Өзбекстан АЭС құрылысына Беларусь мамандарын тартпақ

Ulysmedia
Фото: Sputnik / Виктор Толочко

Өзбекстан атом энергетикасын дамыту және АЭС саласында басқа елдермен ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Өзбекстан тарапы Белорусь мамандарын осы бағыттағы жобаларға тартуға ниетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ӨЗАРА КЕЛІСІМ

6 сәуірде Минскіде Беларусь вице-премьері Виктор Каранкевич Өзбекстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматовпен кездесті. Кездесу барасында тараптар АЭС мәселесін де талқылады. 

Біздің құрметті президентіміз Шавкат Мирзияев  Белорусь мамандарын АЭС салуға тартуымыз керектігін айтты. Себебі сіздердің мамандарыңыздың деңгейі жоғары екені бізге мәлім, – деді Раматов кездесуде.

Өз кезегінде Беларусь тарапы да  АЭС салу тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін мәлімдеді. Өзбекстанда ұлттық атом энергетикасы бағдарламасын іске асыру жұмыстары басталған. Онда төрт реакторлы интеграциялық АЭС салынады: екі үлкен қуаттылығы бар және екі шағын реактор.

Беларусь вице-премьерының сөзіне қарағанда, Өзбекстан жобасы дүниежүзілік атом қауымдастығы үшін ерекше. Каранкевич БелАЭС құрылысын жүргізу барысында алынған тәжірибемен бөлісуге Беларусь тарапы дайын екенін айтты. Өзара ынтымақтастық бойынша алғашқы қадамдар қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр.

Біз 2025-2027 жылдарға арналған атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық жол картасына қол қойдық, – деді Қаранкевич. Кездесудің видеофрагменті Беларусь үкіметінің Telegram-арнасында жарияланды.

Сонымен қатар, ол «Өзатом» агенттігінің басшылығы Островецтегі алаңға барып, электростанциямен танысқанын да айтты.

КОНТЕКСТ

Былтыр желтоқсанда Ресейдің “Росатом” компаниясы Өзбекстанның Жизақ облысында қуаты төмен атом электр станциясы құрылысына дайындық жұмыстарын бастағаны туралы хабарланған. Ресми мәліметке сәйкес, алғашқы бетонды құю 2026 жылдың наурызына жоспарланған, ал бірінші реакторды іске қосу 2029 жылға белгіленген.

Өзбекстанда атом электр станциясын салу мүмкіндігі 2017 жылдан бері талқыланып келеді. Бастапқы кезеңде ресми Ташкент АҚШ, Қытай, Франция және Оңтүстік Корея компанияларының ұсыныстарын қарастырған. Алайда 2018 жылғы шілде айында Ресей тарабымен келісім жасалғанын мәлімдеді.

Былтыр 8 тамызда Қазақстанда да алғашқы атом электр станциясы құрылысы жобасының ресми түрде ашылуы болды. Ол Балқаш көлі жағалауындағы Үлкен ауылында өтті. Оған Қазақстанның атом энергиясы жөніндегі агенттігі, “Росатом” өкілдері қатысты. Сол жерде алғашқы станцияның макеті де көрсетілді.

Қазақстан билігі АЭС салу туралы шешімді 2024 жылы қабылдады. Ол шешімді қабылдамас бұрын елде референдум өткізілді. Байқаушылар референдумға дауыс беру кезінде заң талаптарын бұзу фактілері тіркелгенін, мысалы, референдум бюллетеньдерін дауыс беру жәшігіне топтап тастау секілді жайттар анықталғанын хабарлаған. 

Орталық референдум комиссиясының ресми қорытындысына сай, дауыс берген азаматтардың 71 пайызы Қазақстанда АЭС салуды қолдаған.