Белсенді Склярды утилалымға қатысты алаяқтықты қорғады деп айыптады

Ulysmedia

Азаматтық белсенді, кәсіпкер Нұраддин Садықов утилизациялық алымның кесірінен ел экономикасының бірнеше саласының тұралағанын алға тартып, өздеріне тікелей қатысты мәселеге көз жұма қарайтын Үкімет мүшелерін сынға алды, деп хабарлайды ulysmedia.kz. 

Фото: ашық дереккөзден

Нұраддин Садықов Facebook парақшасында бірнеше ведомствоның бармақ басты, көз қысты әрекеттерін жіпке тізді. 

“Индустрия министрлігі біздегі автоөнеркәсіптің көзбояушылық екенін көрмегенсиді. 18 жыл бойы «дамып келген» саламыз шетелдік дайын көлікке бір екі тетік бұрап, Отандық өнім деп ұсынып, оны керемет жетістік қылып көрсетеді.

Ауылшаруашылығы министрлігі осы утилалым кесірінен фермерлер ауыл шаруашылығы техникасына 20% артық шығындалатынын байқамағансиды. Оған мәу демек түгілі, бұл саладағы қоғамдық жиындарға мүлде қатыспайды. Құдды бір құмға басын тыққан түйеқұс дерсің.

Экономика министрлігі утилалым кесірінен, микро, шағын, орта бизнестердің күйреп, экономикаға орасан зор шығын келіп жатқанын көрмеген сыңай танытады.

Әділет министрлігі сырттан дөңгелексіз келіп жатқан көліктер мен техниканы әкеліп, отандық өнім деп сатып жатқан Алдар көселердің қыруар өтіріктерін, заңбұзушылықтарын көрмегенсиді.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі – халықтың арыз-шағымына келгенде таскерең, әлеуметтік ахуалдың күн санап нашарлап бара жатқанын көрмейтін көрсоқыр.

Сауда министрлігі елдегі қымбатшылықтың, түрлі тауарлар бағаларының өсу себебі – утилалым себебінен екенін білмеген кейіп көрсетеді.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігі автоөндіріс саласындағы олигополияға, бәсекелестікті шектеу мен өлтіруге бағытталған утилалым секілді алымдарға көз жұма қарайды.

Атамекен кәсіпкерлер палатасы утильсборды кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай деп таниды.

Қаржы министрлігі 700 млрд утилалымның құмға сіңіп кеткенін көрмейді. Одан бөлек автоөнеркәсіпті қолдаймыз деген желеумен оларға салық пен кедендік түрлі жеңілдіктер жасалып, бюджетке ақша түспей қалғанын байқамай қалады”, – деп жазды кәсіпкер. 

Ол қоғамдағы наразылыққа қарамастан, Р.Склярдың жақында ғана ауылшаруашылығы техникасының утилалымы бұрынғыша қалатыны, ал автотранспорт утилалымы Ресеймен сәйкестендірілетіні жайлы айтуын сынға алды. Кәсіпкердің сөзінше, вице-премьер сараптап көріп, автоөнеркәсіпті тексеріп, тиімділігін есептеуді де қажет санамады. 

“Осыған орай, ҚР Үкіметіне, әсіресе, бірінші вице-премьер Скляр мырзаға қоятын үш сауалымыз бар:

1. Утилалымға қатысты афераны сонша қорғауыңызға не себеп?

2. Егер бұл афера болмаса, утилалым жүйесіне, автоөнеркәсіптің деңгейін анықтауға қоғамдық тексеру жүргізуге неге қарсы боласыз?

3. Сіз шаршап жүрген сияқтысыз, мүмкін мемқызметтен демаларсыз?”, – деп жазды Н.Садықов.