ЛГБТ насихаты, дипфейктер және алкоголь: Қазақстанда 2026 жылы неге тыйым салынады

Ulysmedia
ulysmedia.kz коллажы

Ulysmedia редакциясы 2026 жылы Қазақстанды күтіп тұрған жаңашылдықтар туралы материалдар сериясын жалғастырады. Бұл мақалада келер жылдан бастап күшіне енуі мүмкін, азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін шектеу шаралары мен тыйымдар жөнінде сөз қозғаймыз.

1) «ЛГБТ-насихаты»

2026 жылдан бастап Қазақстанда «дәстүрлі емес қатынастарды насихаттауға» тыйым салынуы мүмкін. Бұл – ел ішінде ғана емес, шетелдік ақпарат құралдарында да кеңінен талқыланған ең даулы түзетулердің бірі.

Аталған норма «Мұрағат ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізілген. Құжаттың әзірлеушісі – Мәдениет және ақпарат министрлігі (МАМ).

Парламенттің екі палатасы да бұл түзетулерді мақұлдады. 30 желтоқсанда заң жобасына президент қол қойды.

Себебі.
«ЛГБТ-насихатқа» тыйым салу мәселесі 2024 жылы «Қазақстан ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің тиісті петиция жариялауынан кейін көтерілген. Ол кезде Мәдениет және ақпарат министрі, қазіргі вице-премьер Аида Балаева балаларға «дұрыс рухани-адамгершілік бағдар беру», «ұлттық мәдени мұраға адалдықты қалыптастыру және генетикалық кодты сақтау» қажеттігін айтқан.

Жаза.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтың айтуынша, ЛГБТ-ны насихаттайтын материалдар «құқыққа қайшы контент» ретінде танылады. Мұндай контентті таратқаны үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Егер құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, жаза күшейтілуі мүмкін: айыппұл көлемі артады немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамау тағайындалады. Бұл норма арыз-шағым негізінде ғана қолданылатын болады.

2) Дипфейктер

2026 жылғы 18 қаңтарда Қазақстанда «Жасанды интеллект туралы» заң күшіне енеді. Бұл – ел тарихындағы осы салаға арналған алғашқы заң.

Аталған заң, басқа да нормалармен қатар, жасанды интеллект көмегімен жасалған жалған фото, видео немесе аудиоматериалдар – дипфейктерді таратқаны үшін жауапкершілік енгізеді. Заң жобасын Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева Цифрлық даму министрлігі, ҰҚК және ІІМ-нің белсенді қатысуымен әзірлеген.

Құжат «синтетикалық контенттің» барлығын міндетті түрде таңбалауды көздейді, сондай-ақ адастыратын немесе зиян келтіретін дипфейктерді таратуға тыйым салады.

АҚШ президенті Дональд Трампты полиция ұстағаны жөніндегі дипфейк-фото.

Себебі.
ҰҚК мен ІІМ деректеріне сәйкес, соңғы екі жылда Қазақстанда дипфейктерді алаяқтық, бопсалау және адамдардың беделін түсіру мақсатында пайдалану деректері күрт артқан. Тек 2025 жылдың алғашқы алты айының өзінде кибералаяқтықтан келген шығын 25 млрд теңгеден асты. Мұндай қылмыстардың құрбандары көбіне егде жастағы азаматтар болып отыр.

Жаза.
Дипфейктерді міндетті таңбалаусыз немесе белгіленген талаптарды бұза отырып жасағаны не таратқаны үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейін (59 мыңнан 393 мың теңгеге дейін) әкімшілік айыппұл қарастырылған.
Егер дипфейк арқылы азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірілсе, не қоғамдық тәртіптің бұзылуына қауіп төнсе, қылмыстық жауапкершілік туындайды. Бұл жағдайда кемінде ҚР ҚК-нің 274-бабының 2-бөлігі бойынша жаза қолданылып, 3 000 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

3) Электросамокаттар

Желтоқсан айының екінші жартысында депутаттар электросамокат жүргізушілерінің жауапкершілігін күшейтуді көздейтін заң жобасын мақұлдады. Микромобильді көліктерге қатысты мәселелер туралы редакция бұған дейін, жаз мезгілінде-ақ жазған болатын.

Заң жобасына сәйкес, электросамокаттар ресми түрде көлік құралы ретінде танылады. Жүргізуші куәлігінсіз оларды айдауға тыйым салынады. Сонымен қатар электросамокатта мемлекеттік тіркеу нөмірі, ал жүргізушінің сақтандыру полисі болуы міндеттеледі.

Заң жобасын Ішкі істер министрлігі әзірлеген. Құжат қазір президенттің қол қоюына жолданған.

‎Фото: Jet

Себебі.
Жол-көлік оқиғаларының көбеюі. Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылдың басынан бері елде электросамокаттардың қатысуымен 372 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Апат салдарынан 3 адам қаза тауып, 385 адам түрлі дәрежеде жарақат алған.

Жаза.
Электросамокат жүргізушілері жол қозғалысына қатысушыларға теңестіріледі, бұл оларға ӘҚБтК-нің барлық тиісті баптарын қолдануға мүмкіндік береді.
Шерингтік компаниялар жүргізуші куәлігі жоқ адамдарды басқаруға жібергені үшін жауапкершілікке тартылады: айыппұл мөлшері 25 АЕК-ті құрайды.

4) Рецептсіз берілетін дәрі-дәрмектер
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда рецепті бойынша ғана берілетін дәрілерді рецептсіз сату үшін жауапкершілік күшейтіледі — ол қылмыстық сипатқа ие болады.
Бұл норма «Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көзделген.

Себебі.
Формальды түрде мұндай препараттардың көбі қазірдің өзінде рецептсіз сатылмауы тиіс, алайда іс жүзінде бұл талап жиі еленбейді.

Жаза.
Бұған дейін мұндай заңсыз сатылым үшін дәріхана қызметкерлеріне әкімшілік айыппұл (жеке кәсіпкерлер үшін — 70 АЕК) салынса, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жаза 160 АЕК-ке дейінгі айыппұлды, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарды, не 40 тәулікке дейін қамауға алуды қамтиды. Сондай-ақ үш жылға дейін фармацевтикалық қызметпен айналысу құқығынан айыру, ал ауыр зардаптар болған жағдайда — одан да қатаң жаза қолданылуы мүмкін.

5) Несиелер
Қараша айының соңында Мәжіліс «Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасын қабылдады. Құжатқа сәйкес, бір сағаттың ішінде бірден бірнеше банк немесе микроқаржы ұйымынан несие рәсімдеуге тыйым салынады.
Заң жобасын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген және ол Сенаттың қарауына жіберілген.

Себебі.
Өзгерістердің негізгі мақсаты — алаяқтықпен күресу.

6) Азаматтық-құқықтық шарттар (АҚШ)
Мәжіліс Еңбек кодексіне және «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске енгізілетін түзетулерді мақұлдады. Соның бір нормасы бойынша, еңбек қатынастарының кемінде бір белгісі болған жағдайда қызметкермен азаматтық-құқықтық шарт жасасуға тыйым салынады.

Себебі.
Кейбір жұмыс берушілер салықтық және әлеуметтік төлемдерді азайту, сондай-ақ қызметкерлер алдындағы міндеттемелерін қысқарту үшін еңбек шартының орнына азаматтық-құқықтық шарттарды қолданады.

Жаза.
Бақылауды еңбек инспекциясы жүзеге асырады. Инспектор жұмыс берушіге қызметкермен еңбек шартын жасасу жөнінде нұсқама бере алады.

Айта кетейік, мемлекеттік органдардың қарауында парламентте талқыланатын әрі жаңа шектеулерді көздейтін басқа да заң жобалары бар. Солардың кейбірі:

‎фото: humanium.org

1) Балаларға арналған әлеуметтік желілер
2026 жылы 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салынуы мүмкін. Бұл норма ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген «Онлайн-платформалар және массмедиа мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қарастырылған. Жас шектеулерін енгізу идеясын бұған дейін мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов көтерген.

Себебі.
Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желілер балалар үшін қауіп төндіретінін айтады. Ведомствоның мәлімдеуінше, бұл платформалар буллинг пен алаяқтық әрекеттерге қолайлы ортаға айналып отыр. Сонымен қатар, министрлік өкілдері әлеуметтік желілерде балалардың психологиялық денсаулығына кері әсер ететін заңға қайшы контенттің жиі таралатынын алға тартады.

2) Алкогольді онлайн сату
Қазан айында үкімет сағатында ішкі істер министрі Ержан Саденов алкоголь өнімдерін интернет арқылы сатуға тыйым салуды, бөлшек сауданы тек арнайы «алкомаркеттермен» шектеуді, сондай-ақ лицензия беруді қатаңдатуды, оның ішінде лицензия санын шектеу есебінен реттеуді ұсынды.

Себебі.
Ішкі істер министрінің айтуынша, қылмыс деңгейіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі — алкогольді шамадан тыс тұтыну. Оның дерегінше, жыл сайын мас күйінде жасалатын қылмыстар саны 10 мыңға жуық. ІІМ бастамасы алдағы жылы заңдық негізде жалғасын табуы мүмкін.

3) Пранктер
Билік өкілдері адамдарды әдейі күйзеліске немесе қауіпті жағдайға түсіріп, бейнежазбаға түсіруді көздейтін пранктерды яғни «алдау түріндегі әзілдерге» тыйым салу немесе қатаң реттеу мүмкіндігін талқылап жатыр.

Бұл бастаманы мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев белсенді түрде көтеріп келеді. 2025 жылғы қазанда ол әлеуметтік желілерде пранкерлердің аккаунттарын бұғаттауды және қоғамдық тәртіпті бұзатын мұндай әрекеттер үшін қатаң жаза қолдануды ұсынған. Ал 2025 жылғы қарашада мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс тобы құрылғанын және пранктерді ұйымдастыруға тыйым салынуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Себебі.
Депутаттың айтуынша, азаматтардан пранктерге қатысты көптеген шағым түсуде: мұндай «әзілдер» адамдарға қатты күйзеліс, үрей тудырып, тіпті психикалық дертке әкелуі мүмкін. Мысал ретінде Астанада түсірілген лифттегі «жалған мәйіт» немесе бензин арасы бар шабуылды сахналау сияқты бейнероликтер аталады.