Әскери қызметке қарсы петиция, соғыс қаупі, Тоқмәди ісі мен ренжіген қырғыздар жайлы – Ұлыс апта

Ulysmedia

Ұлысмедиа редакциясы осы аптаның айшықты оқиғаларын шолып шықты. Бұл жолы елде орын алған саяси-қоғамдық тақырыптарды сарапшылармен талқылап, халық арасында сауалнама жүргізілді. 

Коллаж Ulysmedia.kz

Маңғыстауда 460 оқушы уланды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қайда қарап отыр?  

Әскердегі әлімжеттік: бір сарбаздың топырағы суымай жатып, екіншісі жан тапсырып жатыр. Әскердегі өлім қашан тоқтайды? Әйтпесе, «Қазақстанда міндетті әскери қызметті алып тастау керек» деген петицияны қолдайтындар қатары көбейіп жатыр. Министр Руслан Жақсылықов әзірше үнсіз. 

«2030 жылы Қазақстанда соғыс болуы мүмкін» - депутат Ермұрат Бапи күтпеген мәлімдеме жасады. Қорғанысымыз берік пе? Армияға бөлінетін 2,7 трлн теңге неге жеткіліксіз? Әскери мамандар не дейді. Арнайы сауалнама жүргіздік. 

Алдағы 3 жылға бекітілген бюджетте шикілік көп. Депутат Бақытжан Базарбек білімге ақшаны көбейтпей жатып, Үкімет жұртты ғылымға, театрға шақырып әлек деп ашулы. Саботаж жасап отырған қайсысы?

Жаппай тексеру болмайды! Салық комитеті каспимен аударым жасайтындардың ізіне түспейтін болды. Бірақ бұл ұсақ бизнесте жүргендер бақыланбайды деген сөз емес.

«АЭС керек емес». Экологтар Алматыда өз қарсылығын білдірсе, Бас Прокуратура АЭС-ке қатысты сауалнама жүргізгендерді шетінен жауапқа тартуға кірісіп кетті.  

Банкир Ержан Тәтішевті өлтірген Мұратхан Тоқмәди түрмеден шықпайтын болды. Қонаев соты бұған дейін қабылданған шешімнің күшін жойды.

Ал Жоғарғы сот Жанболат Мамайдың кассациялық шағымын қанағаттандырмай тастады. Оппозициялық белсенді қаңтар оқиғасына қатысқаны үшін енді 6 жылын шартты түрде өтеуге міндетті.

Дүниежүзілік көшпенділер ойынына 5 млрд теңгеден астам ақша жұмсалды. Қырғыздар қазақтарға ренжіп кетті. Ал бұл дүбірлі ойынды Астанада емес, өңірде өткізуге болмас па еді?