×
444.14
477.05
4.85
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
444.14
477.05
4.85

"Азаптауға жатпайды": ІІМ полицияның журналисті шешіндіруін заңды деп есептейді

15.08.2023, 10:49
фото: ашық дереккөзден

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев полиция қызметкерлерінің журналист Сандуғаш Дүйсенованы шешіндіріп тінтуі жөнінде тілшілердің сұрағына жауап берді. Оның айтуынша, істің бәрі “заңмен регламенттелген”, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Қылмыстық іс әлі тергелуде. Біздің қызметкерлердің іс-әрекеттерінің заңдылығын прокурорлар, одан кейін сот тексереді. Сол жерде кемшілік анықталып, қызметкерлеріміз міндеттерін дұрыс атқармаса, сот үкімі шыққаннан кейін кешірім сұрауға дайынбыз», - деді Марат Қожаев.

Журналистер одан “осы жағдай үшін полиция журналистен кешірім сұрамай ма?” деп сұраған. Алайда вице-министр бұл сұраққа нақты жауап бере алмады.

“Заңда нақты жазылған: қылмыстық істерді тергеу кезінде заң аясында жасалған іс-әрекеттердің бәрі азаптауға жатпайтыны жазылған”, – дейді Қожаев.

Еске салайық, Сандуғаш Дүйсенованың ұсталғаны жөнінде алдымен алыпқашпа әңгімелер тарай бастаған. Көп өтпей, полиция оның ұсталғанын растады.

Журналисті қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін, атап айтқанда адамның жеке немесе отбасылық құпиясы болып табылатын жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз таратқаны үшін (ҚР ҚК 147-бабы) тергеу изоляторына орналастырғаны белгілі болды. 

Келесі күні Дүйсенова полицейлер оны ұстап, жігерін құм қылу үшін тыр жалаңаш шешіндіргенін мәлімдеді. Полицейлер жеке тінту процедурасы қылмыстық тергеушінің қатысуымен және екі куәгердің қатысуымен тергеушінің ҚІЖК талаптарына сәйкес жүргізілгенін айтады.

Ақпарат министрлігі Дүйсенованың ұсталуына түсініктеме беріп, мәселені бақылауда ұстайтындықтарын мәлімдеді.

Дүйсенованың ұсталуы журналистерге тағы бір ескерту ме әлде полицияның кезекті жүгенсіздігі ме – бұдан бұрын  Ulysmedia.kz осы сұраққа жауап іздеп көрген.

Сондай-ақ, бұдан бұрын істі болған журналист Сандуғаш Дүйсенованы қолдауға бағытталған петиция жарияланғанын хабарлағанбыз.

Серіктес жаңалықтары