Диплом – табысқа кепіл емес: Мирас Дәуленов білімнің болашағы мен «ми көші» туралы

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Жасанды интеллект білім беру саласын қалай өзгертеді, жаңа буын университеттері нені үйретуі керек және Қазақстан халықаралық білім беру орталығына айнала ала ма? Бұл сауалдарға Ulysmedia.kz-ке берген көлемді сұхбатында білім беру саласының сарапшысы, Coventry University Kazakhstan басшысы Мирас Дәуленов жауап берді.

«Жеңімпаз ұлт» болу білімнен басталады

Әңгімеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз – жеңімпаз ұлтпыз» деген сөзі арқау болды.

Самал Ибраева Мирас Дәуленовтен бұл ұстанымның білім беру саласына және Қазақстанның жаңа буынына қатысты мәні қандай болуы керегін сұрады.

Сұхбатта жасанды интеллект тақырыбына да арнайы тоқталдық. Бүгінде жасанды интеллект күрделі тақырыпты бірнеше секундта түсіндіріп, мәтін жазып немесе есеп шығарып бере алады. Ендеше мектеп пен университет оқушы мен студентке нені үйретуі керек деген маңызды сұрақ туындайды.

Мирас Дәуленов жаңа технологиялық дәуірде қандай дағдылар сұранысқа ие болатыны және болып жатқан өзгерістерге Қазақстанның білім беру жүйесі қаншалықты жылдам бейімделуі керектігі туралы ой бөлісті.

«Ми көші» ме, әлде таланттардың айналымы ма?

Әңгімеде Қазақстаннан талантты жастардың шетелге кетуі де сөз болды.

Бәлкім, «ми көші» деген ұғымның өзі біртіндеп ескіріп келе жатқан шығар. Ашық экономика жағдайында әр маманды елде қандай жолмен болса да ұстап қалуға тырысқаннан гөрі, қазақстандықтардың шетелде білім алып, тәжірибе жинақтап, кейін елге оралуына немесе басқа мемлекетте жүріп-ақ Қазақстанға пайдасын тигізуіне мүмкіндік беретін жүйе қалыптастыру маңызды.

Қазақстанның білім беру орталығына айналу амбициясы да талқыланды. Қазір елімізде ондаған мың шетелдік студент білім алып жатыр. Ал алға қойылған мақсат – олардың санын айтарлықтай көбейту.

Қазақстанды шетелдік студенттер оқу ақысының қолжетімділігі үшін ғана емес, білім сапасы үшін де таңдайтындай жағдай жасау үшін не өзгеруі керек?

Қазақстанға шетелдік университеттер не үшін қажет?

Соңғы жылдары Қазақстанда шетелдік университеттердің филиалдары мен кампустары ашыла бастады. Мирас Дәуленов бұл үдерістің басталуына Білім және ғылым министрлігінде жұмыс істеген кезінде куә болды. Ал бүгінде өзі Coventry University Kazakhstan университетін басқарады.

Сұхбат барысында ол халықаралық университеттердің Қазақстанға не бере алатынын және қазіргі нәтиже бастапқы мақсат-міндеттерге қаншалықты сәйкес келетінін айтты.

Сондай-ақ университеттердің еңбек нарығымен байланысы, жұмыс берушілер үшін дипломның құндылығы, академиялық адалдық және университеттік ғылымның дамуы туралы әңгіме өрбіді.

Неліктен мемлекет ғылымға салынатын инвестицияның негізгі бөлігін әлі де өзі көтеріп отыр, бірақ ғылыми әзірлемелердің бәрі бірдей технологияға, патентке немесе өндіріске айнала бермейді? Университеттер экономиканың толыққанды бөлігіне айналуы үшін не өзгеруі керек?

Жеке жолы

Сұхбат барысында Мирас Дәуленовтің өмір жолы да сөз болды.

Ол білім беру саласында көп жылдан бері еңбек етіп келеді: Еуропада оқытушы болды, Білім және ғылым вице-министрі қызметін атқарды, Нархоз университетін басқарды. Қазір Coventry University Kazakhstan-ға жетекшілік етіп отыр.

Білім беру оның отбасының тарихымен де тығыз байланысты. Атасы Мұрат Дәуленов педагог болған әрі білім беру ісін ұйымдастыруға атсалысқан. Бүгінде Зайсандағы мектептердің біріне оның есімі берілген.

Мирас Дәуленовтің Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатынан жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның білім беру жүйесі қандай болуы керек, ел таланттар үшін қалай бәсекеге түсе алады және Қазақстан өңірдегі білім беру орталықтарының біріне айнала ала ма деген сауалдарға жауап таба аласыз.

Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz YouTube-арнасынан көріңіз.