Сегіз айда Қазақстан шетелден жалпы құны 799 млн доллар болатын 2,5 миллионға жуық смартфон сатып алған. Жаңа iPhone модельдері елде миллион теңгеге жуық бағамен сатылып жатыр. Ал АҚШ-та олардың бағасы әлдеқайда арзан.
Қазақстандықтардың байланыс құралына сонша ақша жұмсауына не себеп? Осы сұраққа жауап іздеген Ulysmedia.kz тілшісі Ұлттық статистика бюросының деректерін зерттеп, екі елдегі бағаны салыстырды. Сондай-ақ екі телефонға миллион теңгеден астам қаражат жұмсаған маманмен сөйлесті.
ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАНША СМАРТФОН ӘКЕЛІНДІ?
2026 жылғы қаңтар-тамыз аралығында Қазақстанға 2 461 055 смартфон импортталған. Олардың жалпы құны – 799 млн доллар. Кедендік дерек бойынша, бір құрылғының орташа құны шамамен 325 долларды құраған.
Телефондардың жартысынан астамы Қытайдан жеткізілген: 1,28 млн құрылғының жалпы құны – 461 млн доллар. Вьетнамнан тағы 1,12 млн смартфон әкелінген, олардың құны 301 млн долларға жетеғабыл.
Басқа елдерден жеткізілген телефон саны әлдеқайда аз:
Ең қымбат смартфондар АҚШ-тан әкелінген. Бір құрылғының орташа кедендік құны 769 доллар болған. Одан кейін Үндістан тұр: 637 доллар. Ал Қытайдан келген телефондардың орташа құны – 359 доллар, Вьетнамнан жеткізілгендерінің құны 269 доллар болған.
Үндістаннан әкелінген смартфондардың едәуір бөлігі iPhone болуы мүмкін. Өйткені бұл ел Apple компаниясының ірі өндіріс орталықтарының біріне айналды. Алайда ашық статистикада смартфондар өндіруші брендтер бойынша бөлінбейтіндіктен, олардың нақты санын анықтау мүмкін емес.
ТАМЫЗДА СМАРТФОН БАҒАСЫ НЕГЕ КҮРТ ӨСТІ?
Ай сайынғы көрсеткіштерге назар аударсақ, қызық өзгеріс байқалады. Смартфондардың ең көп көлемі мамырда әкелінген – 360,6 мың дана. Маусымда бұл көрсеткіш 348,3 мың болған. Ал тамызда импорт көлемі 238,5 мыңға дейін азайған. Бұл – сегіз айдағы ең төмен көрсеткіш.
Соған қарамастан, тамызда бір смартфонның орташа кедендік құны күрт өсіп, 473 долларға жеткен. Қалған айларда бұл көрсеткіш шамамен 235-370 доллар аралығында болған. Яғни елге смартфон аз әкелінгенімен, олардың орташа құны айтарлықтай қымбаттаған.
Тағы бір назар аударарлық жайт бар. Сегіз айда Қазақстан шетелге 598 752 смартфон экспорттап, одан 194 млн доллар табыс тапқан. Экспортталған құрылғылар саны импорт көлемінің төрттен біріне жуық.
Телефондардың басым бөлігі Түрікменстанға – 333 мың, Тәжікстанға – 103 мың, Моңғолияға – 80 мың дана жөнелтілген. Чехияға 21,6 мың, Ресейге 19,8 мың смартфон экспортталған.
Бір қызығы, Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға ресми түрде небәрі 168 смартфон әкелінсе, кері бағытта 17,5 мың құрылғы экспортталған.
ҚАЗАҚСТАНДА IPHONE НЕГЕ АҚШ-ТАҒЫДАН ҚЫМБАТ?
Баға айырмасы Apple компаниясының ең жаңа модельдерінен анық көрінеді. Біз АҚШ пен Қазақстандағы 256 ГБ жады бар iPhone 18 Pro және Pro Max бағаларын салыстырдық. АҚШ-тағы баға долларына 448,61 теңге бағамы бойынша есептелді. Жергілікті сату салығы есепке алынбаған. Қазақстандағы баға iSpace дүкенінің мәліметіне негізделген.
Есеп бойынша, iPhone 18 Pro сатып алатын қазақстандық Apple белгілеген бастапқы бағамен алатын америкалықтан шамамен 312 мың теңге артық төлейді. Ал Pro Max моделіндегі айырма 327 мың теңгеге дейін жетеді.
Бағаға салық, жеткізу шығындары, валюта бағамының құбылуы және сатушылардың үстемеақысы әсер етуі мүмкін. Алайда импорттаушылар мен сауда желілерінің нақты қанша пайда табатынын сатып алу бағасы туралы деректерсіз анықтау мүмкін емес.
EnergyProm сарапшыларының мәліметінше, 2022 жылы жаңа iPhone 14 Pro Қазақстандағы орташа айлық жалақының шамамен 2,6 есесіне тең болған. Ал 2026 жылы iPhone 18 Pro сатып алу үшін 1,7 айлық жалақы қажет. Дегенмен бұл есеп салықтар ұсталмаған жалақыға негізделген.
МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ЕКІ IPHONE: ҚАЖЕТТІЛІК ПЕ, МАҚТАН БА?
Қазақстандықтардың бір бөлігі соңғы үлгідегі iPhone-ды мәртебесін көрсету үшін сатып алса, енді біреулер үшін смартфон – жұмыстың негізгі құралы. Кейде бір телефонның өзі жеткіліксіз.
Біз сөйлескен SMM маманы әрі видеожурналист Нұрбол екі құрылғыны қатар пайдаланады: iPhone 14 Pro Max және iPhone 16 Pro Max. Біріншісін шамамен 460 мың теңгеге, екіншісін 650 мың теңгеге сатып алған. Осылайша, екі телефонға жұмсаған ақшасы 1,1 млн теңгеден асқан.
– Бір телефонмен видео түсіремін, ал екіншісі арқылы материалдарды монтажға немесе жұмыс топтарына жіберемін. Видео жүктеліп жатқанда телефон бос болмайды, бірақ түсірілімді жалғастыру керек. Сондықтан материалды AirDrop арқылы екінші iPhone-ға бірден жіберіп, жұмысымды жалғастыра беремін. Біздің салада видеоны сапалы түсіру ғана емес, ақпаратты өзгелерден бұрын жариялау да маңызды, – дейді ол.
Нұрболдың айтуынша, SMM мамандарының iPhone-ды жиі таңдауының басты себебі – камерасының сапасы, видео түсіргенде кескіннің тұрақтылығы және монтаждауға қолайлылығы. Оның өзі бес жылдай бұрын Android телефонында видео өңдейтін қосымшалар жиі кідіре берген соң Apple құрылғыларына ауысқан.
Алайда сапалы контент түсіру үшін міндетті түрде ең соңғы модельді сатып алудың қажеті жоқ деп есептейді ол.
– iPhone 13-тен бастап-ақ сапалы контент түсіруге болады. Әрине, жаңа модельдердің үлкейтіп түсіру мүмкіндігі жақсырақ, кескіні анықтау. Бірақ SMM саласында жұмыс істеу үшін міндетті түрде iPhone 18 Pro Max керек деген сөз емес. Samsung немесе басқа смартфонмен де видео түсіріп, тіпті көбірек қаралым жинауға болады. Нәтиже тек телефонға байланысты емес, – дейді маман.
Сонымен бірге тапсырыс берушілердің техникаға қоятын талабы күшейіп келеді. Оның сөзінше, кейбір компаниялар түсірілім үшін iPhone-ның 14 немесе 15-сериясынан ескі емес моделін пайдалануды алдын ала талап етеді. Осы арқылы видео сапасының белгілі бір деңгейде болуын қамтамасыз еткісі келеді.
Маман Apple құрылғыларының тағы бір артықшылығы ретінде қайта сатқанда бағасын салыстырмалы түрде жақсы сақтайтынын атап өтті.
– iPhone-ды 600 мың теңгеге сатып алсаң, біраз уақыттан кейін оны 450-500 мың теңгеге сатуға болады. Бағасы бірден құлдырамайды. Адамдардың Apple-ды таңдауына осы да себеп, – дейді ол.
Біреулер қымбат смартфонды табыс табу үшін пайдаланса, енді біреулер үшін оны сатып алу мәртебе жарысына айналған.
– Қазір жаңа iPhone-ды алғашқылардың бірі болып сатып алып, оны әлеуметтік желіде көрсету маңызды болып кеткендей. Ал шын мәнінде, модельдер арасында аса үлкен айырмашылық болмауы да мүмкін. Apple маркетингі өте күшті. Біреулер телефонды жұмыс үшін алса, басқалары мақтан үшін сатып алады. Тіпті ақшасы жетпесе де, несиеге кіруге дайын адамдар бар, – дейді сұхбаттасымыз.
Нұрболдың өзі де болашақта iPhone 18 Pro Max алуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бірақ мұндай шешімді қалтасы көтерсе ғана қабылдайтынын айтады.
– Ақшам болса, әрине, сатып аламын. Бірақ түсіру сапасы дәл сондай басқа смартфон тапсам, оны да қарастырамын. Әзірге көрген телефондарымның арасынан соңғы iPhone-ға толыққанды бәсекелес таба алмадым, – деп түйіндеді ол.
ЖАҢА IPHONE-ДАРДЫ ТІРКЕУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛДІ МЕ?
iPhone 18 таныстырылғаннан кейін Қазақстанда жаңа топтамадағы құрылғылардың IMEI нөмірлерін жеке тұлғалар үшін верификациялау уақытша тоқтатылған еді. Бұған техникалық жұмыстар мен қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігі себеп болған.
9 қазаннан бастап құрылғыларды тіркеу қайта жанданды. Енді мұны eGov Mobile қосымшасы немесе portal.imei.gov.kz порталы арқылы жасауға болады.
Әзірге Қазақстанға нақты қанша iPhone әкелінгені әзірге белгісіз. Ашық статистикада смартфондардың жалпы импорты көрсетілгенімен, өндіруші брендтер бойынша мәлімет жоқ.
Ал баға айырмасы айқын: Apple-дың соңғы моделін қазақстандықтар америкалықтарға қарағанда жүздеген мың теңгеге қымбат сатып алады. Біреулерге ол жұмыс үшін қажет болса, енді біреулерге желідегі мақтан үшін миллионын сарп етуге дайын.