Мұрат Мұханов Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тиісті жарлыққа Қазақстан президенті қол қойды.
Жаңа министр туралы не белгілі?
Мұрат Сейтмолдаұлы Мұханов 1985 жылы 1 шілдеде Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. 2006 жылы ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтын «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Мансабын ТЖМ жүйесінде 2006 жылы Маңғыстау облысында бастаған. Инженер болып жұмыс істеп, кейін өртке қарсы қызмет бөлімшелерінде басшылық қызметтер атқарған.
2017–2020 жылдары Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары болды. 2020 жылғы желтоқсанда департамент басшысы болып тағайындалып, бұл қызметті 2024 жылғы қаңтарға дейін атқарды.
Одан кейін Мұханов ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының міндетін атқарушы орынбасары қызметін атқарды.
2024 жылғы сәуірде Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы болып қайта тағайындалды.
2026 жылғы маусымнан бастап Мұханов Төтенше жағдайлар министрлігі аппаратының басшысы қызметін атқарды.
Енді ол ведомствоны басқарады.