Инфляцияны кемінде екі есе төмендету керек – Тоқаев

Ғалиасқар Думан

Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында сөз сөйлеген президент Үкіметке нақты міндет жүктеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

«Бірінші мәселе – тұрақты экономикалық өсімнің жылына кемінде 4 пайыз болуын қамтамасыз ету керек. Экономкианың даму үлгісіг түбегейлі өзгерту керек. Нарық қағдидаларын нығайту маңызды», – деді Тоқаев.

Ол сонымен қатар инвестициялық хаб ретінде Қазақстанды дамыту керектігін атап өтті.

«Азаматтарымыз Үкіметке зор үміт артады, жоғары талап қояды. Ел сенімін ақтау – бәрімізге сын. Мен кеше Парламент сессиясының ашылуында нақты міндеттерге тоқталдым. Үкімет стратегиялық бағдарымызды жүзеге асыра отырып, мынадай мәселелерге баса мән беруге тиіс. Мәз болып отыруға болмайды», - деді Тоқаев.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы министрлер кабинетіне инфляцияны екі кемінде екі есе төмендету жүктеді.

«Екінші. Инфляцияны тежеу қажет. Биыл оны кемінде екі есеге төмендету керек. Ең алдымен, азық-түліктің бағасын реттеу аса маңызды. Сол себепті агроөнеркәсіп кешенін және сауда-саттықты дамыту – негізгі басымдықтың бірі. Ішкі нарықты өз өнімдерімізбен барынша қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру керек», – деді Тоқаев.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, елімізде  инфляция қарқыны үдеді. Ұлттық банктің мәліметінше, 2023 жылғы қаңтарда елдегі жылдық инфляция 20,7%-ды (2022 жылғы желтоқсанда – 20,3%) құрады. Өңірлер бойынша 19 облыста инфляция үдеп, тек 1 облыста ғана (Қарағанды ​​облысы) бәсеңдеген.

Қазақстанда бір жыл ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 26,2%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 20,5%, ақылы қызметтер құны 15% өсті.