500 жұмыс орны ма, әлде таза су ма: Қытайлық инвестор ШҚО ауылын алаңға салды

Ulysmedia.kz коллажы

Шығыс Қазақстан облысындағы Верхнеберезовк атты шағын ауылда жарқын болашаққа деген үміт пайда болды. Мұнда кенішті қайта іске қосуға ниетті инвестор келіп, жүздеген жұмыс орнын ашуға және ауылды дамытуға 1,5 млрд теңге бөлуге уәде берді. Жастар жаппай көшіп, инфрақұрылымы тозып бара жатқан ауыл үшін бұл жағымды жаңалық еді. Алайда кен өндіру жұмыстары басталмай жатып-ақ компания экологиялық талаптарды бұзғаны анықталды. Тұрғындардың бір бөлігі шахтаның қайта ашылуын асыға күтсе, өзгелері ауызсу мен адам денсаулығына алаңдаулы.

Ulysmedia.kz тілшісі ауылға тиімді болып көрінген жобаның неліктен дау туғызғанын зерттеп, екі тараптың да көңілінен шығатын шешім табуға бола ма деген сауалға жауап іздеді.

ИНВЕСТОРДЫ КҮТКЕН АУЫЛДЫҢ КӨҢІЛІ НЕГЕ КҮПТІ

Верхнеберезовка бір кездері кен өндірісі дамыған елді мекен еді. Мұнда кәсіпорын жұмыс істеп, тұрғындар жалақы алып, болашағын жоспарлайтын. Қазір сол кезеңнен қалғаны – ескі бес қабатты үйлер, ойдым-ойдым жолдар мен жабық шахта. Березов байыту фабрикасы 2014 жылы апаттан кейін жұмысын тоқтатты. Сол кезде бункер опырылып, бір жұмысшы қаза тапқан. Ғимараттар мен құрылымдардың қатты зақымдануына байланысты кәсіпорынды әрі қарай пайдалану қауіпті деп танылды.

Содан бері он екі жылға жуық уақыт өтті. Жастар жұмыс іздеп жан-жаққа көшіп, ауылдың да ажары қашты. Сондықтан инвестор келетіні туралы хабарды тұрғындардың көбі үмітпен қабылдады.

Қытайдың Dengbo Success Minerals Ltd компаниясы Ново-Березовка мыс-мырыш кен орнын қайта игеруге ниетті. Кен қоры шамамен 4,7 млн тонна деп бағаланып отыр. Қоғамдық тыңдауда жарияланған жоспарға сәйкес, кен өндіру 2030 жылы басталуы мүмкін. Жергілікті тұрғындарға кәсіпорында кемінде 500 адам жұмыс істейтіні айтылған.

Алайда шахта іске қосылмай жатып, оның төңірегінде экологиялық дау шықты. Тұрғындар ескі кеніш аумағындағы шахта суының өзенге құйылып жатқанын байқаған. Олардың шағымынан кейін Верхнеберезовкаға ШҚО экология департаментінің мамандары тексеруге келді. Тексеру барысында компанияның іске қосу-баптау жұмыстары кезінде экологтардың рұқсатынсыз шахта суын сорып алғаны анықталды. Зертханалық талдау нәтижесі суда ластаушы заттардың рұқсат етілген мөлшерден асып кеткенін көрсетті.

– Березовка мен Красноярка өзендерінің маңындағы топырақ қабатының ластанғаны анықталды. Суда қорғасын мен мырыштың шекті рұқсат етілген концентрациясы асып кеткен. Бұлар – ауыр металдар. Қондырғы рұқсатсыз жұмыс істеген, ал шахта суы тазарту құрылғыларынсыз су айдынына ағызылған, – деді ШҚО экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Меруерт Ризабекова.

Компания Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің төрт бабы бойынша жауапқа тартылды. Қоғамдық тыңдауда айтылған мәліметке сәйкес, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 4 млн теңге болған. Істердің бірі сотқа жолданып, кәсіпорынға заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.

Инвестор су сорылғанын жоққа шығармайды. Алайда мұны шахта суының құрамын зерттеу қажеттілігімен түсіндіреді.

– Біз тек дайындық жұмыстарын жүргіздік. Ластану деңгейін анықтау үшін суды бір рет сорып алдық. Шахтаның төменгі қабаттарына жетуіміз керек болды. Өйткені үстіңгі қабаттағы су таза болғандықтан, жағдайды толық көрсете алмайды. Сорғылар үш сағат жұмыс істеді. Сол үшін айыппұл салынды. Қазір ешқандай жұмыс жүргізіп жатқан жоқпыз, себебі рұқсатымыз жоқ, – деді Dengbo Success Minerals Ltd компаниясы директорының орынбасары Оразай Ұянқанұлы.

Компания өкілі Қазақстанның экологиялық талаптарын сақтауға уәде берді. Дегенмен бұл уәде тұрғындардың бәрін бірдей иландыра қойған жоқ.

Айта кетейік, «Қазгидромет» дерегіне сүйенсек, 2025 жылы өзен суының сапасы алтыншы санатқа жатқызылған. Бұл – су ластануының жоғары деңгейін білдіреді. Негізгі ластаушы заттардың бірі мырыш болған. Демек, инвестор экологиялық мәселелері жылдар бойы қордаланған аумаққа келген. Ал компаниямен алғашқы таныстық айыппұлмен басталды.

ӨНДІРІСТІ АУЫЛҒА ЗИЯН КЕЛТІРМЕЙ ЖҮРГІЗУГЕ БОЛА МА?

5 қарашада Верхнеберезовкада кен орнын игеру жобасына қатысты қоғамдық тыңдау өтті. Компания өкілдері мен жобалаушылар болашақта салынатын тазарту құрылыстары, шахта суын өңдеу жолдары және экологиялық қауіпсіздік шаралары туралы баяндады. Алайда тәуелсіз мамандардың бірқатар сауалына жауап табылмады.

Эколог Роман Честных жобада қарастырылған кен өндіру технологиясына назар аударды. Бұл әдіс тау жыныстарын опыра қазуға негізделген. Белгілі бір жағдайларда ол жыныстардың жылжуына және жер бетінің деформациялануына әкелуі мүмкін. Ал шахта қазбаларының үстінде жер учаскелері, бұлақтар мен тұрғындар пайдаланатын аумақтар бар. Сондықтан маманның пікірінше, мұндай қатерді азайтатын балама технологияларды да қарастыру қажет.

Шахта суын тазарту жүйесіне қатысты да сұрақ көп. Жоба бойынша суды химиялық реагенттермен өңдеп, тұндыру және сүзу көзделген. Құжаттарда тұйық су айналымы жүйесі қарастырылғаны жазылған. Яғни тазартылған су табиғи су айдындарына жіберілмей, өндірісте қайта пайдаланылуға тиіс.

Алайда мемлекеттік экологтар компанияның бұған дейін суды өзенге ағызғанын анықтаған. Құжаттаманы әзірлеп жатқан «РУДПРОЕКТ» ЖШС техникалық директоры жобаның әлі де пысықталып жатқанын, сондықтан су тазарту тәсілдері өзгеруі мүмкін екенін мойындады.

«АУЫЛЫМЫЗДЫҢ ЖОЙЫЛЫП КЕТКЕНІН ҚАЛАМАЙМЫЗ»

Бұл оқиғадағы ең маңызды жайттың бірі – жергілікті тұрғындардың ұстанымы. Верхнеберезовка халқын қытайлық бизнеске қарсы және оны қолдайтын екі топқа бөліп қарау қиын. Тұрғындардың бәріне ортақ бір тілек бар: ауылдың тіршілігі тоқтамауы керек. Тек инвесторға қаншалықты сенуге болатыны жөнінде пікірлері әртүрлі.

Жергілікті тұрғын, тәрбиеші Ольга Сорокоумова компанияның келуі ауылда жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелерді реттеуге көмектеседі деп үміттенеді.

– Ауылымыздың гүлденгенін қалаймын. Болашақта жойылып кетпесе екен деймін. Инвесторлар су құбыры, жол, медицина, жедел жәрдем сияқты өзекті мәселелерімізді шешуге көмектесе алады деп ойлаймын, – дейді ол.

Налия Чучупалова да осы пікірде.

– Тек жақсылық күтемін. Үкіметіміз мұнда ойына келгенін істеуге жол бермейді, экологияны бақылауда ұстайды деп сенемін. Бірақ жұмыс істеу керек. Ауылымыздың жағдайы әбден мүшкіл, – дейді тұрғын.

Ал Марина Логвиненко кеніштің қайта ашылғанын қаласа да, ең алдымен заң талаптары сақталуы керек деп есептейді.

– Инвестордың бізге заңды жолмен келгенін қалаймын. Ауылымның тағдырына алаңдаймын. Жұмыс та, жалақы да керек, кеніштің қайта жанданғанын қалаймыз. Бірақ бәрі ақылға қонымды шекте болуы керек. Ештеңеге зиян келмеуге тиіс, – дейді ол.

Әсіресе әйелді кәсіпорын толыққанды жұмысын бастамай жатып-ақ экологиялық талаптарды бұзғаны ашуландырған.

– Қалай сонда? Инвестор келді де, бірден бізді улай бастады. Мұны өздері де мойындап, айыппұл төледі. Бірақ ол ақшаны кімге төледі? Мемлекетке. Ал біздің мәселелеріміз сол күйі қалды. Мұның бәрі бақшамызға, суымызға, табиғатқа зиянын тигізуі мүмкін, – дейді ол.

Наталья Якимецтің өмірі кенішпен тығыз байланысты. Ол мұнда 25 жыл бойы көтергіш машинасының машинисі болып жұмыс істеген, кейін шахтаның өзінде еңбек еткен. Кен өндірісіндегі апаттан ұлынан да айырылған. Соған қарамастан, әйел кәсіпорынның қайта ашылуын қолдайды.

– Біз кеніштің қайта жанданғанын қалаймыз, бірақ бәрі заңды түрде жүзеге асуы керек. Қытайға да, Жапонияға да есігіміз ашық. Тек бәрі адал болсын, ешқандай қулық болмасын. Жұмыс болғанын, адамдардың табыс тауып, жастардың осында қалғанын қалаймыз, – дейді ол.

Тұрғындардың сөзінен даудың түпкі мәнін аңғаруға болады. Олар табыс пен қауіпсіздіктің бірін таңдағылары келмейді. Екеуі де қажет.

АУЫЛДЫ ДАМЫТУҒА 1,5 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНБЕК

Инвестордың тағы бір маңызды уәжі – ауыл алдындағы әлеуметтік міндеттемелері. 2026 жылғы 22 қыркүйекте ШҚО әкімдігінде Dengbo Success Minerals Ltd компаниясымен меморандумға қол қойылған. Құжатқа сәйкес, компания 2027–2035 жылдар аралығында Верхнеберезовканы дамытуға 1,5 млрд теңгеге дейін қаржы бөлмек.

Бұл қаражатты жолдарды жөндеуге және күтіп ұстауға, әлеуметтік нысандарды қолдауға, тұрғын үй қорын жаңғыртуға, әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетуге және ауылдың өзге де қажеттіліктеріне жұмсау жоспарланған. Бұдан бөлек, жергілікті тұрғындарды басымдықпен жұмысқа орналастыру көзделген.

Алайда әзірге уәде етілген 1,5 млрд теңгенің тек 10 млн теңгесі аударылған. Компания өкілінің айтуынша, бұл қаражат Глубокое ауданы тұрғындарын қолдау қорына түскен.

Осы тұста инвестордың міндеттемелері қаншалықты нақты деген сұрақ туындайды. Жоспар өзгерсе не болады? Өйткені әлеуметтік жауапкершілік туралы меморандум экологиялық рұқсаттың орнын баса алмайды. Жаңа жолдар мен жұмыс орындары судың қауіпсіздігіне қатысты күдікті де сейілтпейді.

Қытайлық компания өкілі жобадан бас тарту жоспарда жоқ екенін мәлімдеді. Кәсіпорын қаржы құйып, тұрғындар алдындағы барлық міндеттемесін толық орындауға ниетті.

– ШҚО экология департаменті 15 күн ішінде жұмыс жүргізуге қажетті рұқсат құжатын беруі керек. Біз барлық процесті ашық жүргізіп, қандай жұмыс атқарып жатқанымыз туралы тұрғындарға тұрақты түрде есеп беруді жоспарлап отырмыз. Бастамашыл топтың бір өкілін жұмыстарды бақылап отыратын ортақ топтың құрамына қосуға дайынбыз. Қалпына келтіру жұмыстарының бәрі ашық форматта жүргізіледі, – деп сендірді Dengbo Success Minerals Ltd компаниясы директорының орынбасары Оразай Ұянқанұлы.

КІМГЕ СЕНУГЕ БОЛАДЫ?

Айта кетейік, қоғамдық тыңдауда да жергілікті тұрғындар қатысатын комиссия құру ұсынылды. Мұндай комиссия қоршаған ортаның жай-күйін бақылап, кәсіпорынның жұмысы туралы ақпарат алып отырар еді. Компания бұл ұсынысты қабылдауға дайын екенін білдірді.

Бір қарағанда, екі тараптың мүддесін үйлестіруге мүмкіндік бар сияқты. Алайда экологиялық дау мен қызу талқылаудан кейін әзірге ең басты мәселенің шешімі табылған жоқ: кімге және қандай шартпен сенуге болады?

Верхнеберезовкада жұмыс орындарын ашып, ескі өндірісті қайта жандандыруға мүмкіндік туып отыр. Бірақ бұл мүмкіндіктің құны қандай болатынын әлі ешкім нақты айта алмайды.

Мұндағы басты мәселе ауылға инвестор керек пе, жоқ па деген сауал емес. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, олар инвестордың келгенін қалайды. Мәселе басқада: ауылдықтар жаңа жұмыс орындарымен қоса кейін ешкім шеше алмайтын экологиялық проблемаларға тап болмай ма?

Сізге қызық болуы мүмкін