Оқушылар ковидке қарсы вакцинаны мектептерде алады

Ulysmedia

Қазақстанда соңғы 2 айда коронавирус дертіне шалдығу 3,4 есеге, індеттен көз жұму 4 есеге азайған. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

Фото: ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой

Министр ел тұрғындарының 41%-ы вакцина алғанын мәлімдеді.

“Балалардың, жүкті және бала емізетін әйелдердің коронавирусқа қарсы вакцинаға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 4 миллион 230 доза екпе сатып алынды. Бұл 2 млн 215 адамға жетіп қалуы тиіс. Осы орайда 12-18 жас аралығындағы балалар, 16-37 аптадағы аяғы ауыр әйелдер, босанғаннан кейін 42 күн өткен аналар екпе қабылдай алады”, – деді Алексей Цой.

Аталған мақсатта “Pfize” вакцинасы әкелінуде.

Балаларға екпе жасау мектептерде, ата-ананың немесе заңды өкілінің рұқсатымен жасалмақ.

Ревакцинация 22 қараша басталмақ. Үкімет басшысы Асқар Мамин осыған байланысты егу қосындарының әзірлігін пысықтауды тапсырды.