Халықтың шамына тиген шешімдер: еңбек министрлерінің ең даулы реформалары

Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев бұл саланы басқарып келе жатқанына бір жыл да толған жоқ. Соған қарамастан, аз уақыттың ішінде бірнеше рет ақпараттық жанжалдың ортасында қалды. Бір айта кетерлігі, министр журналистерден қашпайды, сауалдарға жауап беруге де әзір. Алайда Ертаев сөйлей бастаса болды, қоғамның наразылығы күшейіп шыға келеді.

Бәлкім, мұның бәрі қызметтің табиғатына тән шығар. Өйткені әлеуметтік мәселелерге келгенде қоғамның көңіліне қаяу түсіру оңай. Қазақстанда еңбек министрлерінің арасында ақпараттық жанжалдан аман өткендері де сирек. Ulysmedia.kz ел есінде қалған ең шулы оқиғаларды еске түсіруге тырысты. Алайда әңгіме ақыр соңында министрлік қабылдаған, қазақстандықтар амалсыз көнуге мәжбүр болған даулы шешімдерге келіп тірелді.

БАЙ МИНИСТР ЖӘНЕ «ТЕЖЕГІШІ ЖОҚ» КАЛЬКУЛЯТОР

Қазан айының ортасында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бюджеттен төленетін бірқатар әлеуметтік жәрдемақыны тағайындаудың жаңа тәртібін ресми түрде таныстырды. Енді көмек алушының мұқтаждығы да ескеріледі.

Алайда бала күтіміне, көпбалалы отбасыларға, тіпті мүгедектігі бар баланы күтуге берілетін жәрдемақыларды тағайындау кезінде де мұқтаждық өлшемі енгізілетіні туралы ақпарат әлдеқайда ертерек тараған еді. Интернетте адамның әлеуметтік көмекке мұқтаж-мұқтаж еместігін есептейтін калькулятор да қызу талқыланды. Оның есебіне сүйенсек, тұрақты жұмысы мен баспанасы бар адамдардың басым бөлігі жәрдемақыға мұқтаж емес болып шықты.

Министрліктің калькулятор дұрыс есептемейтіні туралы асығыс таратқан хабарламалары, жұмыс істейтін қазақстандық әйелдердің бәрі ала алатын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін төлемдерге бұл өзгерістердің қатысы жоқ екенін түсіндіруге тырысқаны жұртты иландыра алмады. Қоғамға министрдің өзі шығып, бәрін ашық түсіндіруі керек еді. Алайда Асқарбек Ертаев мұндай түсініктеме беруге тек 16 қазанда ғана уақыт тапты.

Министрдің бір артықшылығын мойындау керек: ол ойын анық әрі сенімді жеткізді. Тіпті тікелей эфирде дұрыс жұмыс істейтін калькулятордың қалай есептейтінін өз отбасының мысалында көрсетуге келісті.

Айтпақшы, министрдің өзі мен кәмелетке толған екі ұлының жалақысын қосқанда, отбасы В санатына жатқызылды. Яғни олар олигарх емес, бірақ әлеуметтік жәрдемақысыз-ақ күн көре алады деген сөз.

Асқарбек Ертаев. Фото: ukimet.kz

Сол эфирде Ертаев бірнеше маңызды санды да атады. Қазір әлеуметтік жәрдемақыны 3,2 миллион отбасы алады. Ал 2027 жылдың қаңтарынан бастап олардың қатары шамамен 522 мыңға, яғни 16 пайызға қысқармақ.

Бірнеше күннен кейін eGov Mobile порталында калькулятор іске қосылды. Бірақ бұл жолы да қазақстандықтардың көкейінде жаңа сауалдар пайда болды. Белгілі болғандай, жүйе 16 жастан асқан адамдардың бәрін еңбекке қабілетті деп есептейді. Несие мен бөліп төлеу міндеттемелері бойынша мерзімі өткен берешек болмаса, оларды есепке алмайды. Бұған қоса, бұрынғы қате калькулятор секілді, жаңа жүйе де жай ғана жұмыс істеп жүрген талай адамды «ауқатты қазақстандықтар» санатына қосады.

Министрмен бір әлеуметтік санатқа жатудың өзі бір жағынан жағымды шығар. Бірақ халықтың білгісі келетіні басқа: жалақыдан жалақыға дейін күн көріп, керек-жарағын несиеге алатын адам шынымен бай санала ма? Яхта мен қымбат көлік қайда? Тіпті айлығынан артылған азын-аулақ ақшасын депозитке жинауға мүмкіндігі бар ма?

С және тіпті D санаттарына түскен азаматтардың да наразылығы аз болған жоқ. Оларға да жүйе жәрдемақыға мұқтаж болмаса, одан өз еркімен бас тартуға болатынын ұсынған. Алайда министрлік жұртқа қайта түсініктеме берудің орнына даулы калькуляторды жәрдемақы алушылардан басқа адамдардың бәрінің назарынан жасыра салды.

МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІН ЕМЕС, ЕСЕПТІ  ҒАНА КӨРГЕНДЕ

Дегенмен Асқарбек Ертаев бәрін жедел түсіндіруге тырысып жүріп, ыңғайсыз жағдайға қалған кездер де болды.

Жазда бүкіл Қазақстанның назары Алматы көшелерінде курьер болып қосымша табыс табуға мәжбүр болған жас әйелге ауды. Ол бір иығына курьер сөмкесін асынып, екінші қолына емшектегі баласын алып, жұмыс істеуге шыққан еді. Көпшілікке бұл жағдай түсінікті болатын: жөргек те, азық-түлік те қымбаттап жатыр. Жас отбасылар қосымша табыс табудың амалын іздеуге мәжбүр.

Бірақ министрлік әлгі отбасының жағдайын мұқият зерттеп, олардың Шымкентте жағдайы жақсы туыстары бар екенін анықтапты. Оның үстіне, жас отбасының бар болғаны «бір ғана» автокредиті бар екен.

Асқарбек Ертаев осы мәліметтерді журналистерге асығыс жеткізді. Ал қоғам жағдайдың мән-жайына үңілмей, сандарға ғана сүйенген, адамдардың қиыншылығына жанашырлық таныта алмаған министрдің отставкаға кетуін талап етті. Бірақ Асқарбек Ертаев қызметінде қалды.

Оның жолы болып кетті ме, әлде әлеуметтік салаға бөлінетін бюджетті қысқарту жөніндегі міндетін әлі толық орындаған жоқ па? Оны уақыт көрсетеді. Бірақ Ертаев қоғам наразылығына ұшыраған алғашқы еңбек министрі емес екенін атап өткен жөн.

«ПАТАМУШТА»...

Ел есінде ерекше қалған министрлердің бірі – Серік Әбденов. Жұрт оны әлі күнге дейін талай рет мемге айналған басшы ретінде еске алады.

Ол 2012–2013 жылдары министрлікті басқарды және зейнетақы реформасының негізгі насихаттаушыларының бірі болды. Ол кезде әлеуметтік желілер бүгінгідей кең таралмаған. Сондықтан министрдің отставкаға кетуін талап еткендер петиция жариялап, желіде ашу шақырған жазбалар таратумен шектелмей, өз ойын оның бетіне тіке айтатын.

Ақыры баспасөз мәслихаттарының бірінде Әбденовке жұмыртқа лақтырылды.

Серік Әбденов. Фото: time.kz

Бірақ ол бірнеше минутқа үзіліс жасап, басқа шенеуніктердің бірінен пиджак пен галстук алып киіп, сөзін жалғастырды. Министр әйелдердің зейнет жасын 58-ден 63-ке көтеру неге пайдалы әрі қажет екенін түсіндіруге тырысты.

Алайда Қарағанды облысының тұрғындарымен кездескенде Әбденовтің уәжі таусылып:

– Сіздер жұмыс істеулеріңіз керек, жерлестерім, өйткені... өйткені... – деді ол зауыт жұмысшыларына қарап.

Кейін Әбденов оның бұл сөзі негізгі жауаптан жұлып алынғанын айтып ақталды. Бірақ көп ұзамай қызметінен кетті.

Айтпақшы, содан кейін Әбденов квазимемлекеттік секторда жақсы-ақ орнықты. Тіпті министр болған кезін де әзілмен, мысқылмен еске алатын болды.

Ал зейнетақы реформасы қабылданды. Әйелдердің зейнет жасын бірден емес, біртіндеп көтеру туралы шешім шықты. Мұның себебін енді басқа еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлері түсіндіруге мәжбүр болды. Олардың да жұмысы жанжалсыз өткен жоқ.

«ТАМАРА, ШАРШАДЫҢ БА?»

Қазақстандықтардың тағдырына тікелей әсер еткен, Әлеуметтік кодекске енгізілген маңызды өзгерістердің басында тұрған тұлғалардың бірі – Тамара Дүйсенова.

Ол салалық министрлікті бірнеше рет басқарды. Алдымен Серік Әбденовтен кейін министр болды. Кейін ведомство қайта құрылып, оған денсаулық сақтау саласы да қосылғанда, Дүйсенова қызметінде қалды. 2017 жылы Еңбек министрлігі қайтадан жеке ведомство болып құрылғанда да ол басшылықты жалғастырды.

Тамара Дүйсенова. Фото: ukimet.kz

Кейін Назарбаевтың «Тамара, шаршадың ба?» деген сөзі көптің құлағында қалды. Экс-президент өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды көлеңкелі экономикадан шығару қарқынына қатты наразы болып, ашуын Дүйсеноваға бағыттаған еді.

– Мен бұл мәселені кемінде бес жыл бойы қайта-қайта айтып келемін. Нақты тапсырмалар да бердім. Алайда ешкім оны байыппен қолға алмай отыр. Министр Дүйсеноваға да бірнеше рет айттым. Не болды, Тамара, айтшы, осы жұмыстан шаршадың ба? – деді ол ведомство басшысына.

Дүйсенова мемлекеттік қызметтен бір жылдан астам уақытқа «демалып», кейін әлеуметтік саясатқа қайта оралды. Әуелі Еңбек ресурстарын дамыту орталығын басқарды, одан соң президенттің көмекшісі болды.

Ақыры 2022 жылы қайтадан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі атанды. Бір жылдан кейін вице-премьер қызметін қоса атқарды, кейін әлеуметтік мәселелерге жауапты вице-премьер болды.

Осы жылдары оның қоғамда қызу пікірталас тудырған сөздері аз болған жоқ. Бірақ одан да маңыздысы – соңғы жылдардағы әлеуметтік реформалардың бәріне дерлік Тамара Босымбекқызы басшылық етті. Олардың арасында қоғамның көңілінен шыға қоймаған шешімдер де бар: мемлекеттік жәрдемақыларды қысқарту, декреттік төлемдерді азайту, ақырында, бала бір жарым жасқа толғанға дейін төленетін ай сайынғы күтім жәрдемақысын алып тастау.

Ол мұндай өзгерістердің не үшін қажет екенін талай рет түсіндірді. Мәселен, әйелдердің зейнет жасын қайтадан 58-ге түсіру туралы сауалға жауап бергенде, Дүйсенова мұндай жағдайда әйелдердің күнкөрісіне жететін қаражаты болмайтынын ашық айтты.

– Егер әйел еш жерде жұмыс істемесе, оның зейнетақысы небәрі 24 мың теңге болады, – деген еді ол бірде.

Тамара Дүйсенова бүкіл мансабы бойы халыққа қарапайым ғана ойды жеткізуге тырысты: әлеуметтік заңнама өзгеріп жатыр. Егер адам саналы ғұмыры бойы ресми жұмыс істемесе, салық төлемесе, қиындыққа тап болғанда да, қартайғанда да мемлекет оған көмектесе алмайды.

Қағаз жүзінде бұл қисынды көрінуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде қазақстандықтардың көбінде таңдау жоқ. Олар жұмыс беруші ұсынған шартпен жұмыс істеуге мәжбүр. Еңбекақыны конвертпен берсе де, соның өзін қанағат тұтады. Ал жұмыс таба алмағандар қайтпек?

Министр кабинетінде отырып, мұндай қиындықтарды байқай қою қиын. Enbek.kz порталында күн сайын ондаған бос жұмыс орны жарияланып жатқанымен, оның бәрі жұмыс іздеп жүрген адамдарға қолжетімді бола бермейді. Оның үстіне, ой еңбегіне үйренген министрдің 60 жасында әлдебір кеңсенің еденін жуу қандай екенін елестетуі де қиын шығар. Сондықтан министрдің сөздері сырттай дұрыс көрінгенімен, халық оның айтқанын қабылдай алмады. Мұндай жағдайда кез келген адамның шаршауы түсінікті.

КІМНІҢ ТАҢДАУЫ?

Қарапайым қазақстандықтардың мәселесін түсінудегі мұндай көзқарас оның өзге әріптестеріне де тән еді.

Асқарбек Ертаевтың алдындағы министр Светлана Жақыпованы алайық. Ол әлеуметтік қамсыздандыру саласында Тамара Дүйсеновадан кем еңбек еткен жоқ. Бір мәселеге қайта-қайта түсініктеме беруден ол да шаршаған болуы мүмкін.

– Бұл – олардың таңдауы, – деген еді ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тұрған кезінде кішкентай балаларын үйде жалғыз қалдыруға мәжбүр аналар туралы.

Бұл сөз бес бірдей қыздың өмірін қиған Ситер отбасының қайғылы оқиғасынан кейін айтылды. Жұрттың наразылығы сол кезде шарықтау шегіне жеткен еді.

Светлана Жақыпова. Фото: primeminister.kz

Айтпақшы, дәл сол наразылықты басу үшін 2019 жылы Қазақстан көпбалалы отбасыларға жәрдемақы тағайындауда мұқтаждық өлшемінен бас тартты. Светлана Жақыпова содан кейін вице-министр қызметінен кетті. Алайда бірнеше жылдан соң ведомствоға министр болып оралды. Келесі үш жыл бойы ол қазақстандықтардың тұрмысы өздері айтқандай соншалықты нашар емес екенін дәлелдеуге тырысты.

Жақыпованың сөзінше, ресми түрде кедей санатына жататын қазақстандықтардың бәрі шын мәнінде кедей емес. Олардың кейбірі жалақысын ең төменгі мөлшерде көрсетіп, табысының негізгі бөлігін қолма-қол алады.

Жақыпованың айтуынша, декреттік төлем алуға келгенде де кейбір әйелдер түрлі айлаға барған. Сондықтан оның тұсында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін декреттік және бала күтіміне арналған ай сайынғы төлемдердің ең жоғары мөлшеріне шектеу қойылды.

Зейнеткерлерге қатысты да оның өзіндік ұстанымы болды. Жақыпованың пікірінше, кейбір зейнеткерлер жұмыстан кеткісі келмей, жастарға арналған жұмыс орындарының босауына кедергі келтіреді. Ол бұл мәселені шешу үшін жұмыс істеп жүрген зейнеткерлерге зейнетақы төлемеуді ұсынды.

Сол кезде Светлана Қабікенқызының реформаторлық екпінін депутаттар тежеді. Бірақ еңбек министрлері Әлеуметтік кодекске тағы қандай өзгерістер енгізуді көздегенін кім білсін? Оның үстіне, бұған дейін құжатқа ұсынылған түзетулердің арасында түбегейлі өзгерістер де болған.

ХАЛЫҚ НАРАЗЫЛЫҒЫНЫҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін 16 адам басқарған. Олардың көбі осы қызметте жүрген кезінде халықтың сүйіспеншілігіне бөлене қойған жоқ.

Бұл феноменді кезінде Гүлжан Қарағұсова түсіндіруге тырысқан еді.

Гүлжан Қарағұсова. Фото: parlam.kz

– Әлеуметтік салаға жауапты министр – ең беделсіз министр десек те болады. Өйткені біз не істесек те, халық бәрібір наразы болады. Үкімет те риза емес, себебі біз, былайша айтқанда, тек ақша жұмсаймыз. Депутаттар да үнемі көңілі толмай жүреді, өйткені олар төлемдердің көбірек болғанын қалайды, – деген еді ол.

Қарағұсованың өзі 2001 жылдан 2007 жылға дейін алты жыл бойы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды. Сол кезеңде Қазақстанда алғашқы зейнетақы реформасы жүргізілді. Соның нәтижесінде көптеген зейнеткердің төлемі бұрынғыдан едәуір өсті. Алайда кейбірінің зейнетақысы керісінше азайды.

Қарағұсова сол сұхбатында және кейінгі әңгімелерінде әлеуметтік реформаларға наразы адамдардың әрдайым болатынын мойындаған. Бірақ мәселе басқа: жыл өткен сайын әлеуметтік салаға жауапты ведомство сол наразы азаматтармен ортақ тіл табуға барған сайын құлықсыз болып жатқандай көрінеді. Әлеуметтік саясатқа қарсы шыққандардың бәрін бірден мемлекетке масыл болғысы келетіндер немесе алаяқтар қатарына қосатындай әсер қалдырады.

Ал адамдардың білгісі келетіні қарапайым: мемлекет үшін «әлеуметтік тұрақтылық» деген не? Қиын кезеңде өз күнін өзі көріп жүрген адамға үкімет қол ұшын беруге дайын ба?

Еңбек министрлігінің басшылары қазақстандықтармен тең дәрежеде, ешкімді айыптамай, түрлі таңба тақпай сөйлесуді үйренбейінше, ведомство төңірегіндегі ақпараттық жанжалдар толастамайтыны анық. Министрлердің аты-жөні, қолданатын тұжырымдары мен цифрлық құралдары өзгерер. Бірақ негізгі сауал сол күйі қалады: мемлекет қиындыққа тап болған адамдарға шынымен көмектесуге тырыса ма, әлде кімге жәрдем беруді тоқтатуға болатынын анықтауды ғана үйреніп келе ме?