«ОЛИМП» неге қаһарға ілінді немесе Жоғары сотқа пысқырмайтын салық органдарының көздегені не?

Ulysmedia

Бұл – Қазақстан тарихында алғаш болып отырған қарсыластық емес. Мұнда аты белгілі құрылымдардың қатысы барын, МКК деген аты қысқа органның артында қандай ведомствотұрғанын және «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертхананың (КДЗ) немен айналысатынын түсіндіріп жатудың өзі артық. Сырттай қарағанда, салық органдарымен болған кезекті дау секілді көрінеді және елімізбойынша мұндай жағдайлар жүздеп саналады. Алайда бұл ән бұрынғы әннен өзгерек дегендей, бұл жолғы жағдай ерекше. Өйткені алғаш рет ірі компания ашық қарсы тұрып, сотқа жүгініп, өз құқығын жария түрде қорғауға бел буып отыр.

«Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісінің бас директоры Ерлан Сүлейменов Астана қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің әрекетіне наразылық білдіріп қана қоймай, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа да жүгінді. Кәсіпкердің айтуынша, ешқандай негізі жоқ тексерулерге араша түсіп, оларды тоқтатуды сұраған. Оның пікірінше, сот шешімдерінің өзі тоқтата алмаған МКД белсенділігі – қысым көрсету мен «ауыздықтау» әрекеті. «Олимп» 2020-2023 жылдар аралығындағы кезең үшін корпоративтік табыс салығын төлеу туралы талапқа қарсы шығып отыр. Қақтығыстың мән-жайын «Олимп» КДЗ басшысы Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға түсіндіріп берді.

«ОЛИМПҚА» ҚАРСЫ ТАПСЫРЫС ПА?

Сіз МКК-ның әрекетін қысым немесе өкілеттігін асыра пайдалану деп отырсыз ба? Бұл сізге қарсы арнайы тапсырыс болуы мүмкін деп бе?

– Себебі көп. Мүмкін нарыққа қандай да бір бәсекелес кіріп жатқан шығар, сол сылтаумен бізге тексерісті көбейткен сияқты. Екінші жағынан, әңгіме бюджетті толтыру туралы да болуы мүмкін. Мен бұған дейін де айттым, біз «сауын сиыр» сияқтымыз, бірақ біз онсыз да салық төлеуге дайынбыз және қазірдің өзінде салық органдары есептеген сомаларды төлеп отырмыз. Сондықтан бізге тиісудің қажеті жоқ, бізге жай ғана жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек. Сонда біз одан да көп салық төлейміз. Бірақ олардың басқа мүддесі бар. Біздің аяғымызға тұсау салғысы келеді.

Сіз салықшылар біреулердің мүддесіне жұмыс істеп отыруы мүмкін деп ойлайсыз ба?

– Мен бұл деңгейге жетті деп ойламаймын, бірақ төменгі жақтан әртүрлі ақпарат беріліп жатқанын көріп, сезіп отырмын. Мысалы, мен қаржы вице-министрі Біржанов мырзамен кездестім. Әңгіме барысында кейбір ақпараттың оған жетпейтінін аңғардым.

Ал қаржы министрімен сөйлесуге тырысып көрдіңіз бе?

– Тырыстым, бірақ маған оның қабылдамайтынын айтты, сондықтан орынбасарымен сөйлестік. Ол адамның ақпараттан хабарсыз екенін түсіндім. Олар бізде шетелдік инвестор бар екенін білмейді. Сондай-ақ біздің сотта екі себеп бойынша жеңіске жеткенімізден де бейхабар болып шықты. Ол себептер – МКД сақтауға тиіс рәсімдердің бұзылуы және тексеруге негіздің болмауы. Ал оған біздің рәсімдерді сақтамағанымыз туралы ақпарат жеткізілген.

СЕБЕП БОЛАР МА ЕДІ...

«Олимп» зертханалар желісін медициналық талдаулар нарығындағы монополист деп жиі атайды. Расымен де компания елдің барлық өңірінде бар, мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейді, сонымен қатар ақылы қызметтер де көрсетеді. Алайда «Олимпте» нарықтың бәсекеге қабілетті екенін, ал компания қазір сезініп отырған қысымның монополиямен емес, салықтық және реттеушілік даулармен байланысты екенін алға тартады. Дәл осы жағдайлар ұзақ жылдар бойы дабырасыз жұмыс істеп келген бизнесті ашық пікірталасқа шығуға мәжбүр еткен. Ал салық саласындағы адвокат Александр Каплан бұл жағдайды парадокс деп атап, мұндай кейспен алғаш рет бетпе-бет келгенін айтады.

– МКК мен МКД тарапынан бір компанияға қатысты, бір кезең бойынша, бір ғана мәселе төңірегінде осындай жүйелі жұмыс жүргізілгеніесімде жоқ. Бірінен соң бірі, әлдеқашан шешілген, түсінікті, жан-жақты талданып, ешқандай күмән туғызбайтын мәселе бойынша қайта-қайта салықтық тексеру тағайындауға тырысады. Алдымен, 2021 жылды тексермек болды, енді оған қосымша тағы 2-3 жылды нұсқама арқылы қосып отыр. Мәселе компания неге корпоративтік табыс салығын төлемейдідегенге саяды. Салық органдары мұны жай ғана кәсіпкерлік қызмет деп санайды, ал іс жүзінде бұл – медициналық көмек.

Адвокаттың түсіндіруінше, Салық кодексінің 290-бабына сәйкес, егер медициналық көмектен түсетін айналым компанияның жалпы айналымының 90 пайызынан асса, ол корпоративтік табыс салығынан босатылады. «Олимптің» аталған жылдардағы көрсеткіші 99 пайыздан да жоғары, шамамен 99,7 және 99,5 пайыз медициналық көмектен түскен. Оның айтуынша, айналым да, қызмет түрі де заң талаптарына толық сәйкес келеді.

– Денсаулық сақтау министрлігінің екі хаты бар, онда КДЗ «Олимптің» қызметі медициналық көмек екені расталған. «Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің де осыны қуаттайтын хаты бар. Жоғарғы соттың қаулысы бар, онда Денсаулық сақтау министрлігі мамандарының қорытындысына сүйене отырып, бұл қызметтің медициналық көмек екені жазылған. Тағы не керек? Логикаға салсақ, осы жерде мәселе жабылуы тиіс еді. Бірақ бұл жайт жарты жыл бұрын-ақ анықталғанына қарамастан, салық органы әлі күнге дейін тексеру жүргізуге тырысып отыр. Мұны қалай атауға болады? Бұл бизнесті әкімшілік қысымға алу ғана!

Салық жөніндегі кеңесші Сәкен Карин және оның Finex-Audit компаниясы бұл дауға 2023 жылдан бері қатысып келеді. Ол да салық органдарының әрекетін бұрын-соңды болмаған жағдай деп мойындайды.

– Мемлекеттік кірістер комитеті КДЗ «Олимп» Салық кодексінде көзделген жеңілдіктерді асыра пайдаланып отыр деп есептейді. Ал Салық кодексінде әлеуметтік сала ұйымы саналатын медициналық ұйымдарға корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайтуға мүмкіндік беретін нақты жеңілдік бар. Ол үшін табыстың 90 пайыздан астамы тікелей медициналық көмектен түсуі керек. Бұл талаптардың барлығын КДЗ «Олимп» орындап отыр.

Сіздер мұны салықшыларға түсіндіруге тырыстыңыздар ма?

– Бұл мәселені де салық органдарымен талқыладық. Олар табыстың бір бөлігі медициналық көмектен емес деп есептейді. Яғни, егер компания лабораториялық диагностикамен өздігінен келген азаматтарға қызмет көрсетсе, бұл медициналық көмек емес деп санайды. Ал жолдамамен келген жағдайда медициналық көмек деп таниды. Осы қорытындыға сүйене отырып, олар тексеруге талпынды. Алайда түрлі себептермен бұл тексерулердің күші жойылды, рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар анықталды.

Мұндай жағдайда заңгерлер сотқа жүгінуге кеңес бере ме?

– 2024 жылы компанияны бәрібір тексеруге әрекет жасалды, сол себепті біз сотқа жүгінуге мәжбүр болдық. Бірінші сатыда өз уәжімізді дәлелдей алмадық, алайда апелляцияда Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен КДЗ «Олимптің» толыққанды медициналық қызметпен айналысатынын дәлелдедік. Көрсетілетін қызметтердің барлық түрі медициналық көмекке жатады, тиісінше, салықтық жеңілдік шарттары бұзылмаған. Сот бізді қолдады. Бұл шешімді Жоғарғы сот та растады.

КӨМЕК – ҚЫЗМЕТ ЕМЕС

Сәкен Кариннің түсіндіруінше, «медициналық көмек» ұғымы «Халық денсаулығы туралы» кодексте толық ашып көрсетілген. Сонымен қатар онда «медициналық қызмет» деген түсінік те бар. Бірақ медициналық қызметке нақты не кіретіні көрсетілмеген, ал медициналық көмектің құрамына не енетіні егжей-тегжейлі сипатталған. Яғни кодексте мемлекеттік және жекеменшік сала ұйымдары бар екені, олардың медициналық көмек көрсетумен айналысатыны, медициналық көмектің қандай түрлері бар екені нақты жазылған. Ол диагностикадан бастап сауықтыру қызметтерінің кешеніне дейін қамтылады.

Сіз кодексте сөздер дұрыс қолданылмаған деп ойлайсыз ба?

– Бұл жағдайда «қызмет» деген сөз тек жинақтаушы ұғым ретінде қолданылған. Яғни, ол медициналық көмектің мәнін ашатын дербес термин де емес. Бұл – сөздерді байланыстыруға арналған көмекші атау ғана. Мұның бәрі кодексте анық көрініп тұр. Ал салық органының ұстанымы мынадай: егер, мысалы, сізде «Халық денсаулығы туралы» кодексте көрсетілген медициналық көмектің барлық кешені болмаса, онда бұл медициналық көмек саналмайды.

Бұл тезис өзінен-өзі абсурд, өйткені егер қандай да бір медициналық ұйым он түрлі медициналық көмектің біреуін ғана көрсетпесе, бұл оның медициналық көмек көрсетпейді дегенінбілдірмейді. Нақты бір салаға маманданған ұйымдар бар. КДЗ «Олимп» негізінен диагностикаға маманданған, ал кейбір компаниялар тек емдеумен немесе сауықтыру қызметтерімен ғана айналысады. Мұның бәрі бұрыннан белгілі, бірақ салық органдары неге екені белгісіз, мүлде басқа ұстанымды алға тартып отыр.

САЛЫҚТЫҢ ДИАГНОСТИКАСЫ

«Олимпте» компания көрсететін қызмет көлемінің жартысынан астамы МӘМС және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында атқарылатынын айтады. Сүлейменовтің сөзінше, мемлекеттік тарифтер жабдықтардың тозуын да, сервисті де, логистиканы да жаппайды. Оның үстіне, мемлекет төлемдерді кешіктіреді, сондықтан қарыз көлемі миллиардтаған теңгеге жеткен. Нәтижесінде, жеке бизнес денсаулық сақтау жүйесін іс жүзінде несиелеп отыр.

– Компаниялар тобында 6 500-ден астам қызметкер бар. Өткен жылы біз шамамен 4,9 млрд теңге салық төледік. Биыл – 5,5 млрд теңгеге жуық. Бұл – аударымдар, корпоративтік табыс салығы, ҚҚС және басқа да төлемдер, яғни мен нақты салықтар туралы айтып отырмын. Болжам бойынша, келесі жылы 5,8 млрд теңге төлейміз, ал 2027 жылы ҚҚС енгізілуін ескерсек, шамамен 9 млрд теңге төлеуіміз мүмкін.

1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа ережелерге сәйкес, сіздердің компания да ҚҚС төлей ме?

– Егер біз кепілдендірілген көлем аясында жұмыс істесек, қызметке ҚҚС салынбайды. Ал ақылы қызметтерге келсек, келесі жылдан бастап 5% ҚҚС, 2027 жылдан – 10% ҚҚС енгізіледі.

Мұндай жүктемені көтере аласыздар ма?

– Біз импортқа тәуелді елміз, өзіміз өте аз өндіреміз. Соған сәйкес, шығын материалдарын, жабдықтарды, реактивтерді және басқа да қажеттіліктерді сырттан әкелсең, ҚҚС міндетті түрде төленеді. Бұрын біз бұл салықтан босатылған едік, енді төлейміз. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі әдістемені әлі бекітпеді, қазір бұл жүйе қалай жұмыс істейтінін нақты түсініп отырғанымыз жоқ.

Денсаулық сақтау министрлігінің ұстанымы қандай, оларда тығырықтан шығудың жолы бар ма?

– Олар бізге 16% төлеп, кейін ҚҚС-ты қайтарып алуды ұсынады. Бірақ бұл – өте ұзақ процесс. Біз ҚҚС-ты қайтару мәселесінің қаншалықты қиын екенін жақсы білеміз. Экспортпен айналысатын көптеген кәсіпорындар мен ұйымдар ҚҚС-тың қайтарылуын айлап, жылдап күтеді. Бұл – макроэкономикаға қатысты мәселе, оның жүйеге қалай әсер ететіні белгісіз. Бірақ біз үшін бұл өте шығынды болатыны анық, өйткені ҚҚС-мен әкелінген кез келген тауар тарифке әсер етуі тиіс. Бізге барлық тарифті қайта қарауға тура келеді. Біз ҚҚС-ты шығындарды өтеу үшін жинаймыз, ал оны бастапқыда енгізбеуге де болар еді, кейін тарифтерді қайта-қайта өзгертпеу үшін.

Сіз бұл мәселені президентке жеткізуге тырыстыңыз ба?

– Иә, жеткізуге тырыстық. Бірақ маған түсіндіргендей, онымен кездесу алдында ҚҚС-қа қарсы адамдар тым көп екені анықталып, мен іріктеуден өтпей қалдым.

Тоқаевтың әлеуметтік желілерді қарайтынын білесіз, сол мүмкіндікті пайдаланбадыңыз ба?

– Мен бұл туралы Жұманғаринмен кездесуде айттым. ҚҚС денсаулық сақтау жүйесіне, бағаларға және баға қалыптастыруға өте кері әсер ететінін түсіндірдім. Бірақ маған президентке мұны айтуға болмайтынын айтты да, сөз басқа адамға берілді.

Сонда қандай жағдайға дайындалып отырсыздар?

– Салық кодексіне медициналық қызмет көрсетуге қатысты өзгерістер енгізілді. Бұрын бұл «медициналық көмек» деп саналатын. Яғни медициналық көмек көрсеткен ұйымдар жеңілдікті пайдалана алатын. Енді бұл «медициналық қызмет» деп жазылды. Бұл ұғым біздегі жағдайдағыдай екіұшты түсіндіруге жол бермейді. Алайда мүдделі тараптар бізді тексеруді жөн көрді, ал біз салық органдарының Салық кодексінің 290-бабын екі түрлі мағынада қолданғанын көріп отырмыз. Олардың пайымынша, ПТР аясында көрсетілетін қызмет медициналық көмек ұғымына кірмейді. Яғни бұл жай ғана медициналық қызмет, бірақ медициналық көмек емес. Дәл осы ұстаныммен салық комитеті бесінші тексерісті жариялады.

Сонда да нақтылап айтыңызшы, неге сіз Тоқаевпен сөйлеспедіңіз?

– Divera медициналық орталығының ашылуында президентпен тікелей байланыста болдым, шағымдануға мүмкіндігім болды, бірақ олай жасаған жоқпын. Салық кодексіне қатысты кәсіпкерлермен өткен жиында да мүмкіндік болды, бірақ мен бұған бармадым. Себебі заң аясында бұл мәселеден өте аламыз деп сендім. Біз өз ұстанымымызды бірнеше рет қорғап шықтық. Тіпті екі жылдық мониторингтен кейін, бес жылдық салық кезеңі түгелдей алынып, тексеріліп, бағаланып, «сіздер медициналық көмек көрсетпейсіздер» деген қорытынды жасалып, үшінші тексеріс бойынша талап қойылғанда да сотқа жүгіндік. Үш сатыдан да өттік, Жоғарғы сот екінші инстанцияның дұрыс шешім қабылдағанын растады, біз медициналық көмек көрсетеміз. Біз бұл мәселеге нүкте қойдық, неміс серіктестерімізге бәрі дұрыс екенін айттық. Бірақ сол негізбен, сол себеппен төртінші тексеріс пайда болды. Артынша бесіншісі де басталды.

САЛЫҚТЫҚ ҚЫСЫМ

Салық саласындағы адвокат Александр Каплан КДЗ «Олимп» сияқты ешбір компания мұндай деңгейде тексеріліп, қысымға ұшырап жатқан жоқ деп санайды.

– Әдетте салық органы бір рет тексеруге шығып, кейін ол бойынша берілген нұсқама күші жойылса, екінші рет тексеру жүргізбейді. Ал бұл жерде бесінші тексеру тағайындалып отыр! Сот шешімдері, өңірлік кеңестің хаттары, прокуратураның жауаптары бола тұра, компанияға мұншалықты шамадан тыс назар аударылуы қатты алаңдатады.

Бұл кек алу ма, әлде салықшылар кез келген бизнесті осылай тексере бере ала ма?

– Тәжірибемде бір мәселені бес рет қатарынан тексеру жағдайымен ешқашан бетпе-бет келген емеспін. Мұны кек алу деп те айту қиын. Бұл, бәлкім, жыл соңына дейін компанияны ірі көлемде салық төлеуге мәжбүрлеуге бағытталған қысым болар. Қазір олар ковид кезіндегі 2020 жылды да қамтымақ, ол уақытта ПТР-тестілер есебінен медициналық ұйымдардың айналымы өте жоғары болған. Яғни, салық органы корпоративтік табыс салығын дұрыс есептемейді деп санайтын ұйым есебінен бюджетті көбірек толтыру ниеті бар сияқты. Бірақ мұның бәрін бір жарым жыл бұрынғы алғашқы тексеру кезінде-ақ тоқтатуға болар еді, ал біз қазір бесінші тексеріске жеттік.

СОТ ТА ШЕШЕ АЛМАЙ МА?

Капланның айтуынша, ереже мен заңға сәйкес, егер азамат мемлекеттік органның әрекетін заңсыз деп санаса, ол сотқа жүгінеді. Сот әкімшілік тәртіпте талап-арызды қарап, шешім шығарады және бұл әрекеттерді заңсыз деп таниды.

– Кейін сот сол органды белгілі бір әрекеттерден бас тартуға міндеттеуі немесе мәжбүрлеуі мүмкін. Біз бірінші сатыда мұндай талап қойған жоқпыз, тексеру тағайындау заңсыз деп танылады да, мәселе осы жерде аяқталады деп ойладық. Алайда Мемлекеттік кірістер комитеті сот шешімін елемей, тағы да тексеруге шықты.

Тоқтаусыз сот дауы немен аяқталуы мүмкін?

– Қайтадан сотқа жүгінуге тура келеді. Әрине, біз, біріншіден, мемлекеттік органға, оның басшысына, сондай-ақ жоғары тұрған орган Қаржы министрлігіне қатысты жеке ұйғарым шығаруды талап етеміз. Бұл – қорғанудың жалғыз жолы. Сонымен қатар осы тексерулер мен оларды даулауға байланысты келген залалды өтеуді де талап ете аламыз.

«Олимп» – елге танымал компания. Оның беделіне нұқсан келуі мүмкін деп ойламайсыз ба?

– Әлеуметтік желілер бар, ақпарат тез тарайды. «Неге дәл осы компания тексеріліп жатыр? Басқалары неге тексерілмейді?» деген сұрақтар қойылады. Бірақ мен маман ретінде толық жауапкершілікпен айтамын: тексеру жүргізуге құқықтық, заңды негіз жоқ. Бұл сотта әлдеқашан дәлелденген. Қазір біз мұны тағы бір рет дәлелдейміз. Компания бір жыл бойы соттасты, жеңіп шықты. Осы жерде тоқтауға болатын еді. Апелляциялық соттың қорытындысы бар, Денсаулық сақтау министрлігінің ұстанымы бар. 

Тексерулер – кең тараған әдіс, бірақ бізде бұл туралы ашық айту әдетке айналмаған. «Бірдеңе болып кетпей ме» деп қорықпайсыз ба?

– Салық органдары өз құқықтары мен өкілеттіктерін жиі асыра пайдаланады. Бізде тексеру тағайындаудың өзіне қатысты даулар бойынша талап-арыздар өте көп. Әңгіме неде? Кәсіпкерлік кодексте егер мемлекеттік орган тексеру тағайындауға негіз тапса, ол мемлекет мүддесіне зиян келтіру қаупі болуы мүмкін деп танылуы тиіс деп жазылған. Яғни осыны мемлекеттік органның өзі дәлелдеуі тиіс. Бірақ салық кодексінде де, кәсіпкерлік кодексте де көрсетілген адалдық қағидаттары іс жүзінде біз қалағандай жұмыс істей бермейді. Нәтижесінде, салық төлеуші өзінде заң бұзушылық жоқ екенін өзі дәлелдеуге мәжбүр. Ал шын мәнінде, заң бұзушылық бар екенін және оны растайтын барлық дәлелді мемлекеттік орган келтіруі керек. Заңдарда мемлекеттік органға жоғары талап қойылғаны жазылғанымен, іс жүзінде бұл талаптар бизнеске жүктеліп отыр. Яғни бизнес өзінде заң бұзушылық жоқ екенін дәлелдеуі тиіс болып шығады.

Сүлейменовтің мәселені ашық алаңға шығару және президентке жүгіну шешімі қосымша қиындық тудырмай ма?

– Менің ойымша, қазір бұл керісінше жұмыс істеп отыр. Ең бастысы – шектен шықпау, әдепті сақтау және мәселені мәні бойынша айту, деректерді бұрмаламау. Біз ештеңені қолдан жасап отырған жоқпыз, асыра сілтемейміз және ақпаратты бұрмалауға жол бермейміз. Сондықтан бізді естиді деп ойлаймын.

ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ КЕДЕРГІ КЕЛТІРМЕҢІЗ

Александр Каплан бизнесті салық төлеуге ынталандыру қажет екенін, ал егер компанияда бәрі заң аясында болса, оны қыспаққа алудың қажеті жоқ екенін айтады. «Олимп» жағдайында ұғымдар әдейі шатастырылып отыр дейді ол. Бизнес нөлден басталып, ірі салық төлеушіге айналды, «алтын жұмыртқа салатын тауық» болды. Бірақ оны қолдаудың орнына, әлгі тауықты «бауыздауды» жөн көргендей әсер қалдырады.

– Бұл тапсырыс па, әлде жоқ па, білмеймін. Бірақ төменгі деңгейде нақты нұсқау бар: КДЗ «Олимпті» тексеріп, салық есептеу керек – бұл 100%. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Қаржы министріне және Бас прокурорға қайтадан жүгінгім келеді. Өйткені бұл іске тікелей ықпал ете алатын адамдар солар. Біз соттаса аламыз, уақытымыз бар, қашып бара жатқан жоқпыз. Бірақ бұл жағдайда соттасудың өзі мәнсіз. Сондықтан істі сот арқылы министрге және басқа да тұлғаларға қатысты жеке ұйғарым шығарып, тіпті оларды заңда белгіленген жауапкершілікке тартуға дейін жеткізгенше, қазір тоқтатқан әлдеқайда дұрыс.

Сіз әділдік үшін күресуге уақыт та, мүмкіндік те бар деп ойлайсыз ба?

– Иә. Өйткені 10-15 жыл бұрын мұндайды үнсіз көтеріп жүре берер едік, ал қазір басқа уақыт, басқа заң және мемлекеттің бизнеске деген көзқарасы да өзгерді. Компанияны қорғау керек, әсіресе оның құрамында неміс инвесторы бар екенін ескерсек. Ол да қазір атқарушы билікке хат дайындап жатыр. Қазақстанда зертханалар мен зауыттар салуға 10 млрд теңгеден астам инвестиция салу жоспарланып отыр. Яғни «Олимп» – алтын жұмыртқа салатын тауық. Оны бауыздағаннан гөрі, қорғаған дұрыс емес пе?

ИНВЕСТОРДЫҢ КӨҢІЛ-КҮЙІ

Сүлейменов неміс серіктестерін Жоғарғы соттың шешімін мемлекеттік органның елемей отырғаны қатты алаңдататынын жасырмайды. Оның айтуынша, олар үшін бұл тосын әрі түсініксіз жағдай, әрі қауіп тудырады. Ол мұның «Олимп» мысалында президент Тоқаевтың инвестор тарту бағытында жасап жатқан барлық жұмысының мәнін жоққа шығаратынын айтады.

– Серіктестер бұл жағдайға өте сақтықпен қарап отыр. Сондықтан олар Қазақстан мемлекетінің барлық тиісті деңгейлерінде келіссөздер жүргізді. Елші де бұл мәселені біледі, Германияның сауда-өнеркәсіп палатасы да хабардар.

Мұндай жағдайда «Олимп» қана емес, кез келген компания өз құқығын осылай ашық қорғауға тәуекел ете бермейді. Салдары сізді қорқытпай ма?

– Маған «тиіп кетуі» мүмкін екенін түсінемін. Біз қазірдің өзінде бақылаудамыз. Бізді бірнеше рет мониторингтен өткізді, мәселелеріміз қайта-қайта көтерілді, ақпараттық жүйелерге қатысты сұрақтардың бәрі тексерілді. Бірақ біз ашық компаниямыз. Не істеп жатқанымызды да, қаржыны қайда инвестициялап жатқанымызды да көруге болады.

САЛЫҚ ЖӘНЕ РЕФОРМА ТУРАЛЫ

Салық реформасы түріндегі кедергілер тармағы қазақстандық бизнеске талай тосынсый дайындап отыр. Жаңа Салық кодексі күшіне енерден екі апта бұрын-ақ сарапшылар ҚҚС бағаны күрт өсіріп, салдарын тұтынушылар тартатынын жиі айта бастады. Сәкен Кариннің сөзінше, компаниялар бұл шығынның бәрін ақыр соңында қызмет бағасына қосуға мәжбүр болады.

– Ұлттық экономика министрлігінде медициналық саланың сыртқы факторларға, яғниимпортталатын жабдықтар мен дәрі-дәрмектің құнына тәуелді екенін ескермеген сияқты. Заң шығару ережелерінде кез келген өзгеріс кемінде алдағы бес жылға есептеліп, оның қандай нәтиже беретінін алдын ала бағалау қажет екені жазылған.

Жаңа ҚҚС мөлшерлемесімен бизнес бұл жүктемеге шыдай алмайды деген болжамдарға қалай қарайсыз?

– 16 пайызға өсіру – бұл, сөзсіз, өте ауыр. Ұлттық экономика министрлігінің «бұл бағаны бәрібір тұтынушы төлейді, сізге айырмасы жоқ, үстіне қосасыз да қоясыз» деген уәжі іс жүзінде олай жұмыс істемейді. Бизнес қазір, әрине, бір амалын табуға тырысады, бірақ экономика қысыла бастайды. Біз осыны айтқанда, депутаттарымыздың қолдауын көрмей отырмыз. Олар «бәрі соншалықты қорқынышты емес, бұл небәрі 400 мың салық төлеушіге ғана әсер етеді» дейді. Ал елімізде жалпы 2,2 млн салық төлеуші бар, соның 400 мыңы – арнайы режимде жұмыс істейтін шағын бизнестің басым бөлігі.

Президент реформаны тоқтатып, бәрін қайта таразылап, есептеуге мәжбүр етеді деп ойлайсыз ба?

– Соған қатты сенгіміз келеді. Әрине, техникалық әрі практикалық тұрғыдан алғанда, биыл бұған уақыт қалмады. Салық кодексінде егер мөлшерлемелер мен шегерімдер өзгеретін болса, ондай өзгерістер 1 шілдеден кешіктірілмей қабылданып, тек келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі тиіс деген норма бар. Яғни бұл – іс жүзінде 2027 жылдың 1 қаңтары. Мемлекет басшысы осындай тапсырма берген күннің өзінде, үкімет заңды бұзбай отырып, мұның бәрін қаншалықты жедел іске асыра алатынын айту қиын. Дегенмен біз үкімет бизнесті қолдаудың қандай да бір тетіктерін қарастырады деп үміттенеміз. Бірақ мені қатты алаңдататыны  барлық мәселе тек мемлекет басшысы араласқаннан кейін ғана қозғалады. Ал біз үкіметтің бизнесті өз бетінше естуін қалаймыз. Олармен тығыз байланыста болғымыз келеді. Көбіне біз өз цифрларымызбен қаламыз, үкімет өз есептерімен қалады, ортақ мәміле жоқ.

Сүлейменовтің айтуынша, тексерістер мен салық реформасына байланысты бірқатар жобаны тоқтатуға тура келеді.

– Біз ҚҚС-қа қатты алаңдап отырмыз. Біз үшін ол есепке жатпайтын салық, яғни шығынды өсіреді де, соңғы төлеуші халық болады. Бұл рәсімдерді әкімшілендіру кезінде, тіпті таза бухгалтерлік тұрғыдан да тәуекелдер бар. Кемшіліктер шығуы мүмкін, себебі ҚҚС-ты бұрын мүлде төлемеген медицина ұйымдары үшін бұл жаңа нәрсе. Тиісінше, дайын механизмдер мен жолға қойылған жүйелер болмаған жағдайда, ҚҚС-пен жұмыс істеу барысында қателік кету қаупі жоғары.

«ҚАЖЕТ НӘТИЖЕГЕ» ДЕЙІН ҚЫСУ МА?

«Олимп» оқиғасы жай ғана бизнес пен салық органдары арасындағы жеке дау емес. Бұл – Қазақстанда мемлекеттік тетіктің қалай жұмыс істеп жатқанын көрсететін айқын мысал. Сот шешімі, Денсаулық сақтау министрлігінің хаттары мен «Атамекеннің» ұстанымы бола тұра, тексерулердің жалғасуы сот шешімі кез келген сәтте бұзуға болатын жай декларация секілді қабылданатынын аңғартады. Сүлейменовтің айтуынша, компанияға корпоративтік табыс салығын күшпен есептеп, «қажетті нәтижеге» дейін қыспаққа алу әрекеті жүріп жатыр. Бұл бюджетті толтыру үшін бе, әлде біреулердің жеке мүддесіне байланысты ма, ол жағы белгісіз. Ал іске қатысып отырған заңгерлер мен салық кеңесшілері жағдайды бұрын-соңды болмаған деп бағалайды. Бір ғана мәселе бойынша бес рет тексеру жүргізу бұл ақылға қонбайтын іс.

«Олимп» қорғанып отыр, бірақ әзірге МӘМС пен ТМККК аясында қызмет көрсетуді жалғастырып келеді, қызметкерлерді қысқартпай, инвестициялық бағдарламаларды да жоспарлап отыр. Алайда 1 қаңтардан бастап тағы бір сынақ күтіп тұр, ол – салық реформасы. Ақылы медициналық қызметтерге ҚҚС енгізілуі тарифтерге де, тұтынушыларға да сөзсіз соққы болады. Ал медициналық ұйымдар үшін жаңа жағдайға бейімделу әкімшілендіру қателіктерге, айыппұлдарға және Мемлекеттік кірістер комитетімен жаңа дауларға алып келу қаупін арттырады.

Мемлекеттік кірістер комитеті мен салық реформасының авторлары шын мәнінде нені көздеп отыр? Бизнестің нығаюына, инвестиция көлемінің артуына, көбірек салық төлеугекөмектесуді ме, әлде жобалардың тоқтауына, беделге нұқсан келтіретін шығындар мен инвесторлардың кетуіне қарамастан, дәл қазір барынша көп қаржыны «сығып алуды» ма? Өйткені егер нарықтағы ең ірі ойыншыны сот шешімдерін елемей, қайта-қайта тексере беруге болатын болса, өзгелер мұны өздеріне төнген қауіп деп түсінеді. Яғни ережелер кез келген сәтте өзгеруі мүмкін, ал бизнестің қорғалу деңгейі заңмен емес, тек сеніммен ғана өлшеніп отыр.

Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia-ның YouTube арнасынан көре аласыз.