2040 жылы Қазақстан энергия тапшылығына тап болады - Талғат Темірханов

Ulysmedia

Қазақстан қоғамы елімізде Атом электр станциясын салу-салмау мәселесінде екіұдай пікірде.  Күрмеуі көп мәселе қоғам талқысына түскелі де бір жыл уақыт өтті. АЭС Қазақстанға қажет пе? Шынымен электр энергиясына тапшылық бар ма, әлде бұл қолдан жасалған тапшылық па? АЭС салу бізге не береді? Ондағы қауіп қандай? Тариф өсе ме? Экологияға әсері қандай? Осы сынды көпшілікті мазалаған сұрақтардың жауабын алу үшін Қазақстанның Электроэнергетика қауымдастығының төрағасы Талғат Кеңесұлы Темірхановпен «Ұлыс» алаңында сұқбаттасқан едік.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Редакциядан: Материал дайындалып жатқан сәтте Қазақстанда АЭС салуға қатысты жалпыұлттық референдум 2024 жылдың 6 қазанында өтетіні белгілі болды. Бұл туралы бүгін, 2 қыркүйекте қос палатаның бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдау жасаған ҚР Президенті Қ.Тоқаев мәлімдеді.

– Талғат мырза, АЭС салу идеясы неден туындады

– Соңғы 2-3 жыл ішінде энергетика саласында біраз өзгерістер болып жатыр. 2021 жылы «ҚР Экологиялық кодексі» қабылданды. Сол құжаттың аясында бірінші дәрежелі объектілерді экологиялық модернизациялау міндеті қойылды. Соның ішінде электр мен жылу беретін станциялар да бар. Екінші ірі және беделді құжат бұл «Көміртек деңгейін түсіру стратегиясы» деп аталатын құжат. Оған мемлекет басшысы қол қойды. Сол құжаттың аясында мемлекет 2040 жылдан бастап көмір отынынан ақырындап бас тартуды көздеп отыр. 2060 жылы ауаға тарайтын көміртегі шығарындылары болмауы керек деген жоспарымыз бар.

Екібастұзда, Риддерде, Петропавлда қыстың көзі қырауда станцияларда апаттар болды. Бұл апаттар жалпы энергетика саласындағы станциялардың тозу деңгейін көрсетті. Біздегі мағлұмат бойынша станциялардың орташа тозу деңгейі - 65 процент. Кейбір жеке станциялар 85-86 процентке тозған. Бұл негізінен үлкен қатер. Мұндай жағдай тек біздің елде ғана емес, шекаралас елдерде де байқалады. Бұл, біріншіден, тарифтің арзан болуынан. Соңғы жылдары бізде тарифті көтермеу мәселесі жоқ емес, бар. Социальный подход дейміз, қарапайым адамдарға тарифті бірден көтермеу үшін, яғни шок болмау үшін тарифтерді көтермей ұстап тұрған саясаттың нәтижесі осындай болып отыр.

Қазақстандағы көмір қоры 300 жылға дейін жетеді. Бізде жыл сайын 110 млн.тонна көмір қазылады. Соның жартысы «Богатырь» компаниясына тиесілі ("Самұрық-Энерго" компаниясының тау-кен дивизионы). Бізде осындай қор бар кезде біз жылдан-жылға көмір генерациясынан бас тартамыз деген құжатты қабылдадық. Неге? Біріншіден, біз Париж келісіміне қол қойдық. Париж келісімі әрбір мемлекет үшін көміртек шығарындыларын жылдан-жылға қысқарту міндеттемелерін бекіткен. Біз де бұдан тысқары қалмадық. Біз де халықаралық қауымдастық алдында 15 процентке төмендетеміз деген міндеттеме алдық.

Осы міндеттемені көрерменге түсіндіре кетсек. Бізде Теміртаудағы, Өскемендегі экологиялық жағдай бар. Астмамен, онкологиямен ауыратын адамдардың қатары күннен-күнге артып барады. Бұған назар аудармасақ болмайды. Біздікіндей лас ауамен демалатын елдердің қатары азайып жатқан заманда бізде, керісінше, көбейіп жатқаны алаңдатпай қоймайды. Мұны бізде ашық айта бермейді. Бәрін саралай келе осы тұсқа келіп отырмыз ғой.  

Түсіндіре кетейін, көміртек шығарындыларының басым көп бөлігі осы көмір генерациясына тиесілі. Бізде электрэнергияның 65 проценті көмір генерациясынан алынады. Жылу мен электрэнергия. Енді өздеріңіз ойлаңыздар, жартысынан көп электрэнергияны көмірден аламыз екен. Сондықтан айтылған жайттарды қарастыра келе біз 2040 жылға дейін дайын болуымыз керек. 2040 жылы көмір генерациясын алмастыру үшін бізге басқа базалық генерация қажет. Мемлекет басшысы экономикамызды екі есе ұлғайтамыз деген міндет қойды үкіметке. Инфрақұрылымдық жобалар үшін (екі есе өсіп жатқан) экономиканы электроэнергиямен және жылумен жабдықтау үшін бұл инфрақұрылымдық жобаларды бір жарым есе ұлғайту деген сөз. Қазір кешкі уақыттарда барлық азамат үйлеріне қайтып, электр құралдарды қосқан кезде электрэнергияны көп тұтынатын уақыттар болады. Сол уақыттарда біздің өзіміздің электрэнергиямыз тапшы болады. Сондықтан біз көрші елдерден жетіспейтін электрэнергияны сатып алуға мәжбүр болып отырмыз. Әсіресе, бұл орайда біз Ресейге тәуелдіміз. Ол және жылдан-жылға артып келеді.

– АЭС энергия тапшылығын қалай шешеді

– АЭС – бұл жаңа генерация, жаңа қуат көзі. Бұл - бірінші мәселе. Жаңа генерацияны салуға қандай мәжбүрлілік болды дегенге жауап - осы. Энергетика саласы үшін ең басты қиындық, біріншіден, тариф мәселесі. Екіншіден, кадр мәселесі. Үшіншіден, экология мәселесі. Бұл 3 мәселе проблема ретінде жылдан-жылға күшейіп барады. Көмір генерациясына қаражат тарту қиындап барады. Неге десең, банктер бізге несие берген кезде олар сол салған ақшасын қайтарып алады деген кепіл болуы керек станциядан. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда станциялар ондай кепілдік бере алмайды. Неге десеңіздер, бізде тариф 7 жылға бекітіледі. Сол бекітілген мерзімде тарифті өсіру қарастырылмаған. 13 теңге деп бекітті ме, сол 7 жыл бойы 13 теңге болып қалады. Тариф мәселесін қозғасақ, біздер оны анық түсініп жатырмыз. Неге десеңіз, бізде промышленная инфляция (өнеркәсіптік инфляция. - Ред.) деген ұғым бар. Ол инфляция 20 процент деңгейінде емес. Мысалы, 2022 жылы ол 50 процент деңгейінде болды. Энергетика саласында қондырғылар 80 процент Ресейден әкелінеді. Себебі өзімізде шығарылмайды. Сондықтан Ресейде қымбаттаған кезде біз сатып алу үшін қаражатты дайындауымыз керек. Қаражат көзі бізде біреу ғана, ол - тариф. Тарифті қайта қарастырмасақ, жөндеу жұмыстарын немесе жалақыны қысқартуымызға тура келеді.  Жоғарылап жатқан тарифті бүкіл қазақстандық көтере алмайды. Біз мемлекетке де, жалпы министрлікке де айттық, осы тарифті көтере алмайтын жандарға (әлеуметтік жағынан) мүгедек жандарға, көп балалы отбасылар, зейнеткерлерге т.б. бір тарифті біржолата бекітіп тастайықшы 5-6 жылға. Ал басқа азаматтар, тарифтің әділетті өсімін көтере алатын азаматтар төлеуі керек. Ол енді нарық заңы. Одан ешқайда кете алмаймыз.

Кадр мәселесіне ойыссақ. Қазақстанда жастар техникалық мамандықтарға көп бара бермейді. Мен жазда еліміздегі 3-4 станцияға барып, жұмысшылармен ашық сөйлестім. Астанадағы станцияда орташа жалақы деңгейі 550 мың теңге. Ал өңірлерде 350 мыңнан аспайды. Осыны көрген жастар жылу станцияларына бара қоймайды. Бұл кадр тапшылығын тудырады.  Ал АЭС біздің болашақ экономиканың іргетасы деуге болады. Неге екенін түсіндіре кетейін. Қазақстан сыртқа көптеген тауар түрін шығарады (шикізат). Сол шетелдердің ішінде Еуропа елдері де бар. Еуропалық елдер өздерінің станцияларына, металлургиялық компанияларына экология, модернизациялау, жалақы жағынан өте қатаң талаптар қояды. Сондықтан олардың 1 тоннаға жұмсайтын шығындары біздің 1 тоннаға жұмсайтын шығындардан неғұрлым жоғары. Олар бағасы төмен затты алғысы келеді. Біздің тауарлардың бағасы электрэнергияның, жалақының т.б. қоса есептегенде, өзіндік құны еуропалық әріптестерімізден гөрі төмен. Біз Еуропаға сатқан кезде сол компаниялар әділетті сұрақ қояды. Неге біз модернизацияға ақша салып жатырмыз, жалақыны көтеріп жатырмыз? Басқа елдерден келетін тауарларға біздің бәсекелестік шыдамайды. Сондықтан олар, егер қателеспесем, 2025 жылдан бастап «шекаралық салық» деген ұғымды енгізіп жатыр. Егер сенің тауарыңда көміртек ізі өте жоғары болса (бізде генерацияның 65 проценті көмірден алынады), біздің 1 тонна алюминийде өте жоғары көміртек ізі көрсетіледі. Егер сенің тауарыңда көміртек ізі өте жоғары болса, сен Еуропа елдеріне кірмес бұрын салық төлеуің керек. Мысал ретінде айтайын, ERG компаниясы алюминийді Еуропаға сатқан кезде жылына 330-350 млн.долларды шекаралық салық ретінде төлеуге мәжбүр болады.

Әрбір заттың өзіндік бағасы болады. Егер сіздің бағаңыз жоғары болса, тауарыңызды ешкім алмайды. Шетелге шыға алмаймыз. ERG компаниясы еліміздегі тау-кен саласындағы үштен бір үлеске ие беделді компания. 65 мың адам жұмыс істейді. Енді сол компанияда осындай қиындық болған кезде, 65 мың адам сол қиыншылықты сезе бастайды.

Біз көтеріп жатқан мәселе энергетиканың болашақ құрылымы. Біздің айтып жатқан дүние экспортқа шығатын компаниялар үшін 10-15 жылдық өзіміздің жоспарымызды көрсетуіміз керек. Сол үшін АЭС салуымыз керек. Неге? АЭС-тің көміртек шығарындылары - нөл. Олар көмір жақпайды. ТМО (қалдықтары) бойынша АЭС-те қалдық жоқтың қасы.

– Олардың қалдығы болмай ма?

– Қалдықтары - бір Камаз. Жылына бір Камаз келеді де, қалдықты алады да кетеді.

– Қайда төгеді?

– Оны сақтауға жібереді. Ол жағы әлі анықталған жоқ.

– Ол радиоактивті қалдықтар ғой.

– Радиоактивті қалдықтарды жинаған кезде оның әлемдік стандарттары болады. МАГАТЭ деген ұйым солардың бәрін реттейді, тексереді. Егер біздегі сақтау дәрежесі төмен болса, бізге қатысты тиісті шаралар қолданады. Энергетика мамандарының ойынша, АЭС - энергетика саласының болашағы. Неге десең, Қазақстанға жаңа генерация көзі керек.

– Сіз бүкіл экономиканы АЭС шешеді деп отырсыз. Балама энергетика туралы не айтасыз? Қазір WAY-energy деген айтылып жатыр.  

– Балама энергетиканы да дамытып жатырмыз. Ол бойынша бөлек заң қабылдадық. Заң аясында Веяны (WAY-energy) жалпы генерация деңгейінде 6 процентке көтердік. Сонымен қатар WAY-energy болсын, баламалы энергетика болсын, олар тұрақты энергия көзіне жатпайды. Ол табиғатқа тәуелді. Тұтынушыларды бірнеше санатқа бөліп қарайық. Бір санаты – қарапайым азаматтар. Олар жұмысқа кеткен кездерінде үйдегі электр құрылғыларды өшіріп шығады. Кешке жұмыстан келгенде қайтадан қосып, тіршілігін істей береді. Ал енді ірі компаниялар, металлургиялық, мұнай - газ компанияларын екінші санат деп қарастырайық. Олардың технологиялары электрэнергияны үздіксіз қолданады. Энергия тұрақты болмаса, олар істен шығады. Сондықтан біз тұтынушыларды электрэнергиямен жабдықтау кезінде бүкіл факторды қарастырамыз. Бізге қазіргі уақытта базовый, маневренный генерациялар өте қажет. Яғни, энергияның тұрақты көзі керек.

– Мысалы, АҚШ баламалы энергетика көздеріне ден қойып отыр. Германия 2011 жылы Фукусимадағы апаттан кейін АЭС -тен бас тартты. Қателеспесем, осы көктемде соңғы реакторды сөндірді. Бұл тенденцияға не айтасыз?

– Біз АЭС саламыз деген кезде құрылысын жүргізетін компанияларға ең озық, қауіпсіздігі барынша жоғары болсын деген талап қойдық. "3" немесе "3+" деген көрсеткішке сай болуы керектігін талап еттік. Сіз мысалға келтірген елдер АЭС-тен бас тартып жатқан жоқ, олар өз аумағында тозығы жеткен, қауіпсіздігі төмен станциялардан бас тартып жатыр. Себебі олар 1 немесе 2 буын технологиямен салынған. Олар бүгінде қауіпсіздік талаптарына сай келе қоймайды. Біз ең озық станцияны салғымыз келеді. Оңтүстік Корея да өз жерінде АЭС салуды қарастырып жатыр. Түркияда да станция салынып жатыр ("Аккую" АЭС, Мерсин, Түркия. - Ред.). солардың барлығы ең озық технологияға сай салынып жатқан станциялар.

– Мысалы, Түркияда АЭС салғаннан кейін тариф 6 есе қымбаттаған. Ертең бізде де тариф осылай қымбаттап кетпей ме?

– Қазір тариф қандай болатынын айту қиын. Бізде АЭС салуға ниетті 4 үміткер мемлекет өзінің бағасын көрсетеді. Сол бағаны біз тарифке отырғызған кезде, тариф қанша болатыны сол кезде белгілі болады.

– АЭС саламыз дегенде әр мемлекет өзінің бағасын ұсынып жатыр ма сонда? Мемлекет бір тиын жұмсамай ма сонда?

– Мемлекет көмектеседі, бірақ қанша сома құятыны әлі белгісіз. Біз қазір кезең-кезең бойынша әрекет етіп жатырмыз. Біз референдум аясында бүкіл қазақстандыққа бір ғана сұрақ қоямыз. Егер халық қолдап дауыс берсе, біз әр өңірде АЭС технологиясын таныстырамыз.  

– Меніңше, бір қателік бар. Референдумда "АЭС қажет пе деген" бір-ақ сұрақ қойылады. Егер референдумға бармас бұрын халықта толық ақпарат болмаса, ол өз шешіміне қалай сенімді болады? Мемлекет қанша ақша төлейді, АЭС салынғаннан кейін тариф қандай болады? Қандай мемлекет салады? деген өзекті сұрақтарға жауап жоқ. Меніңше, бұл – әділетсіз. Мен журналиспін, Талғат мырза. Менде мұндай ақпарат жоқ. Қайда ондай ақпарат? Енді айтыңыз, АЭС құрылысына мемлекет қанша ақша құяды?

– Оны әлі анықтаймыз.

– Оны қазір көруіміз керек. Ертең мемлекет миллиардтап ақша құяды, бюджеттің жыртығын Ұлттық қор ақшасымен жаман отырмыз. АЭС құрылысы 10-15 жыл жүргізіледі. Бізде қазірдің өзінде электрэнергиясына тапшылық болса, 15 жыл салынатын АЭС осы тапшылықты жабуға қалай көмектеседі?

– Тағы да айтамын. Қазақстанда энергетика саласында шығарылатын өнімдер өте аз. Жыл сайын жылыту маусымының алдында құрылғыларды, бөлшектерді шетелден сатып аламыз. Труба болсын, турбина болсын, оған қажетті қондырғылар болсын. Бұлар Қазақстанда шығарылмайды. 80 процентін Ресейден сатып аламыз. Егер Ресейде металл қымбаттаса, біз оны қалай аламыз? Өзіңіз айтыңызшы?

– Ал сонда қазір санкция болса да мұның бәрін Ресейден алып жатырмыз ба?

– Бізде станциялар 1950-1960 жылдары салынған. Кеңес үкіметі кезінде салынған станцияларға қажет турбинаны Франциядан әкеліп қоя алмаймыз ғой. Технологиясы сәйкес келмейді. Біздегі станцияларға керек бөлшектерді кім шығарады, біз соны сатып алуға мәжбүр болып отырмыз. Сондықтан Ресейде, жалпы бүкіл әлемде металдың бағасы өсіп жатса, біз қайда қалуымыз керек? Мысалы, бүгін сіз мына телефонды 100 мыңға аласыз. Келесі жылы бұл 150 мың теңге тұруы мүмкін. Сіз "неге 150 мың" деп сұрамайсыз ғой.  Бізде де ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан бізде қаражат көзі бір болғандықтан (тариф), бүкіл шығындарымыз (жалақы, көмір, жөндеу жұмыстары) тарифке тікелей байланысты.  

– Жоқ, егер Түркияда АЭС салынғаннан кейін тариф 6 есе қымбаттаса, бізде қаншаға өседі дегенге қауіптеніп отырмын.

– Қараңыз, кешкі уақытта, электрэнергияға сұраныс артатын уақытта Ресейден 1 кВт энергияны 40-50 теңгеден сатып алып жатырмыз. Ертең АЭС салынғаннан кейін тариф 40 теңге болса да, біз оны аламыз, ешқайда кетпейміз. Бірақ бұл станция біздің елдің аумағында қалатын дүние.  

– Ал АЭС салынғаннан кейін онда кімдер қызмет етеді?

– Мамандар. Бізде мамандарды 4 ЖОО дайындайды. АЭС салуға ниетті компаниялар: «біз АЭС-ті салып болып, кетіп қалмаймыз, біз мамандарды оқытамыз. Әлеуметтік жауапкершілік аясында сол аймаққа мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандар салуға көмектесеміз» деп отыр.  

– Олар неменеге көмектеседі? Оларға қандай пайда?

– Жоғарыда айтып кеткендей, елде экономика өсіп жатыр, бізге қуат көздері керек болады. Менің ойымша, осы станция соңғы станция емес (тағы салынуы мүмкін. - Ред.). Біздің бағалауымызша, кем дегенде 3 станция керек. Олар мамандарды оқытқан кезде өзінің талабымен оқытады, менеджментпен оқытады, адамдарды  өзінің қондырғысы үшін оқытады.

– Мен түсінемін, Түркиядағы Аккуюда болдым. Олардың мемлекеттік органдарының азулылығы шығар, өздеріне қажет талаптарды қоя білгені көрініп тұр. Онда түрік тілін білмейтін адам жұмыс істей алмайды. Бізде қалай болатынына мен күманмен қараймын. Ол жерде қай компания салса да, маңызды емес. Өйткені Түркия мемлекеті өзіне керек талапты қоя білген. Ал біздікілердің жұмысындағы үлкен кемшіліктерді көре отырып, олардың осы жұмысты игере алатынына мен күманданамын. Түсінесіз бе? Мысалы, Росатом салса, Байқоңыр секілді режимдік объект болып кетпесіне, Қытай компаниясы салса, Қытайдың бір қалашығы секілді болып кетпесіне кім кепіл?  

– Мен тау-кен, энергетика саласының маманымын. Сол өңірде ертең қытайша сөйлеп кете ме, французша сөйлеп кете ме, мен оған кепіл бола алмаймын.

– Біз неге қазір соның бәрін талап түрінде жазып қоймаймыз?

– Сіз өзіңіз құжатты көрдіңіз бе?

– Жоқ. Оны жариялаған жоқ қой.

– Онда неге ондай сұрақ қоясыз. "Біз талап қоймаймыз" деген бұрыс дүние. Біз көптеген талап қойдық.  

– Сол талаптар неге жарияланбайды?  Қандай талаптар қойдыңыздар, айтып отырыңыз.

– Ең бастысы, қауіпсіздікке қатысты талаптар. Ертең қанша маман болатыны жөнінде де талаптарымыз бар.

– Қанша маман болады? Қазақстанның азаматтары болуы керек деген талаптар бар ма?

– Ондай талаптарды қазір қойып жатырмыз. Мысалы, кореялықтар стансаны салып, елдеріне кетіп қалса, оның технологиясын 100 пайыз білмегеннен кейін қалай жұмыс істейсің? Сондықтан 100 процент қазақстандық мамандар болуы керек деген талап дұрыс емес
Станцияны салған компания бірнеше жыл біздің мамандарды оқытады.  

–Стратегиялық тұр ғыда АЭС салынатыны туралы алғаш рет 1996 жылы айтылды. Одан кейін 2008 жылы айтылды. Енді, міне, үшінші рет қозғалып отыр. Осыдан екі жыл бұрын Президент АЭС салынады деді. Жарайды. АЭС салынатын орын Үлкен ауылы не Курчатов болуы мүмкін деп жатыр. Жарайды. Компаниялар арасында Қытай, Ресей, Корея мен Франция бар. Жарайды. Ал енді бұған Қазақстанның қанша қаражаты жұмсалады, қанша пайыз өзіміздің мамандар болады, қалдықтар қайда көміледі, АЭС салынған соң тариф қаншаға көтеріледі деген заңды сұрақтар бар. Соны мен сізге қойып отырмын. Біз сол сұрақтарға жауап алғаннан кейін шешім қабылдауымыз керек.

– АЭС-ті 4 мемлекеттің біреуі салады.  Әр компанияның өз технологиясы бар, талабы бар. Сондықтан қазір айту қиын. Неге екенін түсіндірейін. Егер біз Ресейдік "РосАтом" компаниясының технологиясын қабылдасақ, бұл бір мәселе. Француздық технология мүлдем басқа дүние. Өзіміз үшін анықтап алайықшы. Қаржы жағынан кім төмен баға ұсынады? Кім ең қауіпсіз деңгейді көрсете алады? Соны таңдап алайық. Сол технологияның аясында біз бәрін көрсетіп, есептеп береміз.

–Ол қашан таңдалы нады?

– Референдумнан кейін.

– Неге ол, бірінші, таңдалынып, сосын референдум өткізілмейді?

– Оны біз референдумсыз қалай таңдаймыз? Референдумда халықтан сұраймыз.  

– Оны түсіндік, Талғат мырза. Экологтардың көпшілігінен сұрадым, көбісі АЭС-ке қарсы емес. АЭС салынуына қарсы болмаса да, оны Ресейдің салуына қарсы.

– Неге?

– Ресей мен Украина соғысын көріп отыр, Украинада АЭС-ке шабуыл, Ертең бізге де осы жағынан қауіп бар деп ойлайды. Стратегиялық нысан ғой. Сондай қорқыныш бар. Осыдан екі жыл бұрын Үлкен ауылына да бардым. Ол жақтың тұрғындары "Корея салса, біз қарсы емеспіз" дейді. Біз "Ресейдің келуіне қарсымыз" дейді. Біреулері: "Кім салса да бәрібір, егер бізді жұмысқа алса, біз қарсы болмаймыз" дейді.   

– Егер осы логикамен әрекет ететін болсақ, онда Ресейден ештеңе алмауымыз керек. "Ертең Ресей бізді жаулап алады" деген логикамен қарасақ, онда олардан ештеңе алмауымыз керек. Бұл сауда ғой. Біз өз бағамызды айттық. Салуға ниет білдірген елдер өз бағасын айтып жатыр. Бағадан бөлек, кім қандай әлеуметтік жобаларды салуға дайын екенін де қараймыз.

Біз үшін ең басты сұрақ қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ету. Екіншіден, ең озық технологияны таңдау. Үшіншіден, бағаның тиімділігі. Осы үш сұраққа қай компания дұрыс жауап берсе, сол компания жеңеді. Жақында Астанада «ҚазАтомЭкспо» деген шара өтті. Сонда бүкіл төрт мемлекет, мемлекеттік органдар, мамандар, БАҚ өкілдері - бәрі қатысты. Әр мемлекет өз технологиясын таныстырды. Осындай ақпаратты неге жеткізбеске? Ресейден қорқамыз, ертең бізді жаулап алады деген, менің ойымша, мамандардың тезисі емес.

– Кімнің тезисі? Халықтың тезисі

– Біз бір жылы Қытайдан қорықтық, енді Ресейден қорқып жатырмыз, ертең Франциядан қорқатын болсақ, елімізге жаңа технологиялар келмейді ғой.  

– Францияға да, Кореяға да ешкім қарсы емес. Тіпті қытайға да көзқарас дұрысталып келеді. Негізінде Қытайдан қорқу Ресей үгіт-насихатының кесірінен болды. Қазір көріп жатырмыз ЛРТ-ны Қытай қалай салып жатыр. Қытайда технология қалай дамып жатыр...

– Мен өзім жеке басым Ресейге де, Қытайға да қарсы емеспін. Маман ретінде айтсам, Ресей ұнай ма, ұнамай ма, ол бізге басты сұрақ емес. Бізге технологиялардың озық болуы маңызды. Уақыты, бағасы, қалдықтар деңгейі. Осы сұрақтарға біз жауап беруіміз керек.

– Ал ертең Росатом санкцияға түсіп қалса ше? Неге біз Росатомды тізімнен мүлдем алып тастай алмаймыз?

Қазақстан АЭС сала тынын жариялады. Сонда біршама талап қойдық: қауіпсіздік, экология т.б. Сол талаптарға сай келетін 4 мемлекет өз ұсыныстарын жіберді. Енді біз мемлекет ретінде комиссия құрып, сол 4 елдің ұсыныстарын қарап, комплаенс тиісті бағасын беріп, шешім қабылдаймыз.  

– Талғат мырза, сонымен АЭС керек дейсіз, оның қауіпсіздігі немен өлшенеді?

– Қауіпсіздіктің өлшемі - тиісті стандарттарға сай болуы керек. Оны халықаралық ұйымдар тексереді. Біз қауіпсіздік стандарттарына сай болуын қамтамасыз етеміз. АЭС салынып, қолданысқа берілер алдында оның қауіпсіздігін МАГАТЭ деген ұйым бар, сол тексереді. Егерде АЭС-те бір ақаулар болса, МАГАТЭ өзінің шарттарын қоя алады бізге. Сосын сіздер қаражат жағынан өте дұрыс сұрақ қойдыңыздар, ЛРТ сияқты болып кетпей ме деп. АЭС-ке ақшаны халықаралық банктер беретіндіктен, 3 деңгейлі тексеру болады. Әр жұмсалған қаражат осы 3 тексеруден өтеді.

– Егер АЭС салынбай қалса, Қазақстан алдағы уақытта қандай проблемамен бетпе-бет келуі мүмкін?

Референдумда халық АЭС керек емес деген шешім қабылдаса, біз әрі қарай көмір генерациясын дамытуымыз керек. Қазір көмір шығарындыларының деңгейін төмендететін сүзгілер, т.б.технологиялар бар, қолданылады. Бірақ олар да көмір шығарындыларының деңгейі нөлге жетеді деген кепілдік бере алмайды.  

– Ал экономика үшін әсері қандай?

– Экономиканы электрмен, жылумен қамтамасыз ету үшін біз не болса да станцияны саламыз. Егер референдумда АЭС керек емес деген шешім қабылданса, онда бұл станциялар көмір генерациясында болады. Ондай жағдайда бірнеше жылдан кейін біздің экспортқа шығатын шикізатымыз, тауарымыз шекаралық салыққа тап болады. Ондай жағдайда біздің тауардың бағасы шарықтап кетеді. Біз оны сата алмаймыз басқа нарықтарда. Сата алмағаннан кейін бізде қаражат көздері қысқара бастайды. Бұл ірі компанияларға тиесілі дүние. Егерде біз тауарды сатпасақ, онда осы компанияларда жұмыс істейтін мыңдаған жұмысшының жалақысын біз төлей алмаймыз. Арты экономикалық проблемаларға соқтыруы мүмкін.

– Энергия тапшылығы мәселесін қалай шешеді?

– 2035 жылға дейін АЭС салынса, біз мына он жылдың ішінде қазірдің өзінде 3 ЖЭС салайын деп жатырмыз Көкшетау, Семей, Өскемен қаласында. Бұл станциялар салынады және ГРЭС-2,3,4 блок салынады деген жоба қазір талқыланып жатыр. Біз 2035 жылға дейін әлі де қуат көздерін ұлғайтамыз. Бірақ 2040 жылдан кейін ескі станцияларды біртіндеп тоқтатуға мәжбүр боламыз.

– Басында бір концорциум болады деген мәлімет айтылды…

– Концорциум механизмнің бір түрі. Бірақ концорциумға шығу қиын, неге десеңіздер, технологиялар әртүрлі, қондырғылар әртүрлі. Меніңше, АЭС-ті бір мемлекет салуы тиіс. Көршіміз Өзбекстан АЭС салу үшін референдум жасаған жоқ, ел үкіметі өзі шешім қабылдады.

– Өзбекстандағы энергия тапшылық бізбен салыстырғанда қандай?

– Қазір айту қиын. Өзбекстанда экономикасы өсіп жатыр ғой. Бізде электрэнергиясы көп болғанда оны Өзбекстанға да, Ресейге де сатамыз ғой. Біз энергия бергенде олар оның орнына су беретін де жағдайлар болады. Өзбекстандық әріптестерімізбен сөйлескен кезде олар қайткен күнде де электрэнергияға деген тапшылықты жабу саясатын жүргізіп жатыр. Меніңше, олардың саясаты дұрыс. Өйткені олар көмірден бас тартып жатыр. Сондықтан АЭС саламыз деген шешім қабылдады. Жалпы Өзбекстан үшін осындай озық технологиялардың келуі болашақта шағын және орта кәсіп үшін пайдалы болады. Осындай АЭС аясында да бизнеске көмек болады.

– Ал бізде АЭС салуға қай өңірлер қарастырылып жатыр?

– Оңтүстік өңір. Үлкен ауылы. Заң бойынша біз үш локацияны көрсетуіміз керек. Басты талап энергия тапшылығы қатты сезіліп жатқан өңір болуы керек. Осындай критерийлерге сүйенер болсақ, онда ол Үлкен ауылы.  Оңтүстіктегі электрэнергия тапшылығын жабатын станция сол болады.

Самал Берікқызы. Қоғам қойған сұрақтарға жауап алу біздің міндетіміз. Біраз сұраққа жауап алдық өзіңізден. Қазір бәріміз АЭС саламыз деген сыңайда ақпарат таратып жатырмыз. Көпшілігіміз. Мен сізге егер АЭС салмасақ не болады деген сұрақ қойдым. Сіз маман ретінде тұщымды жауап бердіңіз. Яғни, біз екі нұсқаны да халыққа айта білуіміз керек. Келіп, ақпарат бергеніңізге сізге рахмет айтамын. Құрметті көрермен! Біз бүгін Қазақстанның электрэнергетика қауымдастығының төрағасы Талғат Темірхановпен сұқбаттастық. Көкейде жүрген сұрақтарыңыз болса, бізге жазыңыздар. Біз бұл тақырыпты әлі де кеңінен талқылауға дайынбыз. Ұлыс сұқбатын Ютуб арнамыздан, мәтіндік нұсқасын сайтымыздан оқып-көре аласыздар. Амандықта жүздескенше!