Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің II форумында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жер саясатына қатысты бірқатар ескертулер жасап, жауапты министрлерге жеті күн ішінде есеп беруді тапсырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖЕРДІ БӨЛУ ІСІ - БАЯУ
Мемлекет басшысы ең алдымен жайылым тапшылығы мен жерді тиімді пайдалану мәселесін көтерді. Оның айтуынша, ауыл тұрғындарына және нақты жобасы бар инвесторларға арналған жер учаскелерін бөлу ісі әлі де баяу жүріп жатыр.
Тоқаев 2022 жылдан бері мемлекеттік қор қайтарған ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі 14 миллион гектардан асқанын еске салды. Алайда ол өңір әкімдіктерінің бұл жерлерді қайта айналымға қосуда қағаз жүзіндегі жоспардан аса алмай отырғанын сынға алды.
- Қайтарылған жер келесі жылдың ортасына дейін толықтай айналымға енгізілуі керек. Ең бастысы – бұл учаскелер тағы да бос қалып, игерілмей жатпауға тиіс, – деді президент.
Форумда көтерілген тағы бір мәселе – жердің кепілдік құнының төмендігі. Президент Үкіметке кадастрлық құнды есептеу тәсілін қайта қарап, нарыққа сай келетін жүйе әзірлеуді жүктеді.
Сонымен қатар, Тоқаев Жолдауда айтылған Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын дайындау жұмыстарының баяу жүріп жатқанын атап, бірнеше министрге жеті күн ішінде атқарылған істі толық баяндауды тапсырды.
- Жер қатынастары саласында әлі де көп кедергі бар. Бұл – заманауи шаруашылық құруға қолбайлау. Сондықтан жауапты ведомстволар бір апта ішінде нақты есеп беруге тиіс, – деді мемлекет басшысы.