"Бар күшімді салуға уәде беремін": Қарин алғашқы мәлімдемесін жасады

Сырым Қаржас
fergana.news

Қазақстанның жаңадан тағайындалған вице-президенті Ерлан Қарин қызметіне кіріскеннен кейін алғашқы мәлімдемесін жасады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа білдірген сенімі үшін алғыс айтып, елде болып жатқан ауқымды өзгерістерге тоқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Ерлан Қариннің айтуынша, кейінгі бес-жеті жылда Қазақстанда барлық салада айтарлықтай өзгерістер болды.

– Кейінгі бес-жеті жылда еліміз қай жағынан болмасын айтарлықтай өзгерді. Өзіңіз айтып жүргендей, Қазақстан мүлде жаңа тұрпатты елге айналды. Көптеген салада ауқымды және терең өзгерістер жүріп жатыр. Оның оң нәтижесін халқымыз өз көзімен көріп, сезіне бастады, – деді вице-президент Құрылтай отырысында.

Ол Президенттің қолдауы мен сенімінің арқасында елдегі тарихи өзгерістердің ортасында жұмыс істеуге мүмкіндік алғанын атап өтті.

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, өзіңіз жиі айтатын бір сөз бар: “Әрбір азамат үшін елге қызмет ету – үлкен бақыт әрі зор мәртебе”. Маған да осы жылдары осындай мүмкіндік беріп, сенім білдіргеніңіз үшін үлкен алғыс айтамын! Қандай қызметте болсақ та, әрдайым өзіңіз айқындаған міндеттерді адал атқарып, Қазақстанның болашағы үшін еңбек етуге бар күшімді салуға уәде беремін, – деді Ерлан Қарин.

Вице-президент не істейді?

Қазақстанда вице-президент лауазымы 2026 жылы жаңа Конституция қабылданғаннан кейін енгізілді. Оның өкілетін президент айқындайды.

Вице-президент Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасап, мемлекет басшысының тапсырмаларын орындайды.

Сонымен қатар мемлекет басшысының өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, президенттің өкілетін бірінші болып вице-президент қабылдайды.

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент лауазымына Ерлан Қаринның кандидатурасын ұсынғанын, оны Құрылтай депутаттары қолдағанын хабарлаған едік.