Ақорда Ұлттық банктің 7 трлн теңге туралы мәлімдемесіне жауап берді

Сырым Қаржас
vecher.kz

Қазақстандағы банктердің біреуі арқылы 7 трлн теңгенің «елден шығарылғаны» жөніндегі мәлімдеме Ұлттық банк пен Ақорда арасында ашық қайшылық туғызды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов президент айтқан мәліметтердің мәнін басқаша түсіндірген соң, бұл мәселеге мемлекет басшысының баспасөз қызметі араласты.

Ұлттық банк не деді

BES.media-ға берген сұқбатында Берік Шолпанқұлов президент айтқан 7 трлн теңге заңсыз шығарылған ақша емес, бұл жай ғана банктегі жалпы ақша айналымы болуы мүмкін екенін айтты. Ол мысал ретінде: екі адам күн сайын бір-біріне ақша аударса, бір жылдың ішінде үлкен сома жиналатынын келтірді.

Оның сөзінше, Қаржы нарығын реттеу агенттігі мен Ұлттық банк тексеріс жүргізіп жатыр, алайда әзірге заңбұзушылықтың айқын белгілері анықталмаған.

— Қазір бұл қай банк екенін айту дұрыс емес. Президентке ақпарат қалай жеткізілгенін де айта алмаймын. Тексеру аяқталған соң бәрі жарияланады, — деді Шолпанқұлов.

Яғни Ұлттық банк өкілінің айтуынша, әңгіме ақшаны сыртқа заңсыз әкету емес, банктегі жалпы қаржы қозғалысы туралы болуы мүмкін.

Ақорда не деді

Бұған жауап ретінде Ақорда президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров түсініктеме берді.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тексерілмеген ақпаратты айтпайды. Егер ол 7 трлн теңге көлемінде транзакциялар болды десе, демек ол рас, — деді ол.

Ақорданың мәліметінше, бұл ақпарат қызметтік кеңесте, яғни көпшілікке арналмаған жиында айтылған. Ол кеңес Қаржылық мониторинг агенттігінің ғимаратында өткен.

Сонымен қатар, президент әдейі банк атауын, ақша қай елден келгенін және қай елге кеткенін атамаған. Бұл шешім саяси және дипломатиялық себептермен қабылданған.

Неге сұрақ көп, жауап жоқ?

Еске салсақ, 28 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы қазақстандық банктердің біреуі шетелге 7 трлн теңгеден астам қаражат аударғанын айтып, оны «сорақы жағдай» деп атады. Ол реттеуші органдарға заңсыз қаржы операцияларын бақылауды күшейтуді тапсырған.

Алайда сол күні-ақ Ақорда бұл мәлімдемені өз сайттары мен әлеуметтік желілерінен өшіріп тастады. Бұл қоғамда түрлі болжамдардың көбеюіне себеп болды. Банктер өздерін ақтай бастады, бірақ қай банк екені әлі күнге дейін ресми түрде айтылған жоқ.