Алтын дауы және ауылға келген СОБР: Маралдыда наразылық тағы өршіп барады

Аян Өрібай

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылында жергілікті жұрт кеше, яғни 8 мамырда алтын өндіруді көздейтін кәсіпорын алдына тағы жиналды. Бұл жолы ауылға «Байтақ» партиясының өкілдері барған. Партияның ауылдағы жиыны Мәдениет үйінде емес, сыртта өтіп, артынша тұрғындар тау үстіндегі кәсіпорынға жеткенде алдынан компания басшылығы мен автомат асынған арнайы жасақ шыққан. 

Осы видео әлеуметтік желілерде кешеден бері талқыланып жатыр. Толығырақ не болғанын әрі неге дауға нүкте қойылмай келе жатқанын Ulysmedia.kz тілшісі анықтап көрді.

Ауыл тұрғындары түсірген фотосурет

8 мамырда не болды

8 мамыр күні Маралды ауылына «Байтақ» жасылдар партиясының мүшелері жиналып, халықтың басын қосқан. Бірнеше кісіге партбилет берген. «Ауылдағы Мәдениет үйі партияның отырысын өткізуге бермей қойды» дейді тұрғындар. Партияның жиыны стадион алдында өткізілген. Осыдан кейін наразы жұрт кәсіпорынға бет алған. Алдына барғанда арнайы жасақты көрген. Наразылық ретінде жиналған тұрғындар әнұранды айтқан. Кейін видеоүндеу түсірген.

Ауыл халқының үндеуі (видеодан скриншот)

– Өкілетті органдарға айтарымыз: заңсыз, ескертусіз, ешбір себепсіз қысым көрсетіп, салған айыппұлын алсын дейміз. Азаматымыз Әділ Қожақовты босатсын деп талап етеміз. Мынадай бассыздықтарды қойсын. Екі күннің бірінде сүйрейді. Біз таза жеріміз бен суымыз үшін шығып жатқанымызды естімейді», - дейді жергілікті тұрғын Жанат Кәрібаева. 

Жанат Кәрібаеваның айтып отырғаны – бұған дейін Маралдыда алтын фабрикасын салуға қарсы шыққан 6 адам «тіркелмеген бірлестік құрды» деп айыпталған болатын. Сол тұста полицейлер екі адамға 92 мың теңге, төрт адамға 184 мың теңге төлеуге міндеттеген. Алты адамның ішіндегі Әділ Қожақов атты азамат әкімшілік іс бойынша 10 тәулікке қамауға алынған.

Облыс әкімдігінің ақпараты

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі кешегі оқиға бойынша өңірлік ақпараттық орталықтың атынан мәлімет таратты. Ресми мәлімет бойынша, Маралдыда «Байтақ партиясының өкілі мен бір топ адам алтын өндіру фабрикасының құрылысына қарсылық білдіріп, рұқсатсыз жиналыс өткізген».

– Жиналыс аяқталғаннан кейін Маралдының 100-ге жуық тұрғыны фабрика құрылысын тоқтату туралы бейнеүндеу түсіру үшін құрылыс орнына келіп, ары қарай олар фабрика аумағына кірген. Кәсіпорын басшылығының мәліметі бойынша, олардың қызметкерлері дене жарақатын алып, сондай-ақ материалдық шығынға ұшыраған. Жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кәсіпорынның қызметкерлері мен күзетшілері кәсіпорын аумағынан кетуге мәжбүр болды. Полиция және СОБР (арнайы жедел әрекет ету тобы) қызметкерлері жиналғандарды құқықтық тәртіпті сақтауға шақырып, заңнаманы түсіндірді, бұл ретте оларға күш қолданылмады, - делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.

Әкімдік аталған факті бойынша облыстық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын, болған оқиғаға құқықтық баға берілетінін хабарлайды. Әкімдік алтын өндірісіне қатысты жобаны бейінді министрліктер мақұлдап, қоршаған орта үшін өндіріс қауіпсіздігі туралы қорытындылар берілгенін, қоғамдық тыңдаулар мен дөңгелек үстелдер өткізіліп, онда түрлі ведомстволар мен ұйымдардың, оның ішінде тәуелсіз ұйымдардың сарапшылары жобаның экологиялық қауіпсіздігі туралы толық қорытынды бергенін қосып өтеді.

«Біз тыныштықта өмір сүргіміз келеді»

Маралдылықтар ол күні ешқандай заң бұзылмағанын, ауылдың ақсақалдары бәрін бақылауда ұстағанын айтады.

Жергілікті тұрғындар не себепті кәсіпорын алдына барғанын былай түсіндіреді.

Маралды тұрғыны Гүлвира Жүнісова (видеодан скриншот)

– Қырға шыққан себебіміз – жерімізді, шабындығымызды түк қойған жоқ. Айналаны қарап тұрсаңыздар, көкпеңбек болып тұр. Шабындық жер. Арық ағатын, бастауларымыз бар болатын. Соның бәрін түк қалдырмай қазып, ойларына келгенін істеп тастады. Осының аяқ жағында, тура таудың түбінде ауыл отырмыз. Ертең тауды жарса ауылға тас домалайды. Онда көшеде жүгіріп жүрген бала-шағамыз бар. Малымыз бар. Сонда біз қалай өмір сүруіміз керек? Біздің мақсатымыз – осы заңсыздықты тоқтату, табиғатымызды қорғау. Біз тыныштықты өмір сүргіміз келеді. Балаларымыз аман болса екен, соларға жерімізді сол қалпында жеткізсек екен деп ойлаймыз», - дейді жергілікті тұрғын Гүлвира Жүнісова.

8 мамырда ауылда болған оқиғаның видеолары әуелі «Байтақ» жасылдар партиясының басшысы Азаматхан Әміртаевтың Тик-ток парақшасында жарияланған. Көп өтпей, ол роликтер жойылып кетті. Ал партияның Meta парақшасында Маралды жайлы еш мәлімет жоқ, Іnstagram парақшасы ашылмады.

Кәсіпорын басшысы не дейді

Ulysmedia.kz тілшісі облыстағы полиция департаментіне хабарласып көрген. Департаменттің баспасөз қызметі сұрауды оқып, қай оқиға жайлы сұрап отырғанымызды нақтылап, сілтеме жолдауды өтінгенімен, кейін жауап қайтарған жоқ. 

Маралдыға фабрика салғалы жүрген кәсіпорынның басқарушы директоры Марат Аусабаев «кеше бізді қорқытты, объектіден кетуге мәжбүр болдық» дейді. «Ауылда арнайы жасақ не істеп жүр?» деген сұраққа Аусабаев «біздің шақыруымызбен емес, өздері келді» деп жауап берді. «Бұл мәселе тығырыққа тіреліп тұр деп есептемейсіз бе?» деген сұраққа былай жауап берді.

– Иә, негізі бұл өте қауіпті мәселе болып тұр. Қоғамға да, Үкіметке де, бүкіл Қазақстанға да. Өйткені бір топ адам жалған ақпаратты қолданып, адамдарды өтірік айтып, осындай жолға салып тұр. Адамдар «күш көрсетейік, осындай әрекеттер жасайық, біздің жеріміз» деп, сепаратизм белгілерін көрсетіп жатыр. Жерімізді қорғаймыз деп сөйлейді. Басқа қазақстандықтардан өз жерін қорғау деген мейірімсіз. Қорқыту актісі деп қарасақ, мұны террористік акт деп атауға болады, – дейді ол.

«Сепаратизм, террористік акт деген сөздер бұл жағдайда ауырлау сөздер емес пе?» деген сұраққа кәсіпорын басшысы «қорқыту бар ма – бар, алдын ала ұйымдастыру бар ма – бар. Бетін жауып алған адамдар келіп, күш көрсетіп, адамдарға кетуіне, шығуына, жүруіне мәжбүр қылған» деп жауап берді.

Кәсіпорын басшысы «бір топ адам халықты ұйымдастырып отыр» деп есептейді. 

«Бізді ешкім естімейді»

8 мамырда Маралдыда сол ауылдың тумасы Талғат Исин де болған. Ол «бізді террористсіңдер» дегенге апара жатыр дейді.

– Заң жолымен осы мәселені шешейік деп қаншама ақпаратты ашық көрсетіп жатырмыз. Тоқаевтан басқа бәрінің алдынан өттік. Сол жерде заң халыққа қарсы жұмыс істеп жатыр. Қоғамдастықтың мүшелеріне айыппұл салды, басшысын қамады. Облыс әкімі Көшербаевқа да осы жерге келсін деп талап қойған. Ешкім бірақ келген жоқ.

Ол жерде су шығып жатыр, Қызыл кітапқа енген өсімдіктер бар. Келіп комиссия тексеруі керек қой. Ешкім қарап отырған жоқ. Жолды қиратып жатыр. Халық ашынып тұр. Салықпен отырған омон жеке кәсіпорынның жайында не істеп жатыр? Түсініксіз. «Террористсіңдер» дегенге әкеле жатыр. Бірақ бәрін көріп отырсыңдар. Не облыс әкімі, не тілшілер келген жоқ, - дейді ол.

Дау басылар емес

Осылайша, Маралды ауылындағы алтын дауы өршімесе басылар емес. Былтыр 19 шілдеде маралдылықтар мен алтын зауыты «күзетшілері» арасында болған қақтығыстан кейін 25 шілдеде ауылға тағы да индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі және облыс, аудан әкімдігі билігінен өкілдер барған. Алайда министр, облыс әкімі деңгейіндегі шенеуніктер Маралдыға әлі де аттап басқысы келмейді. Ал ортаңқол шенеуніктердің келгенінен «пайда болмады» деген маралдылықтар одан кейін де президентке үндеу жолдаған.

Маралдылықтар «алтын шаятын қоспалар экологияны ластап, өзенді былғайды, өндірісті қолданылатын цианид халықтың денсаулығына кері әсер етеді» деп есептейді. Ал компания басшылығы оны жоққа шығарып, жұмысты талапқа сай істейтінін айтады.

Маралды ауылының іргесінде Maralicha және Maralicha-Gold деген тау-кен кәсіпорындары жер қойнауын барлап, «ВСАМ Продакшн» компаниясы сол жерге алтын өндіретін фабрика салуды көздейтіні хабарланған. Ал Азаттық басылымының тілшілері фабрика салатын компания иелерінің бірі, кәсіпкер Айдын Рамазановтың Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінен таяуда босаған Даниал Ахметовтің ұлымен бизнес-серіктес екенін анықтаған.

Былтыр шілдеде ауылдағы халықтың алтын зауытындағылармен текетіресі қантөгіске ұласа жаздаған. Ulysmedia.kz тілшісі 19 шілдеде Маралдыда болған оқиғаны өз көзімен көріп, портал бетінде баян еткен еді.