Атқарушы және өкілді билік бір-бірін толықтырып отыруы керек – Тоқаев

Ғалиасқар Думан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметте өтіп жатқан еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте атқарушы және өкілді билік арасында тиімді қарым-қатынас орнатудың маңызын баса айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақорда

«Жуырда Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Үкімет қайта жасақталды. Осылайша, ауқымды саяси өзгерістің алғашқы кезеңі аяқталды деуге болады. Біз билік тармақтарының тепе-теңдігін орнықтырдық. Енді еліміздегі қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құруымыз керек. Жұртшылық бұл реформаларға зор үміт артып отыр. Сондықтан, біз нақты іс-шараларға баса мән беруге тиіспіз»,  – деді Президент.

Мемлекет басшысы Парламент сессиясының ашылуында заңнамалық тұрғыдан шешілуге тиіс бірқатар мәселені атап өткенін еске салды.

«Ал, бүгін әлеуметтік-экономикалық саладағы мақсат-міндеттерді айқындап алуымыз керек. Үкімет және барлық деңгейдегі әкімдер соған сүйеніп жұмыс істейтін болады. Осы басқосуға мәслихаттардың өкілдері қатысып отыр. Бұл да – нақты саяси өзгерістердің нышаны. Атқарушы және өкілді билік арасында тиімді қарым-қатынас орнату өте маңызды. Қажет болса, олар бірін-бірі толықтырып, қолдап отыруы керек. Мұның бәрі мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ел мүддесін ескере отырып шешім қабылдауға жол ашады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.