4-сынып оқушысы мектепке миллион теңге сыйлады – Министрлік пікір білдірді

Ulysmedia

Білім министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова Facebook парақшасында маңғыстаулық 4-сынып оқушысы Азамат Тоқсанбайдың республикалық байқауда 1 миллион теңге ұтып алғанын, оны мектепке сыйлағысы келетін жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: gov.kz

«Маңғыстаулық төртінші сынып оқушысы математика сабағында қолдануға арналған құрал жасап, өзінің білімі мен күш-жігерінің арқасында республикалық конкурста 1 миллион теңге ұтып алғаны қуантады. Дарынды балалардың әлеуетін көтермелеу, оларды қолдау өте маңызды. Оқушы жеңіп алған сыйақысын өзінің мектебіне интерактивті тақтаны сатып алуға жұмсауға ниет білдіргені оның мейірімді жүрегі мен басқа да жағымды қасиеттерін көрсетеді», - деп жазды Гүлмира Кәрімова.

Оның айтуынша, бұл ретте интерактивті тақтаны республикалық конкурста жеңіске жеткен оқушы емес, жергілікті атқарушы орган сатып алуы тиіс. Әрине, балалардың өз мектебін қолдауға және дамытуға деген ұмтылысын қолдау керек. Дегенмен, бұл ондай жағдай емес.

«Заң бойынша мектептерді қаржыландыру әкімдіктердің құзыретінде екенін атап өту қажет.
Жергілікті атқарушы органдар қажетті жабдықтарды сатып алу үшін бюджет қаражатын бөледі. Маңғыстау облысы әкімдігінің Білім басқармасына зияткерлік конкурста жеңген ақшаны оқушыға қайтару және жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен қажетті құрал-жабдық сатып алу ұсынылды», - дейді ол.