2021 жылы Қазақстандағы әрбір алтыншы ломбард шығынға батқан

Ulysmedia

 "Қаңтар оқиғалары" кезінде Алматы ломбардтарына 2,9 млрд теңге шығын келтірілген, деп хабарлайды finprom.kz

Фото: ашық дереккөзден

ҚР Ұлттық банкінің дерегінше, 2021 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша елімізде 602 ломбард тіркелген. Сектордағы меншікті капиталдың жиынтық көлемі бірінші жартыжылдық қорытындыларымен салыстырғанда 36,4% - ға немесе 40,2 млрд теңгеге ұлғайып, 150,5 млрд теңгені құрады. 2021 жылғы қаңтар–қыркүйекте бөлінбеген пайданың жиынтық көлемі 25,6 млрд теңгені құрады (2021 жылғы қаңтар–маусымдағы қорытындылармен салыстырғанда 42,6% немесе плюс 7,6 млрд теңге пайда).

"Қаңтар оқиғаларының" салдарынан отандық ломбардтар қатты зардап шекті. Ең көп шығынға батқан – Алматы ломбардтары. Қала әкімдігінің мәліметінше, 2022 жылғы 14 қаңтардағы жағдай бойынша шаһардағы ломбардтарға алдын ала келтірілген шығын 2,9 млрд теңгені құрады. Алмалы ауданында 35 ломбард тоналса (шығын — 2,6 млрд теңге), Әуезов ауданында 11 ломбард талқандалған.

Еліміздегі 602 ломбардтың ішінен 2021 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша 469 ломбард пайда тапқан. Бөлінбеген пайданың ең аз мөлшері 2 мың теңгені құрады.

Пайда көлемі бойынша топ ондықта "М-Ломбард" (6,1 млрд тг) көш бастап тұр, одан кейін "МК-Ломбард" (3,8 млрд тг) және "Астра-Ломбард" (2,7 млрд тг). 1 млрд теңгеден астам пайдаға "МК-Алтын Ломбард" (1,7 млрд тг) және "Сейф Ломбард" (1,4 млрд тг) кенелді.

Сонымен қатар, 2021 жылғы қаңтар–қыркүйекте 102 ломбард жабылмаған шығынға батты. Шығын көрсеткіші жөнінен Auto money ломбарды (332,2 млн тг) алда тұр, одан кейін "Тез Ломбард" (69,6 млн тг) және "Ломбард три А" (24,1 млн тг) ломбардтары жайғасқан.