Қазақстанға Ресей мен Беларусь премьерлері не үшін келмекші

Ғалиасқар Думан

Ресей мен Беларусь премьер-министрлері Михаил Мишустин мен Роман Головченко Қазақстанға өнеркәсіптік көрмеге қатысу үшін келеді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінде өткен брифинг барысында ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Оның айтуынша, 25-27 қыркүйек аралығында Астанада Экспо аумағында "Иннопром Қазақстан-2023" халықаралық өнеркәсіптік көрмесі өтеді.

Көрменің мақсаты – өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, инвестиция тарту, сауда ынтымақтастығын кеңейту және жаһандық тәжірибе алмасу. Көрмеде Қазақстанның, Ресейдің негізгі өнеркәсіптік компаниялары, сондай-ақ Армения, Беларусь, Пәкістан, Түркия, Иран, Әзірбайжанның ұлттық экспозициялары ұсынылады.

"Жоғары мәртебелі қонақтардың – Ресей үкіметінің басшысы Михаил Мишустиннің және Беларусь премьері Роман Головченконың қатысуы жоспарлануда", - деді Смадияров.

Журналистердің Ресей премьері Қазақстан билігімен қосымша кездесулер мен келіссөздер өткізе ме деген сұрағына СІМ өкілі жауап берген жоқ.