Мәди Тәкиев қаржы министрі қызметін атқара береді

Сырым Қаржас
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәди Тәкиевті қаржы министрі қызметіне қайта тағайындады. Тиісті жарлық 3 қыркүйекте жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Тәкиев кім?

Мәди Тәкиев 48 жаста. Ол Алматы облысының Балқаш ауданында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін заңгерлік білім алып, MBA дәрежесін иеленген.

Еңбек жолын 1998 жылы бухгалтер болып бастаған, кейін салық қызметіне ауысқан. 2000 жылдан бастап қатардағы инспектордан Салық комитеті басқармасының басшысына дейінгі жолдан өтті. Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментін басқарды. Ұлттық экономика вице-министрі және Президент Әкімшілігінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды.

2023 жылы «Amanat» партиясынан Мәжіліс депутаты болып сайланып, Қаржы және бюджет комитетін басқарды. 2024 жылғы ақпанда депутаттық мандатын тапсырып, Қаржы министрі қызметіне тағайындалды.

Тәкиев министр ретінде немен есте қалды?

Тәкиев заңсыз иемденілген активтерді қайтару жөніндегі комиссияның және Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің құрамына кіреді. 2026 жылғы наурыздан бастап Eurasian Resources Group компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі. Сондай-ақ Қазақстан волейбол федерациясын басқарады.

Министр қызметінде Тәкиев Қазақстан проблемалық активтерді шетелдік инвесторларға сатуға дайын екенін мәлімдеді.

— Проблемалық активтер портфелінде банктер де, жерлер де, «Алматы Арена» да болды. Мұның бәрін қалпына келтірдік, қазір жұмыс істеп тұр, — деді ол IPAF саммитінде.

Журналистер Қазақстан активтерді шетелдіктерге сатуға дайын ба деп нақтылаған кезде министр:

— Иә, егер қызығушылық танытса, — деп жауап берді.

Бұған дейін, 2024 жылы министр болып тағайындалған кезде Тәкиев министр қызметіндегі жалақысы еңбек өтілін қоса есептегенде «бір жарым миллион теңгеден сәл жоғары» екенін айтқан.