Екі ғасыр бұрын болған оқиғалар заман өзгерсе де қазақ пен қырғыз арасында қайта-қайта пікірталас тудырып, сол кезеңнің тарихы екі бауырлас халық үшін әлі күнге дейін сезімтал тақырып болып отыр.
Ulysmedia.kz редакциясы әлеуметтік желідегі екі ел азаматтары арасындағы эмоцияға толы қызу пікірталастардан алшақтап, сарапшылармен сөйлесіп, мәселенің тарихи негізіне үңілді.
XIX ғасырдағы оқиғалар бүгін қалай түсіндіріліп жүр? Уақыт өте келе тарихи оқиғалардың жекелеген тұстары бұрмаланып, аңызға айналуы мүмкін бе? Мәселен, Кенесары ханның шабылған басынан шарап ішілгені туралы әңгіме тарихи деректермен қаншалықты расталды? Сонымен қатар, қырғыздың ақпарат кеңістігіндегі осы мәселеге қатысты пікірлер мен Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың өзі бұған дейін осы мәселеге қатысты қандай мәлімдеме жасады?
Соңғы апталарда әлеуметтік желілерде қазақ-қырғыз қарым-қатынасына қатысты пікірталас қайта ушықты. Бұл жолғы тартыс Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы медальдар есебіне қатысты басталып, көп ұзамай тарихи тақырыпқа ұласты.
Бұған Астанада алмасу бағдарламасы бойынша білім алып жүрген қырғызстандық екі студент қыздың видеосы да себеп болды. Онлайн эфирде олардың Кенесары хан мен оның бас сүйегіне қатысты айтқан сөздері көпшіліктің наразылығын туғызды. Кейін қыздар кешірім сұрап, қазақ халқын қорлауды мақсат етпегендерін мәлімдеді. Алайда, әлеуметтік желідегі талқылау мұнымен тоқтамай, Кенесары хан, Ормон хан және XIX ғасырдағы қазақ-қырғыз қатынастарына қатысты пікірталасқа ұласты.
Жалпы алғанда соңғы жылдары қазақ-қырғыз қарым-қатынасына қатысты әлеуметтік желілерде қызу қоғамдық пікірталастар бірнеше рет туындады. Көп жағдайда пікірталас нақты бір оқиғадан басталып, кейін әлеуметтік желілерде ұлттық және тарихи тақырыптарға ұласып отырды.
Осындай жағдайлардың бірі 2024 жылы Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде болды. Көкпардан өткен финалда Қазақстан құрамасы Қырғызстанды 5:4 есебімен жеңді. Ойыннан кейін Қырғызстанның көк бөрү федерациясы төрешілікке наразылық білдірді. Федерация өкілдері қазақстандық ойыншылар тарапынан ереже бұзушылықтар болғанын, алайда төрешілердің кейбір эпизодтарға тиісті баға бермегенін мәлімдеді. Қырғыз тарапы мәселені шешу үшін үшінші елдің төрешілерін тартып, қайта матч өткізуді де ұсынды.
Ал 2025 жылдың қаңтарында дау спорттан тарихи тақырыпқа ауысты. Қырғызстандық әнші Кайрат Примбердиев Қазақстанның «Айран» YouTube-арнасына берген сұхбатында Кенесары ханның қазасына қатысты пікір білдірді. Оған Ормон ханның Кенесарыға қатысты әрекетін басқаша жасауға болмас па еді деген сұрақ қойылған. Примбердиев Ормон ханның Кенесарыны өлтіруге «мәжбүр болғанын» айтып, қазақ халқынан осы оқиға үшін жеке өзі кешірім сұрады. Артынша кешірім сұраған сәті әлеуметтік желіде тарап кеткен соң Примбердиев кешірімді бүкіл қырғыз халқының атынан емес, өз атынан сұрағанын айтты.
Айран YouTube-арнасынан скриншот
Алайда, бұл түсіндірме қоғамдағы пікірталасты тоқтатпады. 2025 жылғы ақпанда Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Примбердиевке қатысты Қылмыстық кодекстің 330-бабы бойынша нәсілдік, этностық, ұлттық және діни араздықты қоздыруға қатысты қылмыстық іс қозғады. Бішкектің Бірінші мамыр аудандық соты әншіні кінәлі деп танып, оған 100 мың сом көлемінде айыппұл салды.
Екі ел арасындағы тағы бір қоғамдық пікірталас 2026 жылдың шілдесінде қазақстандық 1,5 млн оқырманы бар блогер Ақбота Нұрахынға (Bota_mia) қатысты туындады. Қырғызстанға модель ретінде барған блогерден әріптесі «Әлемдік деңгейге шығып, үлкен биіктерді бағындырып жүрсіз бе?» деп сұраған. Оған блогер күлімсіреп, «Қандай биік? Қырғызстан деген биік пе?» деп жауап берген. Бұл сөз әлеуметтік желілерде тез тарап, Қазақстан мен Қырғызстан қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Қырғызстандық бірқатар қолданушы оның сөзін елді менсінбеу ретінде қабылдап, блогерге бойкот жариялауға шақырды.
Instagram/ Bota_mia
Кейін блогер өз сөзін түсіндіріп, сұрақты бұрынғы бір оқиғамен байланыстырып, дұрыс түсінбей қалғанын жеткізді. Ол Қырғызстанды жақсы көретінін айтып, егер ойын дұрыс жеткізе алмаған болса, қырғыз халқынан кешірім сұрайтынын айтты.
Алдымен көпшіліктің әлеуметтік желіде шамына тиген әрі пікірталастың ушығуына себеп болған қырғыз қыздарының «Кенесары ханның бас сүйегіне шарап құйып ішті», деген пікіріне тоқталайық.
Тарих ғылымдарының кандидаты, Азияны зерттеу институтының директоры Сұлтан Әкімбектің айтуынша, қазақтар үшін тарихи идеология тұрғысынан алғанда, Кенесары хан – ең маңызды тұлғалардың бірі. Кенесарының қайғылы қазасы оның ұлттық қаһарман ретіндегі маңызын одан әрі арттырды. Оның үстіне, ол іс жүзінде қазақтың соңғы ханы болды. Бұл оның өліміне ерекше трагизм беріп, мемлекеттіліктен айырылу тарихымен байланыстырады. Сондықтан Кенесарының қырғыздармен болған шайқаста қаза табуы қазақ тарихындағы өте эмоциялық әрі сезімтал тақырып екені түсінікті.
«Әрине, жоқ. Ол кезде қырғыздар да, қазақтар да шарап ішпеген, бұл олардың мұсылман болғанына байланысты емес. Жәй ғана, ол кезде шарап болған жоқ. Жастар әртүрлі тарихи кезеңдердегі оқиғаларды шатастырып отырған болуы мүмкін. Тарихтағы белгілі тұлғаның бас сүйегінен шарап ішілген деген ең танымал оқиға – печенегтердің көсемі Куряның Киев князі Святославты өлтіріп, оның бас сүйегін алтынмен қаптатып, мерекелерде одан шарап ішкені туралы әңгіме. Оның өзі де аңыз. Біздің өңірдегі көшпелілер тарихының соңғы мың жылында мұндай оқиғаның болғаны туралы нақты дерек жоқ» – деді тарихшы Әкімбек.
Facebook/Сұлтан Әкімбек
Егер де Кенесары ханның бас сүйгенінен шарап ішкен деген тарихи факті жоқ болса, ел арасындағы бұл сөздің пайда болуына не себеп?
«Кенесарының қырғыздардың қолынан қаза табуы оның тұлғасына берілетін тарихи баға тұрғысынан соншалықты маңызды емес. Бұл, әрине, қайғылы оқиға. Алайда оның өзге де ұлы қызметі мен тарихи рөлінің аясында Кенесарының қалай қаза тапқаны екінші кезекте қалады.
Сонымен қатар, қазақ қоғамының оның өлімінің мән-жайына соншалықты көп мән беретіні де түсінікті. Бұл – эмоционалдық тұрғыдан сезімтал тақырып. Оның үстіне, дәл осы жағдай қырғыз жастарының бір бөлігіне кейде білместіктен бізге тиісуге мүмкіндік беретін шығар. Жастар арасында бір-бірін қағыту, шымшып сөйлеу кездеседі. Яғни «оларда ұлы қаһарман болды, ал оны біз өлтірдік» деген сипаттағы әңгіме пайда болуы мүмкін. Бірақ мұның өзі жеткілікті әсерлі болмағандықтан, оқиғаға шарап сияқты қосымша детальдар қосыла бастайды.
Бұған қоса, жеңіске жеткен тарап Кенесарының басын Ресей империясының өкілдеріне жіберген. Ол кезеңдегі шығыстық дәстүр тұрғысынан бұл әрекетті тарихи контекст аясында түсіндіруге болады. Алайда қазіргі көзқарас тұрғысынан мұндай әрекет мазақ ету немесе қорлау ретінде қабылдануы мүмкін. Оның үстіне, Кенесары Ресей империясына қарсы соғысқан тұлға болды. Мәселе де осында, бүгінде біз өткен дәуірдің салт-дәстүрлері мен сол кездегі әрекеттеріне қазіргі заманның көзқарасы тұрғысынан баға беруге бейімбіз», – деді тарихшы.
Тарих беттерінде екі елдің ара-қатынасы тайға таңба басқандай, жіктеліп әлдеқашан жазылған. Бұл жерде тарихты қайта баяндауды мақсат етпейміз. Алайда бүгінгі пікірталастың контекстін түсіну үшін негізгі тұстарын қысқаша еске сала кетейік.
Жалпы қазақтар мен қырғыздардың өзара қарым-қатынасының тарихы кемінде XVI ғасырдан басталған. Сұлтан Әкімбектің айтуынша, Кенесары ханның 1847 жылы қырғыз жеріне жасаған жорығын сол кезеңдегі Қоқан хандығымен арадағы саяси және әскери жағдайдан бөлек қарастыру қиын. Кенесары хан Қоқанға қарсы күресте оңтүстік қазақ тайпаларын біріктіруге тырысса, қырғыз тайпаларының бір бөлігі Қоқанның саяси-әскери жүйесіне тартылған еді. Ал солтүстік қырғыз тайпалары Қоқаннан біршама дербес әрекет етті. Солтүстік қырғыздардың жетекшілерінің бірі Ормон хан Кенесарының Қоқанға қарсы күресіне қосылмады. Осыдан кейін екі жақтың арасындағы қайшылық шиеленісіп, 1847 жылы Кенесары қырғыз жеріне жорық жасады.
«Кенесарының 1847 жылғы жорығы Қоқан хандығымен арадағы соғыспен де байланысты болды. Ол оңтүстік қазақ тайпаларын Қоқанға қарсы күреске тартуға тырысты. Ал қырғыз тайпаларының бір бөлігі Қоқанның саяси жүйесіне кірген еді. Сонымен қатар солтүстік қырғыз тайпалары Қоқанға онша тәуелді болмады. Нәтижесінде Кенесары солтүстік қырғыз тайпаларының біріккен күшіне тап болып, жеңіліп, қаза тапты», – деді тарихшы.
Қазақ-қырғыз қатынастарына қатысты тарихи оқиғалар қазіргі дауға дейін де қырғыз ақпарат кеңістігінде тұрақты түрде көтеріліп келген. Әсіресе, XVIII–XIX ғасырлардағы оқиғалар, Абылай хан, Кенесары хан және Ормон ханға қатысты тарихи тақырыптар жиі көтеріледі.
Кенесары Қасымұлының тарихына қырғыз медиасында да айрықша назар аударылады. Мәселен, 2025 жылғы қаңтарда 24.kg басылымы «Кем был Кенесары хан и нужно ли кыргызам извиняться за его голову?» атты материал жариялады. Онда 1840-жылдардағы оқиғалар, Кенесарының қырғыз жеріне жорығы, Ормон ханмен қақтығысы және Кенесарының өлімі туралы қырғыз тарихшысы Оскон Осмоновтың пікірі берілген.
Ал Kaktus.media басылымы 2025 жылғы қаңтарда қырғыз жастары арасында «Ормон хан кім?» деген сауалнама жүргізген. Сауалнамаға қатысқандардың бір бөлігі Ормон ханды қырғыздың батыры әрі Кенесарыға қарсы тұрған тарихи тұлға ретінде сипаттаған.
Бұл материалдардан Кенесары мен Ормон ханға қатысты оқиғалардың қазіргі әлеуметтік желідегі пікірталастан әлдеқайда бұрын қырғыздың қоғамдық және ақпараттық кеңістігінде талқыланып келгенін көруге болады.
Бұл пікірталастар аясында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров та Кенесары ханға қатысты дауға пікір білдірді.
2025 жылғы 14 мамырда Жапаров әлеуметтік желідегі парақшасында қазақ-қырғыз арасын араздастыруға бағытталған пікірлерге жауап беріп, екі халықты тарихи оқиғаларға бола бір-біріне қарсы қоймауға шақырды.
«Қазір заман басқа. Қырғыздар мен қазақтар ұлттық мемлекеттілігімізді нығайтып, бауырластықты сақтауымыз керек», – деді Жапаров.
Ал 15 мамырда Жапаров «Кабар» агенттігінің директорына берген сұхбатында бұл ойын кеңірек түсіндірді. Президент XIX ғасырдағы қақтығыстар тек қазақтар мен қырғыздар арасында емес, екі халықтың өз ішінде де болғанын атап өтті.
«Енді мұның бәрі тарих болып қалды. Біз тарихтан сабақ алайық. Қандай да бір күштер қарапайым халықтарымыздың намысына тиіп жатса, арамызға жік салғысы келген арам ойлы адамдардың тұзағына түсіп қалмайық деп айтып отырмын. Қазір әлемде тұрақсыздық болып тұрған кезде көрші, бауырлас халықтар бір-бірімен айтыспай, тату-тәтті өмір сүрейік. Бір-бірімізді қолдап, бір-бірімізге сүйеніш болайық деген ниетім. Өйткені біз – мәңгілік көршіміз, біртұтас бауырлас халықпыз!» – деді Қырғызстан президенті.
Сұлтан Әкімбектің айтуынша, әлеуметтік желідегі мұндай пікірталастарға хайпқа ұмтылу мен бәсекелестік те айтарлықтай әсер етеді. Әсіресе мәдениеті мен дәстүрі жақын екі халық арасында бұл тақырыптар қызу талқылануы мүмкін.
«Интернет пен әлеуметтік желілер дәуірінде хайпқа ұмтылу ақпараттың берілуіне айтарлықтай ықпал етеді. Қазір қазақтың әлеуметтік желілердегі белсенділігі – кино, ән және басқа да контент арқылы айтарлықтай байқалады. Қазақтар мен қырғыздардың жақындығын ескерсек, ортақ саналатын дәстүрлерге қатысты белгілі бір бәсекелестіктің пайда болуы мүмкін. Кімнің дәстүрі жақсы, кімнің тағамы ерекше деген сияқты пікірлер осыдан туындайды. Мұндай бәсекелестіктің ізін Көшпенділер ойындарынан да көрдік», – деді Әкімбек.
Оның пікірінше, тарихи тақырыптарға қатысты радикалды бағалаудан аулақ болу керек. Алайда қоғамда туындайтын сұрақтарға жауап беретін сапалы контент қажет.
«Бізде осы мәселе бар. Әлеуметтік желілер тарихи әдебиет оқу дәстүріне сүйенбейді, ал көпшілікке арналған тарихи әдебиет те аз. Сондықтан мұндай тақырыптарды эмоциямен емес, дерекке сүйеніп түсіндіру маңызды. Дегенмен, бұл – үлкен мән беріп, ауқымын ұлғайтатын емес, шағын эпизод», – деп қортындылады тарихшы.
Әрине, жекелеген оқиғалар мен әлеуметтік желідегі эмоциялық пікірлерді екі халықтың жалпы ұстанымы ретінде қабылдауға болмайды. Тарихтағы даулы мәселелерді талқылауда дерекке сүйеніп, бүгінгі қазақ-қырғыз қарым-қатынасына олардың әсерін асыра бағаламау маңызды.
автор: Перизат Жарылқасын