×
441.66
475.14
4.86
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.66
475.14
4.86

“Профилактикалық әңгіме жүргізіледі”: Жаңаөзенде тұрғындарды ұстау жалғасып жатыр

12.04.2023, 08:36
видеодан кадр

Әлеуметтік желілерде Жаңаөзенде көшеге шыққандарды жаппай ұстау жалғасып жатқаны жайлы видео тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Видео авторының сөзінше, 12 сәуір күні таңертең күштік құрылымдар жергілікті тұрғындарды ұстап әкетіп жатыр.

Кадрлардан СОБР сарбаздары тұрғындарды көлікке мінзігіп жатқанын көруге болады.

Видео авторы қауіпсіздік қызметкерлері жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7.00-де көшеге шыққандарды ұстағанын жеткізді. 

Көп ұзамай Маңғыстау облыстық полициясы Жаңаөзенде жолды жапқан тұрғындарды тәртіп сақшылары ұстағанын растады. Ұсталғандар “профилактикалық әңгіме жүргізу үшін” полиция бөлімшесіне әкелінген. Қанша адамның ұсталғаны хабарланбады.

Айта кетейік, бұдан бұрын Астанаға наразылық білдіруге келген жаңаөзендік мұнайшылар вокзалдан бейнеүндеу жолдап, үйлеріне қайтып бара жатқандарын айтқан. Олар дін аман екендерін жеткізіп, жерлестеріне алғыс айтты.

Еске салсақ, 10 сәуірде  Жаңаөзендегі «БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесінің жұмыстан қысқарған 80-ге тарта жұмысшысы Астанаға келіп, Энергетика министрлігі ғимаратының алдына наразылық білдірді.

Олардың бәрі «Өзенмұнайгаз» компаниясынан жұмыс талап етті. Жұмыссыз қалған жаңаөзендіктер мәселеміз шешілмей министрлік алдынан кетпейміз деді. Олар таңды сол жерде атырды.

Бұдан бұрын Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мұнайшылардың талабы әлі айқын еместігін айтқан.

Ал премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов  жаңаөзендік жұмысшылардың тендерден ұтылған компанияның қайтадан ұтып шығуын талап етуі дұрыс еместігін мәлімдеді.

Кейіннен жұмысшылар «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығы ұсынған жұмыс орындарынан бас тартқаны хабарланды.

11 сәуір күні кешке пикет ұйымдастырған Жаңаөзен мұнайшыларын қауіпсіздік қызметкерлері ұстап әкетті. Жерлестерінің ұсталғанын естіген бойда Жаңаөзенде жергілікті кәсіпорындардың қызметкерлері Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті.

Көп ұзамай Жаңаөзен қаласының әкімі жиналғандарға бейнеөтініш жасап, мәселені түсіндірді, сабырлыққа шақырды.

Серіктес жаңалықтары