Бір жыл күтеді. Өскеменде кәріз суы көшені басып кетті

Әлихан Асқақ

Өскемен қаласында тозығы жеткен кәріз коллекторының салдарынан жер үйлердің аумағын қайта-қайта су басып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

дереккөз

17 РЕТ АПАТ БОЛҒАН

Мирный кентінің халқы әбден тозығы жеткен №17 кәріз коллекторының жөнделгенін күтіп жүргеніне талай уақыт болды. 

ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, 2021 жылдан бастап осы уақытқа дейін қысым коллекторында 17 рет апат болған.

БІР ЖЫЛ КҮТЕДІ

Соның салдарынан Куратов және Машукова көшелеріндегі жеке тұрғын үйлердің аумағына кәріз суы жайылып тұрады. Кейде су жер астына сіңіп кетеді.

Осы жылдың мамыр және қыркүйек айларында кәріз коллекторында апат болып, Куратов көшесіндегі үйлердің аумағына су кірді. Қазіргі уақытта «№17 кәріз коллекторының учаскелерін қайта құру» жобасы әзірленген. Желілердің ұзындығы 1,5 шақырымды құрайды. Конкурстық рәсімдер жүргізіліп, «Service СМУ» ЖШС-мен келісім шарт жасалды. Осы жылы ұзындығы 423 метр болатын апатты учаскелердің бірін жөндеу жоспарланып отыр. Жалпы құны 2,6 млрд теңге болатын жоба 2025 жылы аяқталады, – делінген басқарманың хабарламасында.