Ұлыста қонақта – Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нико Схемерс. Ашық сұхбатта Қазақстан мен Еуропа арасындағы қарым-қатынастың бүгінгі жағдайы мен болашағы туралы әңгімелестік.
Елшінің айтуынша, Қазақстан әрдайым Нидерландтың Орталық Азиядағы басты серіктестерінің бірі болып келді. Осы себепті Нидерланд өңірдегі алғашқы елшіліктерінің бірін дәл Қазақстанда ашқан. Ал 2022 жылы Украинадағы соғыс басталғаннан кейін Орталық Азияның Еуропа үшін стратегиялық маңызы бұрынғыдан да арта түскен.
Сұхбат барысында Қазақстанның инвестициялық климаты, Нидерландтың елімізге құйған 120 миллиард доллардан астам инвестициясы, ауыл шаруашылығындағы озық технологиялар, ҚҚС мөлшерлемесін көтеру мәселесі, мемлекет пен бизнестің арақатынасы, Қашаған мен Қарашығанақ секілді ірі жобалардағы ұлттық мүдде, сондай-ақ экологиялық айыппұлдар тақырыбы талқыланды.
Сонымен қатар елші Украинадағы соғысқа қатысты Нидерланд ұстанымын түсіндіріп, өз технологиялары мен өнімдерінің Ресей арқылы әскери мақсатта пайдаланылуына жол бермеуге тырысатынын айтты.
Сұхбаттың маңызды тақырыптың бірі – Қазақстан азаматтарының Шенген визасын алу мәселесі болды. Неліктен соңғы жылдары виза алу қиындап кетті және екі ел арасындағы әуе қатынасын кеңейту мүмкін бе деген сұрақтарға да жауап берілді.
Сондай-ақ адам құқықтары, сөз бостандығы, азаматтық белсенділік және Қазақстан қоғамындағы өзгерістер туралы пікірлер айтылып, елші қазақ халқының өзіне ерекше әсер қалдырған қасиеттерімен бөлісті.
Шығарылымның толық нұсқасын Ulysmedia YouTube арнасынан көре аласыздар.