×
$
462.22
536.5
5.43
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
462.22
536.5
5.43

Шымқаланың бүгінгі тынысы: еңбеккердің мұңы, кәсіпкердің үміті қандай? - арнайы репортаж

Бүгін, 19:00

Шымкент қалай өзгеріп жатыр? Қарапайым халықты не алаңдатады? Жұмысшылар мен дәрігерлердің басты мәселесі не? Ал кәсіпкерлер елдегі саяси өзгерістерден не күтеді?

Ulysmedia.kz редакциясы бұл жолы Шымкентке арнайы барып, ресми есептер мен мінбердегі сөздерден гөрі қаланың өз тұрғындарын тыңдауға тырысты. Миллионнан астам халқы бар мегаполисте адамдардың көңіл-күйі қандай, олар үшін «Әділетті Қазақстан» ұғымы нені білдіреді және алдағы сайлаудан қандай өзгеріс күтеді?

Шығарылым барысында біз коммуналдық қызметкерлермен сөйлестік. Қаланың тазалығы мен көркеюінің артында күннің аптап ыстығы мен қыстың аязына қарамай еңбек ететін мыңдаған адамның жұмысы тұр. Бірақ олардың да шешілмеген мәселелері бар. Ең басты талаптардың бірі — жалақы мен баспана. Кейбір жұмысшылар әлі күнге дейін жалдамалы пәтерде тұратынын айтады.

Бұл мәселелерге «Әділет» партиясы не ұсынады? Партия өкілдері тұрғын үй саласында бір адамға 30 шаршы метр нормативін енгізіп, бес жыл ішінде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарын айтты.

Сапар барысында медицина саласының мамандарымен де кездестік. Шымкенттің жедел жәрдем қызметі тәулігіне 2300–2500 шақырту қабылдайды. Дәрігерлер мен фельдшерлер жұмыстың ауырлығын айтып қана қоймай, өздерін толғандыратын әлеуметтік мәселелерді де көтерді. Олар үшін де баспана мен лайықты жалақы мәселесі өзекті.

Біз Шымкентпен ғана шектелмей, Түркістан облысындағы Бөржар ауылына да бардық. Мұнда шағын кәсіппен айналысатын тұрғындар үшін ең үлкен проблемалардың бірі — электр қуатының жиі өшуі. Тоңазытқышқа тәуелді кәсіп үшін жарықтың сөнуі тікелей шығынға айналады.

Ал Шымкент кәсіпкерлері не дейді?

Қалада 130 мыңнан астам белсенді шағын және орта бизнес субъектісі бар, бұл салада 250 мыңнан астам адам еңбек етеді. Біз арнайы экономикалық аймақтағы өндірістерді аралап, қазақстандық өнімнің қалай жасалып жатқанын көрдік.

Dapter Line кәсіпорны жылына шамамен 50 млн дана 12 парақтық дәптер шығарып, Қазақстан мектептерінің сұранысының 25–30 пайызын қамтамасыз етеді. Ал Balabi Textile фабрикасындағы 500 станокта 250-ден астам адам жұмыс істейді. Кәсіпорын жылына 48–50 млн жұп шұлық өндіріп, өнімін 10 мемлекетке, соның ішінде Италияға экспорттайды.

Сонымен қатар шығарылымда «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебаймен қоғамдағы зайырлылық, заң мен тәртіп және жаңа Конституциядағы құндылықтар туралы сөйлестік. Оның айтуынша, ешқандай діни догма Конституция мен Қазақстан заңдарынан жоғары тұра алмайды.

Бұл шығарылымда:

— Шымкент тұрғындары билік пен саяси партиялардан не күтеді?
— Қарапайым еңбек адамының жалақысы қашан өседі?
— Коммуналдық қызметкерлердің баспана мәселесі қалай шешілмек?
— Дәрігерлерді не алаңдатады?
— Ауылдағы шағын кәсіпке жарықтың өшуі қалай әсер етеді?
— Шымкент өндірісі Қазақстан нарығын қамтамасыз ете ала ма?
— Отандық кәсіпорындар Еуропаға қалай шығып жатыр?
— «Әділет» партиясы сайлаушыға қандай шешімдер ұсынып отыр?
— Зайырлылық пен «Заң және тәртіп» қағидаты неге маңызды?

Шымкенттің бүгінгі тынысы — қарапайым еңбеккердің мұңы, кәсіпкердің үміті және сайлау алдындағы халықтың талабы.

Толық репортажды көріп, пікіріңізді жазыңыз.

Сіз үшін бүгін Қазақстандағы ең бірінші шешілуге тиіс мәселе қандай?