Қазақстанда алдағы күндері ауа райы күрт бұзылады

goodfon.ru

Алдағы үш күнде Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылады. Құрғақ антициклонның орнына солтүстіктен циклон келеді. Әуелі ол елдің батысында жаңбыр жаудырып, кейін басқа өңірлерге де әсер етеді. Солтүстікте жаңбыр аралас қар жауып, көктайғақ болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

«Қазгидромет» 5–7 қарашаға арналған ауа райы болжамын жариялады.

Қай өңірлерде жауын-шашын мол түседі?

5 және 6 қарашада Қазақстанның батысы мен солтүстік-батысында қатты жаңбыр мен қар жауады. 6 қарашада елдің оңтүстігі мен орталығында да нөсер жаңбыр болжанып отыр.

Ел аумағында жел күшейіп, түнде және таңертең тұман түседі.

Ауа температурасы

Батыста түнде ауа температурасы 0-ден +7 градусқа дейін, күндіз +3...+14 градус аралығында болады.

Солтүстік-батыста түнде 1–8 градус аяз, күндіз +1...+15 градус жылы болады.

Солтүстік пен орталықта түнгі температура 3–8 градус аяздан +1...+6 градусқа дейін көтеріледі. Ал күндіз керісінше, ауа температурасы +5...+13 градустан +1...+10 градусқа дейін төмендейді.

Шығыста түнде 3–8 градус аяздың орнына 0...+5 градус жылы болады. Күндіз ауа температурасы +3...+8 градустан +7...+12 градусқа дейін көтеріледі.

Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде ауа температурасы айтарлықтай өзгермейді.