Никол Пашинян мен Владимир Путиннің текетіресінен кейін Армения тағы да ЕАЭО мен ҰҚШҰ құрамынан шығатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.
ДАУДЫҢ БАСЫ «ГАЗПРОМНЫҢ» ГАЗЫ
Армения парламентінің спикері Ален Симонянның сөзінше, егер Ресей газ бағасын көтеретін болса, Ереван Евразиялық экономикалық одақ пен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы қатарынан шығу процедурасын бастайтынын мәлімдеді.
Арменияға газды негізінен Ресейдің «Газпром» компаниясы тасымалдайды. Компания есебінше, 2025 жылы тасымал көлемі 1,2 млрд метр куб болған. Ресейден өзге Ереван газды Ираннан алады. Бірақ ол айырбас есебінен. Келісім бойынша Армения Иранға газ орнына электр энергиясын беріп отыр.
ПАШИНЯН МЕН ПУТИННІҢ ТЕКЕТІРЕСІ
1 сәуірде Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путин Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен кездескен. Екі ел басшыларының диалогы пікір таласқа ұласқан. Бірақ кездесуден кейін Ереван «келіссөздер өте сәтті өтті» деп мәлімдеген.
Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков кездесу ашық, тиімді әрі қажетті болды» деді.
Кездесуде Путин Пашинян жүргізіп отырған саясатты сынай сөйлеген. «Армения бір уақытта Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақ құрамында бола алмайды» деген.
«Біз кез келген мемлекеттің үшінші елдермен әріптестіктен барынша пайда табуға ұмтылатынын түсінеміз. Алайда бұл ашық әрі әділ болуы тиіс, яғни алдын ала нақты айтылуы қажет», — деген Владимир Путин кездесуде.
Бұдан бөлек, Путин Армениядағы Ресейді қолдайтын кандидаттар мен партияларға сайлауға қатысуға мүмкіндік берілуі тиіс екенін меңзеген. Ол Еуропаға экспортталып жатқан Ресей газы Арменияға тасымалданып жатқан газдан әлде қайда қымбат екенін алға тартқан.
«Қазіргі таңда өздеріңіз білесіздер, Еуропада газдың бағасы 1000 текше метр үшін 600 доллардан асып отыр. Ал Ресей Арменияға газды 1000 текше метрін 177,5 доллардан сатып отыр. Айырмашылық айтарлықтай... Арменияда ресейшіл бағыттағы көптеген саяси күштер бар. Біз сол саяси партиялардың алдағы парламенттік сайлау кезінде ішкі саяси процестерге қатыса алғанын қалаймыз. Кейбірі, білуімше, Ресей паспорты бола тұра, қамауда отыр. Бұл сіздердің шешімдеріңіз, біз араласпаймыз, дегенмен олардың барлығының ішкі саяси процестергеқатысуына мүмкіндік болғанын қалаймыз», — деген Путин.
Фото: АР
Владимир Путиннің бұл сөзіне Никол Пашинян қатқыл жауап берді. Ол Арменияда саяси процестер ашық жүретінін айтып, әлеуметтік желіде 100 пайыз сөз еркіндігі мен бостандығы барын мәлімдеген. Бұған дейін Ресейде интернет өшіріліп, бірқатар әлеуметтік желілердің жұмысы тоқтатылған.
«Ешқандай, мүлде ешқандай шектеулер жоқ... Жалпы алғанда, бізде «бас бостандығынан айыру орындарында» саяси процесс қатысушылары жоқ. Алдымызда парламенттік сайлау келе жатыр. Бұл депутаттарды сайлау әрі іс жүзінде премьер-министрді анықтайтын науқан. Осы орайда бір жайтқа назар аудартқым келеді: бұл сайлауға тек Армения Республикасының азаматтығы бар тұлғалар ғана қатыса алады. Яғни, Ресей паспорты бар адамдар Армения Конституциясына сәйкес депутаттыққа да, премьер-министрлікке де үміткер бола алмайды», – деген Пашинян.
Кездесуде тараптар Әзербайжан мен Армения арасындағы Қарабақ дауын да сөз еткен. Путин Пашинянның екі ел арасындағы қарулы қақтығысқа Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымның араласпауын Ереванның Таулы Қарабақты Әзербайжан жері деп мойындауы себеп болды десе, Пашинян “ҰҚШҰ механизмі жұмыс істемеді” деген. Қазір Арменияның ұйымға мүшелігі уақытша тоқтап тұр.
Самвел Карапетян. Фото: ТАСС
ҚАМАУДАҒЫ РЕСЕЙ ОЛИГАРХЫ
Былтыр 18 маусымда Арменияда ресейшіл олигарх Самвел Карапетян қамауға алынған. Ол «билікті күшпен басып алуға үндегені» үшін ұсталған. Кейіннен үйқамаққа ауыстырылған.
Самвел Карапетянның ұсталуына Армения шіркеуі өкілдерін қолдап сөйлеген сөзі себеп болған. Бұған дейін Никол Пашинян шіркеуді сынға алған еді.
Маусым айының басында Армян апостолдық шіркеуінің Жоғары рухани кеңесі Пашинянның шіркеуге қарата айтқан сынына байланысты «құзырлы мемлекеттік органдарды» араласуға шақырған. Никол Пашинян Армян апостолдық шіркеуінің басшысы, барлық армяндардың католикосы Гарегин II-ні бойдақтық антын бұзды деп айыптап, оны қызметінен кетуге шақырған. Шіркеу өкілдері бұл мәлімдемелерді Арменияның мемлекеттілігіне төнген қауіп және қоғамның жіктелуіне әкелетін әрекет деп бағалаған.
Карапетян бұл дауда шіркеу жағын қолдап, «Армян тарихын, Армян шіркеуінің мыңжылдық мұрасын ұмытқан шағын топ шіркеу мен армян халқына қарсы шықты» деп мәлімдеген.
Фото: sovanews.tv
Өз кезегінде Пашинян Карапетянды «қайдан келгені белгісіз адамдар Арменияға келіп, өз білгенін істей алады деген әсер қалыптастыруға тырысты» деп айыптаған. Сондай-ақ премьер-министр кәсіпкерге тиесілі Армения электр желілерін мемлекет меншігіне қайтаруды ұсынды. Бұл компания 1 миллионнан астам тұтынушыны электр энергиясымен қамтамасыз етеді.
59 жастағы Самвел Карапетян Forbes рейтингі бойынша Ресейдегі ең бай кәсіпкерлер тізімінде 44-орында, ал әлемдік рейтингте 1102-орында тұр. Оның байлығы 3,2 млрд доллар деп бағаланған.
2025 жылы желтоқсанда Арменияда Самвел Карапетянның жақтастары «Күшті Армения» партиясын құрып, тіркеген. 2026 жылы ақпанда Карапетянның кандидатурасын премьер-министр лауазымына ұсынды. Бірақ Армения Конституциясы бойынша Карапетян премьер-министр бола алмайды. Себебі премьер-министрлікке кандидат соңғы төрт жылда Армения азаматы болуы тиіс және сонша уақыт ел аумағында тұрақты тұруы қажет. Карапетян Ресей азаматы және кейінгі төрт жылда Ресей аумағында тұрған.