×
444.22
476.38
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
444.22
476.38
4.82

Сқақовтың айфоны, Оразалиннің отандық көлігі мен Батталовтың «құпиясы»

11.11.2021, 13:18
Коллаж: ulysmedia.kz

Бүгін сауалдарымызға Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Ақтөбе облысының басшысы Оңдасын Оразалин мен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жауап береді. БАҚ-қа бейілділігі, айлығы мен қызметтік көлігі жайлы сұраққа әкімдер қандай жауап жолдады? Ulysmedia.kz порталы «Әкімге үш жарым сұрақ» айдарын жалғастырады.  

Айта кетсек өңірлерді басқаратын әкімдер бұқаралық ақпарат құралдарына қаншалықты жақын? Олардың қызметтік көлігі қандай? Айлығы қанша? Әкімдердің бәріне Ulysmedia.kz порталы атынан осындай үш сауал жолданған еді. Жауап ең бірінші болып Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектен келгенін жазғанбыз.

СҚАҚОВ LEXUS-ПЕН ЖҮРЕДІ

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов 2021 жылдың басынан бері Atameken business channel және Астана ТВ телеарналарына кеңейтілген сұхбат бергенін, сондай-ақ ақпанда «Ертіс», «Ирбис», «ЭГТ» телеарналарының және әлеуметтік желілердің тікелей эфирінде халық алдында есеп бергенін хабарлайды.

Осы жылдың маусым айында Орталық коммуникациялар алаңына (ОКҚ) да шыққан. Сондай-ақ маусымда Екібастұзда қаланың кешенді даму жоспарына арналған баспасөз конференциясын өткізген. Оған республикалық телеарналар қатысқан.

«Павлодар облысы «қызыл» аймақта болғандықтан әкім 23 кеңесті фейсбуктегі парақша арқылы өткізді», - деп хабарлады әкімнің баспасөз қызметі.

Әкімнің қызметтік көлігі – 2014 жылы шығарылған LX5707.

«Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысының әкімі қызметінде 2020 жылдың 20 қаңтарынан бастап қызмет атқарады. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жалақысы – айына 967 674 теңгені құраған (салық пен міндетті төлемдер осы айлықтың ішіне кіреді)», - делінген жауапта.

Әкімнің баспасөз хатшысы Әбілқайыр Сқақовтың жеке ұялы телефонының маркасы iPhone 12 екенін айтты.

ОРАЗАЛИН: БАРДЫ БАР ДЕП АЙТАМЫЗ

«Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен, журналистермен кездесу – бұл менің күнделікті жұмысымның ажырамас бөлігі. Өкінішке қарай, карантин жұмысымызға көп түзету енгізді. Соған қарамастан біз облыста телеарна, газет, әлеуметтік желілер алаңы арқылы ақпарат құралдарымен диалог құра алдық. Әкімдік қызметкерлері мен жеке өзім дәстүрлі ақпарат алаңдарында журналистермен тілдесу мүмкіндігінен қашпаймыз. Барды бар, болатын істі болады деп айту орынды деп ойлаймын», - дейді Ақтөбе облысының әкімі.

Оңдасын Оразалин биыл облыстық телеарна арқылы халықпен есеп беру кездесуі ұйымдастырылғанын, оған жергілікті журналистер қатысып, өз сұрақтарын қойғанын айтады. Бұдан басқа, әкім Президент Телерадиокешенінің деректі фильмі үшін «Ақтөбем – алтын бесігім» атты өңірдің дамуы туралы көлемді видеосұхбатқа жауап берген. Облысты дамытудың өзекті мәселелері бойынша Астана арнасына «Тәуелсіздік жолы» атты бағдарламаға сұхбат берген. ОКҚ алаңында екі брифинг өткізіп үлгерген.

«Қызметтік көлігім Қазақстанда жасалған – 2019 жылғы Kia K900.  Ақтөбе облысының әкімі ретінде бір айлық еңбекақым мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілерге еңбекақы төлеудің кейбір мәселелері туралы қаулысының лауазымдық жалақысы схемасына сәйкес, еңбек өтілді ескере отырып 1 856 170 теңгені (қолға, салық пен міндетті төлемсіз) құрайды», - деді Оңдасын Оразалин.

Әкімнің баспасөз хатшысы Оңдасын Оразалиннің жеке ұялы телефоны «Samsung» екенін айтқанымен, қандай модель екенін нақтылаған жоқ.

БАТАЛОВ ТЕЛЕБІЗІРДЕН ТҮСПЕЙДІ

Осы үш сұрақтың алғашқысына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жауапты ұзағынан жолдапты. Мамырда ОКҚ алаңына шыққанын, «Хабар 24» телеарнасының «Аймақтар» хабарына сұхбат бергенін хабарлайды әкім. Райымбек ауданының қайта құрылуына арналған хабарына да облыс басшысының арнайы сұхбаты жазылған. Сол сияқты «Хабар» және «Қазақстан» телеарналарына өңірдің рухани тыныс-тіршілігі жайлы баяндап, белгілі журналистер Нұртілеу Иманғалиұлы, Бейсен Құранбек туралы естелігін бөліскен. Бұдан бөлек, облыста өткен түрлі шаралар барысында да журналистер сұрағына жауап берген.

«Солардың ішінде тек берідегі сұхбаттарына тоқталсақ, қыркүйек айында медицина қызметкерлеріне арнап «Аялы алақан» ескерткіші ашылғанда денсаулық сақтау саласы мамандарына көрсетіліп отырған қолдау шаралары туралы («Қазақстан», «Хабар 24», «Мир24», «Алматы» телеарналарына), Талдықорған қаласы күніне орай тұрғын үй кілттерін тапсыру рәсімінде Талдықорғанның дамуы және тұрғын үймен қамту мәселесі жөнінде («Қазақстан», «Хабар 24»телеарналары), өңірдегі бұқаралық спортты дамыту шаралары туралы («31» телеарнасына), қазан айында Балқаш ауданына барған сапарында ирригациялық жүйелерді жаңғырту жұмыстары туралы («Қазақстан», «СТВ», «Хабар», «Хабар 24», «Алматы» телеарналарына) кеңінен әңгімелеп берді. Сонымен қатар республикалық басылымдарда, интернет порталдарда («Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Казахстанская правда», «Литер» газеттері, «Евразия» журналы, «Бренды Казахстана» кітабы, «Tengrinews.kz» және т.б.) 15 сұхбаты мен мақаласы жарық көрді», - дейді әкімнің баспасөз қызметі.

Әйтсе де басқа әкімдер ашық айтқан айлығын Баталовтың баспасөз қызметі жасырып қалды.

«Екінші сауал бойынша Алматы облысы әкімінің жалақысы үкіметтің 2017 жылғы 16 қазандағы «Мемлекеттік бюджет есебінен қамтылған барлық органдар үшін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту туралы» №646 қаулысына сәйкес мемлекеттік қызмет өтіліне байланысты анықталады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы «Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы» №1196 қаулысына сәйкес, «Мемлекеттік бюджет есебінен қамтылған барлық органдар үшін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесі» таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызылған. Жоғарыда баяндалғанды ескере келе, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» № 401-V заңының 6-бабының 8-тармақшасына сәйкес, облыс әкімінің жалақысы туралы ақпарат таратылуға жатпайды», - дейді Амандық Баталов.

Облыс әкімінің қызметтік көлігі - 2010 жылғы «Mersedes Bens S500» маркалы көлік (мемлекеттік нөмірі 001 VV 05). Әкімнің баспасөз хатшысы Амандық Баталовтың ұялы телефонының маркасы «Samsung» болғанымен нақты қай модель екенін білмейтінін жеткізді.

Серіктес жаңалықтары