Табиғи апаттарды болжау үшін ғылымның әлеуетін барынша пайдалану қажет – Тоқаев

Ulysmedia

Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.

Фото: Ақорда

Президент өз сөзінде ғылым дерексіз, яғни абстрактілі емес, нақты қолданбалы, күнделікті өмірде пайдасы мол сала болуға тиіс екенін атап өтті.

Ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану маңызды. Ғылымды мемлекет дамуының өзекті мәселелерінен бөле-жара қарастыруға болмайды. Оны ел мен қоғам игілігі үшін тиімді пайдалану қажет. Ғылым дерексіз, яғни абстрактілі емес, нақты қолданбалы, күнделікті өмірде пайдасы мол сала болуға тиіс. Ғылыми негізсіз жасалған шаруаның салдары ауыр болуы мүмкін. Мұны өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Апатты ғылыми тұрғыдан болжау, оның ықтималдығы мен әсерінің ауқымын дер кезінде бағалау өте маңызды. Су тасқыны, орман өрті және Алматыдағы жер сілкінісі осыны айқын аңғартты. Ашығын айтсақ, төтенше жағдайдың алдын алу ісінде айтарлықтай олқылықтар бар. Бұл – жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер. Ең алдымен – білікті мамандардың тапшылығы. Тиісті ғылыми қорытынды сапалы жасалмайды. Сондықтан жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек, – деді Тоқаев.