Қыршын қиылған 199 ғұмыр: Қазақстанда балалар суициді неге тоқтамай тұр

көрнекі сурет: Ulysmedia.kz

Бала уақытының басым бөлігін ересектердің жанында өткізгенімен, оның ішкі күйзелісін үйде де, мектепте де ешкім байқамауы мүмкін. Кәмелетке толмаған балалардың өзіне қол жұмсағаны туралы хабар тараған сайын, оларға ертерек көмектесуге болар ма еді деген сұрақ туындайды. Қазақстанда суицидтің алдын алуға арналған бағдарламалар қабылданып, мамандар оқытылып жатыр. Алайда қауіп-қатер дер кезінде анықталғанның өзінде балаға дер кезінде көмек көрсетіле бермейді. Ulysmedia.kz тілшісі жасөспірімдердің ересектерге сенім артуына не кедергі екенін және оларға қажетті қолдауды неге уақтылы көрсетілмейтінін анықтауға тырысты.

ҚАЙҒЫЛЫ ЖАҒДАЙЛАР ҚАЙТАЛАНА БЕРЕ МЕ?

2025 және 2026 жылдардың көрсеткіштерін салыстырсақ, өзіне қол жұмсаған балалар саны 39 жағдайға артқан. Қайтыс болған кәмелетке толмағандардың басым бөлігі – 15–17 жастағы жасөспірімдер. 2025 жылы осы жас тобында 135 суицид тіркелсе, 5–14 жастағы балалар арасында 64 жағдай болған. Ал 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 15–17 жастағы жасөспірімдер арасында 123, 5–14 жастағы балалар арасында 50 жағдай тіркелген.

Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш бірде төмендеп, бірде қайта өскен. Өзіне қол жұмсауға әрекеттенгендер саны да осындай өзгеріске ұшыраған. Бұл деректерге қарап  Қазақстанда балалар өлімінің алдын алу үшін қандай шаралар атқарылып жатқаны және суицидке оқталу жағдайларының көбеюіне не себеп болғаны жайлы еріксіз ойланасың.

Соңғы жылдары Қазақстанда балалар арасындағы суицид мәселесіне қатысты бірнеше құжат қабылданды. 2020 жылы Үкімет балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау және жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу жөніндегі жол картасын бекітті. 2023 жылдың тамызында осы бағыттағы кешенді жоспар қабылданды. Оның аясында өңірлерде балалар мен ата-аналар психологиялық көмек ала алатын орталықтар ашылды.

Ал 2026 жылдың қаңтарында «Қазақстан балалары» деп аталатын ауқымды тұжырымдама қабылданды. Оны 2030 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланған. Құжат балалардың қауіпсіздігінен бастап, білім алуына, денсаулығына және отбасыларға қолдау көрсетуге дейінгі мәселелерді тұтас қамтиды.

– Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі әрі үздіксіз жүргізіліп келеді. Қазір ол 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында жалғасып жатыр. Құжатта суицидтің алдын алу, қауіп-қатерді ерте анықтау және балаларға дер кезінде көмек көрсету тетіктерін одан әрі жетілдіру көзделген, – делінген Оқу-ағарту министрлігінің редакция сауалына берген жауабында.

Алайда жұмыстың үздіксіз жүргізіліп жатқаны туралы мәлімдемелерден бөлек, балаға көмек қажет екені анықталған кезде мамандардың нақты не істейтініне де назар аудару керек.

Осы мәселе жөнінде «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын әзірлеуге қатысқан ЮНИСЕФ мамандарымен сөйлестік. Олардың мәліметінше, 2026 жылғы 20 қыркүйекке дейін Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Жамбыл және Түркістан облыстарында мамандар арнайы оқытудан өткен.

Бір назар аударарлығы, жұмыс ең алдымен балалар арасындағы суицид жиі тіркелетін өңірлерде жүргізіліп жатыр. Аталған бес өңірдің төртеуі 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы тіркелген жағдайлар саны бойынша алғашқы бестікке кіреді.

Дегенмен мамандарды оқыту баланың жағдайы қауіпті деп танылғаннан кейінгі жағдайдың көрсеткіші емес. Бала қажетті қолдауды алды ма, дәрігерге қаралды ма, көмекке жүгінуіне не кедергі болды? Жүйенің қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін осы кезеңге үңілгенде ғана түсінуге болады.

БАЛА МЕКТЕП ПСИХОЛОГЫНА СЕНІМ АРТА АЛА МА?

2026–2027 оқу жылында мемлекеттік органдар мен ЮНИСЕФ бірлескен бағдарлама аясында 140 мың жасөспірімді қамтуды жоспарлап отыр. Олардың ішінде психикалық саулығына байланысты қиындықтары бар немесе суицидке бейім мінез-құлық қаупі байқалған 10 мыңға дейін бала болуы мүмкін.Алайда мұндай бағдарламаға қатысу жасөспірімнің өз жағдайы туралы ашық айтуға дайын болуына да байланысты.

Клиникалық психолог Ақбота Бекетова балалардың мектеп мамандарына қаншалықты жиі сенім артатынына қатысты нақты баға бермегенімен, өз тәжірибесіне сүйене отырып, олардың көмек сұрауына не кедергі болуы мүмкін екенін түсіндірді.

– Бұл жерде белгілі бір қиындық бар. Бала мектеп психологын тек көмек сұрауға болатын маман ретінде емес, мектеп жүйесінің бір бөлігі ретінде де қабылдауы мүмкін. Мұндай жағдайда жасөспірім оған толық сенім арта алмайды. Оның ойында «Мұнда өзімнің шын жағдайымды ашық айту қаншалықты қауіпсіз?», «Мұны мұғалімдерім, ата-анам немесе басқа оқушылар біліп қоймай ма?», «Осының кесірінен қиындыққа тап болмаймын ба?» деген сұрақтар туындауы ықтимал, – дейді ол.

Оқу-ағарту министрлігі де психологтың жұмыс барысында білген мәліметтері кәсіби құпияға жататынын атап өтеді. Алайда Ақбота Бекетованың айтуынша, мұнда маманның мәртебесінен гөрі баламен қандай қарым-қатынас орнататыны, құпия сақтаудың шегі туралы қалай түсіндіретіні және сол талапты қаншалықты сақтайтыны маңызды.

Мектептен тыс жерде жұмыс істейтін психологқа баланың көзқарасы басқаша болуы мүмкін. Өйткені ол мұғалімдермен де, сыныптастарымен де тікелей байланыста емес. Әсіресе баланың жан күйзелісіне мектептегі немесе отбасындағы жағдай себеп болса, мектеп маманына сенім арту қиынға соғуы мүмкін.

Ресми статистикада суицидке итермелейтін факторлардың қатарында жалғыздық сезімі, ата-анамен және басқа туыстармен жанжал аталады. Бұл қайғылы жағдайлардың бәрін түсіндіретін толық тізім емес. Дегенмен психологтардың қандай мәселелермен жұмыс істеуге мәжбүр екенін аңғартады.

ЖАСӨСПІРІМ ПСИХИАТРДАН НЕГЕ ҚОРҚАДЫ

Кей жағдайда жасөспірімге психиатрдың көмегі де қажет болады. Мұндай кезде басқа маман іске қосылғанымен, баланың бір қызметтен екіншісіне жіберілу барысында назардан тыс қалмауы маңызды. Оған кім әрі қарай көмектесетінін де ересектер нақты білуі керек.

– Жүйенің міндеті – жасөспірімді маманға жіберумен ғана шектелмеу. Көмектің үздіксіз көрсетілуін және кері байланысты қамтамасыз ету қажет. Бала түрлі қызметтердің арасында қалып, назардан тыс қалмауға тиіс, – дейді ЮНИСЕФ өкілдері.

Алайда қиындық тек мекемелер арасындағы байланысты жолға қоюмен шектелмейді. Ақбота Бекетованың айтуынша, ол жасөспірімдерді психиатрға жібергенімен, олардың кейбірі дәрігердің қабылдауына жете алмай қалған жағдайларға да тап болған.

– Кейде баланы қажетті көмекке жеткізу мүмкін болмайды. Жасөспірімдер психиатрға баруға қорқады. Бұған қоғамдағы теріс көзқарас пен стигма да әсер етеді. Оның үстіне, кәмелетке толмаған бала психиатрға өз бетінше әрдайым жүгіне алмайды. Жасына қарай ата-анасының қатысуы қажет болуы мүмкін. Демек, жасөспірім көмек сұрауға бел буып қана қоймай, ата-анасына да ішкі күйін ашып айтуы, жағдайын түсіндіруі, тіпті көмекке мұқтаж екенін дәлелдеуі керек, – дейді психолог.

Ата-ананың қатысуы баламен кейінгі жұмыста да маңызды. Ақбота Бекетованың тәжірибесінде ересектер баламен сөйлесуге дайын болса, оларға баланың жағдайын түсіндіріп, қалай көмектесуге болатынын бірге талқылауға мүмкіндік туады.

Сонымен бірге келтірілген статистика бойынша, өзіне қол жұмсаған кәмелетке толмағандардың басым бөлігі толық отбасында өскен. Әрине, баланың әкесі мен анасының екеуінің де болуы үйдегі қарым-қатынастың қандай болғанын аңғартпайды. Қалай болғанда да, отбасындағы немесе мектептегі жағдайды бір ғана маманның күшімен өзгерту мүмкін емес.

– Менің мүмкіндігімнің шегі өзім өзгерте алмайтын жағдайларға тап болған жерден басталады. Мысалы, ата-ананы балаға деген көзқарасын өзгертуге мәжбүрлей алмаймын немесе буллингтің тоқтайтынына кепілдік бере алмаймын. Бірақ баланың осындай жағдайларды жеңілірек өткеруіне көмектесуге тырысамыз, – деп түсіндіреді ол.

Қабылданған шаралар мен мамандарды оқыту жұмыстары балаларды қорғау үшін қандай қадамдар жасалып жатқанын көрсетеді. Алайда алдын алу шараларының тиімділігін тек осы көрсеткіштерге қарап бағалау жеткіліксіз.

– Бағдарлама іске қосылған алғашқы кезеңде анықталған жағдайлардың саны тіпті өсуі мүмкін. Өйткені жүйе көмекке мұқтаж балаларды бұрынғыдан жақсырақ байқай бастайды, – дейді ЮНИСЕФ өкілдері.

Бірақ одан кейін сол балалардың жағдайы қалай өзгергенін білу маңызды. Олар қажетті қолдауға қол жеткізді ме, мамандардың бақылауы әрі қарай жалғасты ма, көмек көрсету неліктен үзіліп қалуы мүмкін? Редакцияға берілген жауаптарда бұл сұрақтарға қатысты деректер жоқ.

Сондықтан мәселе баланың жан күйзелісін неге дер кезінде ешкім байқамағанында ғана емес. Ол өз жағдайын айтып, көмек сұрағаннан кейін ересектердің не істейтіні де маңызды. Қабылданған шаралардың қаншалықты нәтижелі екенін және нені өзгерту керегін дәл осы тұстан аңғаруға болады.