Салық реформасының салдары: бизнеске жаңа мемлекеттік бағдарлама ұсынылды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Үкімет отырысы барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин кәсіпкерлерге салынатын салықтың өсуінен жиналатын триллиондаған қаражаттың қайда бағытталатынын айтты. Ulysmedia.kz Қазақстандағы микро және шағын бизнесті қолдауға арналған жаңа бірыңғай бағдарлама туралы баяндайды.

Үкіметтен «жеңіл қадам»

Министрлер алдында сөз сөйлеген Серік Жұманғарин бизнес, әсіресе шағын және микробизнес салық реформасы мен тарифтік саясаттың, сондай-ақ сыртқы геоэкономикалық және геосаяси жағдайлардың салдарын қазірдің өзінде сезініп отырғанын мойындады. Осыған байланысты Президенттің тапсырмасымен Ұлттық экономика министрлігі «Іскер аймақ» атты бірыңғай бағдарламаны әзірлеген. Бағдарлама, ең алдымен, ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардағы шағын кәсіпкерлікті ауқымды дамытуға бағытталған.

– Бағдарлама технологиялық тұрғыдан қарапайым, тез іске асатын және жедел әлеуметтік-экономикалық нәтиже беретін жобаларға бағдарланған, – деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Басым бағыттардың қатарында ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу, тері өңдеу, шағын наубайханалар, сүт және ет жартылай фабрикаттары, тамақ өндірісі, ағаш өңдеу, жиһаз цехтары мен құрылыс материалдарын өндіру, қолөнер және жергілікті қосылған құн тізбегін қалыптастыратын өзге де салалар бар. Бұл бағыттар тұрақты өндірістік базаны құрып, ұзақмерзімді экономикалық тиімділікке жол ашады.

Бизнеске не ұсынылады?

«Іскер аймақ» бағдарламасы аясында өңірлік шағын және микробизнеске қаржылай да, қаржылай емес те қолдау тетіктері қарастырылған. Қаржылай қолдаудың бірі – 200 млн теңгеге дейінгі несиелер бойынша номиналды мөлшерлемені субсидиялау. Субсидияланатын несиелердің түпкілікті мөлшерлемесі үш жыл мерзімге, пролонгациясыз, жылына шамамен 8,8% болады деп жоспарлануда. Сондай-ақ кәсіпкерлерге «Даму» қоры арқылы несиелерге кепілдік беру көзделген.

Қаржылай емес қолдау шараларына салалық онлайн-оқыту, кәсіпкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған сервистік және консультациялық қолдау кіреді.

– Сонымен қатар, инфрақұрылымдық қолдау шаралары да қарастырылған: өндірістік және коммуналдық инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз ету, ғимараттар мен жер учаскелерін жеңілдетілген шарттармен жалға беру, – деді ұлттық экономика министрі.

Үкіметтің есебінше, жалпы сомасы 400 млрд теңгеге жуық несиелер субсидияланады. Бұл үшін 2026 жылы шамамен 24 млрд теңге қажет болады. Бір жыл ішінде 5 мыңнан астам жобаны қолдау жоспарланып отыр.

– Қазіргі таңда ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты», «Бір ауыл – бір өнім» сияқты бағдарламалар іске асырылуда. Бұл бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар, соның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жобалары «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасы шеңберінде қосымша қолдауға ие бола алады және субсидиялар, инфрақұрылымдық әрі қаржылай емес мемлекеттік қолдау алу кезінде басым тәртіппен қаралады, – деп атап өтті Жұманғарин.

Бизнестің күшімен өңірлерді дамыту

– Бағдарламаның негізгі тәсілі – өңірлерді кәсіпкерлікті дамытуға ортақ жауапкершілікке тарту. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар өңірлік әлеует пен қажеттіліктерді ескере отырып, басым салалардың қосымша тізбесін қалыптастырады, – деді Серік Жұманғарин.

Осыған байланысты «Іскер аймақ» аясында бюджет қаражатының 30%-ы Абай, Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы жобаларды қолдауға бағытталады. Қалған 15 өңірге қаржыландырудың 70%-ы бөлінеді.

Салық реформасы

2025 жыл Қазақстан үшін салық тартыстарының жылы болды. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі жүздеген түзетулермен толықтырылып, бизнес өкілдерінің наразылығына және билік дәліздерінде қызу пікірталасқа себеп болды. Бұл – соңғы жылдардағы ең көп талқыланған әрі алаңдаушылық тудырған реформалардың бірі. Кәсіпкерлер мен сарапшылар жаңа салық ережелері Қазақстандағы шағын бизнестің одан әрі жұмыс істеуіне қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып отыр.