Ханшайымда көк тиын жоғын кім білген: кондитер Нұршат Ақбергенова Аселинаның тапсырыс берген торты жайлы

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстандық блогер, грек дипломатының әйелі Аселина Батырдың кондитер Нұршат Ақбергеноваға тапсырыспен дайындаған сәнді тортына қатысты дау әлемдік деңгейде болмаса да, ТМД аумағындағы әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқылануда. Еске салайық, шақырылған қонақтардың бәрі торттың дәміне таңдай қағып, бас бармақпен бағалаған торттың ақшасын төлеуге келгенде Аселина ханым сараңдық танытқан. Оның айтуынша кондитер алдын ала торт бағасының 600 мың теңгеге шығатынын айтуы керек еді. Алдын ала баға келісілмегеннен кейін өзінің патша көңіліммен белгілі бір соманы төлеген. Әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі қақ жарылған. Бір айдан астам уақыт төрелігі айтылмаған осынау даудың жай-жапсарын «Қаракөз» подкастына келген Нұршат Ақбергенованың өзі айтып берді. Ulysmedia.kz бас редакторы, подкаст жүргізушісі Самал Берікқызымен болған ашық сұқбатта кондитер өз кәсібінің қызығы мен шыжығын, бір қарағанда оңай көрінгенімен, түптеп келгенде өз қиындықтары бар кондитер саласының бүге-шігесін жасырмай айтып берді. Оның үстіне «маған келсең бәрін үйретемін» деп, алаулатып-жалаулатып жарнама жасайтын қазіргі замандастар болмысын да ашып айтты.

Шу болған торт

Нұршат, әңгімемізді сізді бір сәтте бүкіл елге «танымал» еткен әлгі оқиғадан бастайық. Осындай жағдайлар жиі болып тұра ма?   

– Егер шынын айтсам, 13 жыл кондитерлік тәжірибемде бірінші рет болып тұр. Қолма-қол ақшамен төлейін дегендер де, аздаған уақыт беріңіз, бәрін төлеймін дегендер де болды клиенттерімнің арасында.  Ал мынандай жағдай – бағаны клиенттің өзі белгілеген жағдай – менің тәжірибемде бірінші рет болып тұр. Себебі менің тұрақты клиенттерім мұндай мерекелік торттардың бағасы арзан тұрмайтынын біледі.

Бірақ, несін жасырайын, әлеуметтік желіде де айтып жатыр ғой, бұл оқиғада менің де кінәм жоқ емес.

Сіз бағасын неге алдын ала айтпадыңыз?   

– Иә, мүмкін мен бағаны ертерек айтуым керек пе еді. Бірақ ол да өзінің қандай бюджетке жоспарлап отырғанын айтқан жоқ. Тек ананы былай етсең, мынаны қоссаң деп, тапсырысты үсті-үстіне үдете берді. Біріншісінде начинкасы бойынша, одан кейін тортты сәндеу бойынша, кейін муляжға қатысты. Оны бір емес, бірнеше қабат жасауымды тапсырды. Мен «Көрпе ханшайымы» емеспін бе, ұйымдастырып отырған шара да « Таңғажайып ғасыр» стилінде, сондықтан бәрі атына сай болсын деді. Қарап отырсаң, мұның бәрі қосымша шығын. Мысалы, муляждың өзіне мен 150 мың жұмсадым. Өйткені формасы стандартты емес.

Басында мен аванс ретінде 150 мың бересіз деп жазғанмын, бірақ бұл тапсырыс менің танысым арқылы келгендіктен, бағасына жеңілдік жасадым. Бұдан бөлек, мен бағасын айтып, тапсырысты алып кетуге болады деп жаздым, ал ол маған тек келесі күні ғана жауап берді. Онда да бұл өте қымбат, біз бұлай келіскен жоқпыз деді. Біз негізі бағасын келіспеген де едік. Сонда ол қандай келісуді айтып тұр? Маған тек бұл торт «Көрпе ханшайымына» деп айтқан, ханшайымның көк тиыны жоғын мен қайдан білейін? Және көңілге томпақ болатын тағы бір жайт: басында менімен Аселинаның өзі сөйлесті, ал кейін оның менеджері хабарласты. Меніңше, бұлай істеу дұрыс емес.

Кондитерлік кәсіп

Ал сіз барлық клиентпен өзіңіз ғана сөйлесетін бе едіңіз?

– Иә. Менің кондитерлік бизнесте жүргеніме 13 жыл.  Басында қатардағы қызметкер болдым. Көмекші болып істедім.  Кейін даму керектігін түсіндім, маған бір орында тұрып қалу ұнамайды. Сондықтан 6-7 жылдан бері шеф-кондитер болып жұмыс істеп келе жатырмын. Тек бір орында қатып қалған жоқпын, Астанадағы 7-8 мейрамхананы жүргіземін. Басында мен тек торт пісіру, сәндеу сияқты жұмыстарға қызықсам, қазір жаппай өндіруге, өндіріске қызығамын. Торт өндірісі – жалғыз жүріп жасайтын кәсіп емес, бұған бүтін бір команда жұмылады. Мен тек торт пісіріп қана қоймаймын, тұтынушыларымның қалауына қарай тапсырыспен пісіремін.

Негізі, тапсырыспен дайындалатын мұндай торттардың өз бағасы қанша?
– Әртүрлі, бірақ біз өз жұмыстарымызға 1,2 млн, 1,5 млн теңге аламыз… бірақ көбінесе тарттың начинкасы мен безендірілуіне байланысты болады.

Кәсіп vs инфосығандық

Өзі де қол еңбегімен айналысатын, «құрақ көрпе» тігудің бейнетін бір кісідей білетін блогер неге сіздің еңбегіңізді әділ бағаламады деп ойлайсыз?

– Білмеймін. Бірақ мен барлық блогер осындай деп ойламаймын. Біз кім болсақ та, блогер, президент, кондитер болсақ та бірдейміз. Кез келген еңбек әділ бағалануы тиіс. Қайталап айтайын, қанша жыл жұмыс істесем де, мен бұрын-соңды мұндай жағдайға тап болып көрмегенмін.

Кондитерлер орташа есеппен қанша табады?

–  Әртүрлі. Тәжірибесі мен біліктілігіне байланысты. Орта есеппен жарты миллиондай.

Қазір блогерлердің заманы, әлеуметтік желідегі жарнаманың бағасы өнімнің құнынан қымбат. Сіз осы салаға ауысуды ойламайсыз ба?

– Иә, иә. Достарым маған «сенің мүмкіндігің мол, оны неге толық пайдаланбайсың» дейді. Торт пісіру процесін видеоға түсіріп сал деп айтып жатады. Бірақ маған тек нәтижесі ғана қызық. Процесті көрсетуді қатты қаламаймын. Оған дайын емеспін десем де болады...

Сіз инфосығандар туралы айттыңыз, олар расында өте көп, бірақ, менің ойымша, олар қанша тыраштанғанымен, кәсіби маман дайындаған өнім бәрібір өз бағасын алады. Сапалы өнім арзан тұрмайтынын түсінуіміз керек. Мысалы, мен жақында мобилография курсын сатып алдым, онлайн емес, офлайн. Себебі мен видео-сабақтар арқылы емес, өз көзіммен көріп, жанында жүріп үйренгенді дұрыс деп санадым. Әрине, курс бағасы да арзан болған жоқ. Бірақ ол сол бағаға лайық болды.

Көпшілік қолдауы

Осы жағдайдан кейін сіздің жұмысыңызда не өзгерді?

– Мен шын мәнінде әлемнің түкпір-түкпірінен қолдау барын сездім, сезіндім. Маған тортқа тапсырыс беріп, ақшасын төлейік деп жазған шетелдіктер көп болды. Бірақ бұлай істеу дұрыс емес деп ойлаймын. Мен қазір біраз жеңілдеп қалдым. Менің хайп қуып, дау-дамай тудырайын деген еш ойым жоқ еді, менің тек адал жұмыс істеп, адал еңбегімді алсам деген ойым болды. Басқалар да адал болса деймін.

Сұқбаттың толық нұсқасын Ulysmedia-ның YouTube-арнасынан қарай аласыздар.