Олар тұрғын үй кешенінің құрылысына салынған ақшаны қайтаруды талап етеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Azh.kz ақпарат көзіне сілтеме жасап.
Митингке шыққандар 2019 жылы Байсанат, Сарайшық, Qazanat және Family Town тұрғын үй кешендерін салып жатқан «Sarayshyq invest group» компаниясымен келісімшартқа отырған. Құжатта үйлер 2021 жылы пайдалануға берілуі керек деп көрсетілген. Бірақ тұрғын үй кешендерінің құрылысы рұқсатсыз жүргізілгендіктен, уәде етілген үйлер уақытында берілмеген.
Салымшылардың айтуынша, олардың көпшілігі осы тұрғын үй кешендерінен жаңасын алу үшін пәтерін сатып жіберген.
Наразылық білдірушілердің басты талабы – инвесторларды қылмыстық жауапкершілікке тартып, нысандардағы құрылысты жалғастыру немесе оларға салынған ақшаны толығымен қайтару.
Көшеге шыққан халық наразылық танытып, баннер ұстап, уәжін айтып жатқанда оларға қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бексұлтан Сәтімов келіп, наразылық білдірушілер бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзып жатқанын еске салды.
Алайда оның сөзінен ешкім сескенген жоқ. Баспасөзбен ары қарай тілдесе берді.
«Біз бұл жерге әділеттілік іздеп келдік. Арамызда қолына таяқ ұстап келгендер, балаларын жетелеп келгендер бар. Үнімізді тыңдауы керек», - дейді митингке шыққандар.
Атырау облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің басшысы Нариман Биғали заңсыз құрылыстың неге дер кезінде тоқтатылмағанына жауап берді.
«Салымшылардан шағым түспесе, тексеру жүргізуге құқымыз жоқ. Бізге ешқандай өтініш түскен жоқ, азаматтар тек полицияға шағымданды. Заң бойынша құрылыс компаниясы бізге тұрғын үйдің алдын ала жобасын ұсынып, мақұлдау туралы хабарлама алуға міндетті. Бірақ олар рұқсат алмаған», - дейді ол.
Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл іс бойынша үш күдіктінің үстінен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.