Жанәбіловтер қылмыстық жауаптан құтылып кетуіне болар еді - ҚМА

Сырым Қаржас

Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов блогер Жанәбіловтерге қатысты тергеудің қай сатыда екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Елемесовтің айтуынша, Жанәбіловтерге қатысты Қылмыстық кодекстің 241-бабының 1-бөлігі – «заңсыз кәсіпкерлік» бойынша іс тіркелген. Бұл бап бойынша оларға 2 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, түзеу жұмыстарына тарту, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегу, 2 жылға дейін бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру, сондай-ақ мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.

Тергеу қазір бастапқы кезеңде тұр. Елемесовтің сөзінше, егер блогерлер әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айыптаумен келіссе, онда олар қылмыстық іс бойынша жауапқа тартылмас еді.

– Блогер Just King (Нұрбек Нұртаза) жағдайында олар әкімшілік құқық бұзушылықпен келісіп, айыппұлдарын төледі. Ал Жанәбіловтер келіспей, өтініш берді, материалдар сотқа жолданды. Сот талқылауы барысында, мүмкін, өзге де мән-жайлар анықталып, ол жерде қылмыстық жазаланатын әрекет белгілері бар деген қорытынды жасалып, тергеу бастау қажет болды, – деді Елемесов.

КОНТЕКСТ

Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеновп — Қазақстандағы ең танымал және көп талқыланатын инфлюенсерлердің бірі, қазір олар сот алдында жауап беріп жатыр. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында олардың ісі қаралуда.