«Атом» қылтың-сылтыңды көтере алмайды немесе мамандар Қазақстанда АЭС салу туралы не дейді

Ulysmedia

«АЭС Қазақстанды құрдымға кетірмейді, керісінше, энергетикалық құрдымнан шығарады». Біздегі үгіт-насихат осындай мәнде жүргізіліп жатыр. Мен бұған күдікпен қараймын, менің күдігімді қандай салмақты дәлелдермен сейілте аласыз? Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева  Атом индустриясын дамыту қауымдастығының төрағасы Алдияр Тоқтаровқа осындай сауал қойған.

Ulysmedia

– Неліктен АЭС энергетикалық тұрғыдан өзге елдерге тәуелділіктен құтқаратын жалғыз жол екенін қарапайым бір ғана мысалмен айтып берейін. Егер қазір Қазақстан АЭС салмаса, көп ұзамай ол энергетикалық тәуелділікке тап болады. Таяу жылдары Еуропа көмір генерациясы арқылы өндірілген өнімдерге қосымша қомақты салық енгізеді. Біздің бүкіл энергетикалық жүйеміз қазір көмір генерациясына арқа сүйейді. Міне, бұл алдағы уақытта елімізде өндірілген тауарлардың барлығы әлемдік нарықта қара тізімге ілінеді деген сөз. Енді бізді не күтіп тұрғанын ойлаңыз. Бұл күрмеулі мәселені атом энергиясы ғана шешеді.

Қазақстанның атом энергетикасы саласында жоғары технологиялық өндіріс құра алатынына сенесіз бе?

– Мен бұған жай ғана сенбеймін, мен солай боларын білгендіктен айтып отырмын. Қазақстанда қазірдің өзінде жоғары технологиялық өнімдер шығарылады. Уран өндіруден бөлек, отын дайындайтын зауытымыз бар. Яғни, бұл тек шикізатты өндіріп қана қою емес, оны кәдеге жарайтындай халге жеткізу. Уран өндіру бойынша еліміз екінші орында, ал одан отын әзірлеу бойынша бірінші орында екенін естен шығармайық. Біз осындай кәсіпорынды өз елімізде салып, шетелге атом отынын экспорттап отырмыз. Ұлттық ядролық орталықта “Токомак” ядролық синтез реакторының прототипі құрастырылды, ол өз алдына күрделі нысан, оны біздің өндірісте жүрген мамандарымыз, ғалымдар тобы Курчатов қаласында аяқтады. Енді ол ядролық синтез жобасы бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу үшін пайдаланылады.

– Бұл бүгінгі жайт, ал ертең ядролық қалдықтар қалады, оны не істейміз?

– Пайдаланылған ядролық отынның эксплуатациясына қатысты белгілі бір регламент бар – ол отынды сақтау және қайта өңдеу процесі. Пайдаланылған отынды өңдеу арқылы оны қайта қолданысқа беруге болады, яғни таблетканы уранмен байытып, атом реакторына қайтадан салады. Атом энергетикасында бұған қатты мән береді. Тіпті ядролық материалдың бір грамының өзін арнайы есепке алып, жазып отырады, сондай-ақ атом электр станцияларының сақтау қоймалары болады.

– Сіздіңше, сонда бұл ешқандай қауіп төндірмей ме?

– Мүлдем қауіпсіз екені дәлелденген, әсіресе қазір әлемде шамамен 415 реактор жұмыс істейді және олардың әрқайсысында қалдықтарды сақтау жүйесі орнатылған. Қазақстанда  ақтаулық БН-350 реакторының отыны сақтаулы тұр, сондай-ақ Курчатовтағы қоймалар бар, олар маңайында адамдар тұрмайтын арнайы аймаққа салынған. Сондай-ақ, атом өнеркәсібінде олардың барлығына өте жауапкершілікпен қарайтынын атап өткім келеді.

Бізде мұндай күрделі өндірісті айтпағанның өзінде, қарапайым экологиялық нормаларды бұзып, зиянды шығарындылармен ластап жатқанның кесірінен адамдарымыз бен табиғатқа орасан зиян келіп жатқан жағдайлар да бар ғой.

– Мен тағы да қайталап айтайын, атом энергетикасы – өте күрделі сала, мұнда ешнәрсе ретсіз, себепсіз жасалмайды. Бұл әлемдік тәжірибеге сүйенеді және “ҚазАтомӨнеркәсіп” қауіпсіздік стандарттарына өте мұқият қарайды. Мұнда қылтың-сылтыңға орын жоқ.

– Біздің жағдайымызды қай елмен салыстыруға болады?

– Аргентина. Мұнда станция басында неміс технологиясымен салынған. Ойлап қараңызшы, екі халықтың ойлау жүйесі бір секілді, олар да жүйесіздік пен жемқорлық туралы да көп айтты. Қазір олардың экономикалық проблемалары бастан асады, бірақ аргентиналықтардың өздері атом электр станциясы оларға көп көмектесіп жатқанын айтуда. Олар қазір өздері шағын модульді реактордың жаңа буынын жасап жатыр.

– Егер бүкіл әлем соған бет бұрып жатса, неге біз де шағын модульді реакторлар салмаймыз?

– Технология енді-енді дайындалып жатыр. Біз дәстүрлі үлгідегі ірі атом электр станциясын қарастырып отырмыз. Уақыт өте біз де басқа елдер сияқты өзіміздің технологияларымызды дамыта бастаймыз деп ойлаймын.

– Айтуға оңай, әрине. Бірақ бұдан түбінде не шығатыны - үлкен сұрақ.

– Ал бізде әзірлемелер бар, кластер де бар – біз уран өндіреміз, отын шығарамыз, ғылыми жұмыстар жүргіземіз. Біздің Ұлттық ядролық орталық айтарлықтай маңызды ғылыми зерттеулер жүргізеді – жапондардың Фукусима жобасына зерттеу жүргізіп беріп жатырмыз. Ядролық физика институты бар, ол тек ғылыммен немесе біліммен ғана айналыспайды. Сондай-ақ медициналық өнімдер – фармацевтикалық өнімдер шығарады. Мысалы, изотоп қатерлі ісік ауруын диагностикалау және емдеу үшін қолданылады. Яғни, кластер бұрыннан бар. Бірақ әзірге бізде атом энергиясы жоқ, ол бізге жетіспейді. Шетелдік әріптестермен сөйлескенде, олар таңғалады – сіздер әлемде өндірілетін уранның 40 пайызын нарыққа шығарасыздар, алпауыт державалар – АҚШ, Қытай, Үндістан, Францияны уран отынымен қамтамасыз етесіздер. Қазақ уранын бәрі пайдаланады, бірақ оны өздеріңізге қимайсыздар. Біз осы бағытта жүріп жатқанымызды түсіндіруіміз керек. Расында да, энергетика Қазақстан үшін табиғи нәрсе болып табылатын түпкілікті өнім.

– Неліктен, мысалы, Германия атом электр станцияларынан бас тартып жатыр?

– Жақсы, Германия туралы айтайын. Жақында осы елдің Экономика министрі сөз сөйлеп, ядролық генерациядан бас тарту таза саяси себептерге байланысты екенін және ешқандай қауіпсіздік немесе экономикалық ойларға негізделмегенін айтты. Бұл Жасылдар партиясының идеясы, ал Германия министрі мұны растады. Қазір көптеген энергияны қажет ететін кәсіпорындар жабылу алдында тұр, Италияда да жағдай мәз емес – олар атом энергетикасына қайта оралатын уақыт келді деп отыр. Бұл қазір асығыс шешімдерді теңестіруге әрекеттенетін жалпы жаһандық үрдіс. Айтпақшы, Германияда атом электр станцияларының жабылуына қарсы үлкен наразылықтар болған.

– Біз мұны өзіміз сала алмаймыз, оны шетелдіктер келіп салады, бірақ олар нысанды тапсырғаннан кейін, елдеріне кетеді, біз өз проблемамызбен қаламыз.

– Он мыңға жуық адам жұмыс істейді. Әрине, олардың арасында біздің мамандар да болады. Іске қосылған стансалардың барлығында жергілікті жұмысшыларды атом электр станциясын басқара алатындай етіп оқыту принципі болды.Әрбір реактордың өз нюанстары бар және мұндағы біздің міндет мамандарымыз бізде орнатылатын реактордың оқуын оқуы керек. Жұмыс күшіне келер болсақ, мен жақында Үлкен ауылы тұрғындарының үндеуін көрдім - олардың барлығы АЭС-ті күтіп отыр және оның өз ауылына жаңа тыныс беретініне сенеді. Олар жұмысқа орналасады және оларды АЭС-ке қарсылардың пікірлері алаңдатпайды. Олар АЭС-ке жақын жерде тұрады, бірақ олар одан қорқып отырған жоқ. Олар Үлкен ауылы көз тартатын орынға айналады деп сенеді.

– Атом электр станциясы энергия қажеттіліктің тек 10 пайызын ғана қамтамасыз етсе, елдегі тұтас энергия тапшылығын қалай шешеді?

– Бір станция 10 пайыз тапшылықты жояды. Тағы салсақ, одан да көп пайда. 10 пайыз дегеннің өзі біршама, бұл жерде 2,4 ГВт-тен 2,8 ГВт-қа дейін қуат беретін станция салынбақшы. Бірақ АЭС тек қана электр өндірмейді. Мысалы, бізде атом электр станциясы болса, еліміздің ядролық отын өндіруші елге айналуына мүмкіндік туатынын мен анық білемін. Бұл күрделі сала, бірақ сіз одан қорықпауыңыз керек, оған сараптап, зерттеп келу керек. Шындығында, біз қазір атом электр станцияларын, көмірді, газды және жаңартылатын көздерді, күн, жел, су электр станцияларын қамтитын энергетикалық қуат өндіретін кешендер салу туралы айтып отырмыз.

– Референдум қазынаның миллиардтарын босқа шашатын шара.  Онда неге АЭС технологиясын жеткізуші елді де дауысқа салмаймыз?

– Жеткізушіні таңдау – бұл конкурс арқылы жүргізіледі. Тендер сияқты дейік. Қазіргі кезде бізде 4 ел үміткер болып тұр. Егер референдумда қай ел салатынын дауысқа салсақ, бұл мемлекетті тығырыққа тіреуі мүмкін. Өйткені АЭС салушы ел “бізді халқыңыз таңдап тұр, міне, бір реактордың құны 10 млрд, егер оған келіспесең, өзің біл” деуі әбден мүмкін. Мұндай жағдай, әрине, болмайды емес, болады.

– Сіздіңше халықтың басым көпшілігі АЭС салуға қарсы дауыс беруі мүмкін бе?

– Егер олай болса, мен, әрине, үйге барып, аңырап жылайтын едім. Референдум өткізу - саяси шешім, ол өткеннен кейін біз нақты іс-әрекеттерге көше аламыз. Яғни, қай ел салады, қандай технология екенін анықтаймыз.

Тағы да қайталап айтамын – атом энергиясы тұрақты, ол энергия тапшылығын шешеді және мультипликативті әсері бар. Референдумда «жоқ» десе де, бізде бәрібір атом энергиясы болады. Неге? Өйткені ол көрші елдерде – Қытайда, Ресейде, Өзбекстанда дамып жатыр. Ал бізде энергия тапшылығы болса, электр қуатын қайдан аламыз? Әрине, көрші елдерден, бірақ ол бізге  нарықтық бағамен әлдеқайда қымбатқа түседі.

Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz порталының YouTube арнасынан көріңіз.