін бірдей, тіпті шығыс нөмірі де бірдей болған. Ал өтініштерді қараған бөлімдер мен олардың мазмұны әртүрлі.
– Мен Бас прокуратура қызметкерлерін әрекетсіздігі мен адвокат қызметіне кедергі келтіргені үшін жауапқа тартуды талап етемін. Бұл істе мен тек өз атымнан емес, құқықтары бұзылған сотталған адам атынан әрекет етіп отырмын. Оның Конституция бойынша Бас прокурордың қабылдауына жазылуға құқығы бар. Ал прокуратура қызметкерлерінің немқұрайлылығы оны бұл мүмкіндіктен айырып отыр, – деді адвокат.
Қарапайым ережелер
Бас прокуратура адвокаттың талабымен келіспегені өз алдына, өз ұстанымын сотта түсіндіре алмады. Сот тыңдауына ведомство өкілдері келмеді, ал онлайн қатысқан өкілі хаттардың қалай тіркелгенін де білмейтін болып шықты.
Судья Жанар Дүйсенова прокурорларға сот шешімін күтпей-ақ, Бас прокурордың жеке қабылдауына жазылу туралы өтінішке нақты жауап беруді ұсынды. Сонымен қатар ол бала да түсінетіндей тілде міндеттерді еске салды:
– Сіздер хаттың заң талаптарына сай қаралғанын дәлелдеулеріңіз керек. Өйткені өз жауабыңызда: «Сіздің өтініштеріңіз қаралды» деп жазасыздар, бірақ қай өтініш екенін нақтыламайсыздар. Егер бірнеше хатқа бір жауап берілсе, онда олардың нөмірі мен күні көрсетілуі тиіс, – деді судья.
Жалтарма жауапқа қарсы құрал
Бас прокуратураға ойлануға бір апта уақыт берілді. Ал Анар Құсайынова бұл істі мемлекеттік органдардың азаматтарға «жалтарма жауап» жазып құтылу әдетін тоқтатуға бағытталған күрестің бастамасы деп біледі.
– Соңғы уақытта халық мемлекеттік органдардың формалды жауаптарына жиі шағымданып жүр. Сондай-ақ көптеген басшылар азаматтарды жеке қабылдаудан бас тартады. Ал заң бойынша, әрбір басшының қабылдау кестесі мен тіркелу тәртібі болуы керек. Өкінішке қарай, біз керісінше жағдайды көреміз. Ал бұл жағдай Бас прокуратурада орын алып жатса тіпті сорақы. Өйткені бұл орган заңның орындалуын бақылауы тиіс, ал қазір өзі сол заңды бұзып отыр. Ең жаманы не қабылдаудан бас тартатынын айтпай, не өтінішке дұрыс жауап бермей отыр, – дейді адвокат.
Егер Астана қаласының мамандандырылған әкімшілік соты Ермегияевтің қорғаушыларының талабын қанағаттандырса, бұл мемлекеттік органдарға халықпен ашық әрі жауапты қарым-қатынастың міндетті талап екенін еске салар маңызды сот шешімі болмақ.