Қостанай облысында оқушы мектеп дәретханасында зорлық көрген

ЖИ/ Ulysmedia

Қостанай облысында полиция 10 жастағы оқушыға қатысты зорлық-зомбылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікке 11 және 12 жастағы екі алтыншы сынып оқушысы ілінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«НеМолчи.kz» қорының мәліметінше, оқиға Қостанайдан шамамен 200 шақырым жердегі ауылдардың біріндегі мектеп дәретханасында болған. Сол кезде дәретханаға кірген жоғары сынып оқушысы болған жағдайды көріп қойған. Ол бұл туралы зардап шеккен бесінші сынып оқушысының туған ағасына айтқан.

– Осылайша, оқиға әшкереленді. Мектеп директоры аудандық полиция бөліміне хабарласып, баланың анасы арыз жазды, – делінген қордың жарияланымында.

Баланың анасы адвокат жалдаған

Зардап шеккен баланың анасы үш баланы жалғыз тәрбиелеп отыр. Қордың мәліметінше, ол адвокаттың көмегіне жүгінген.

Қылмыстық іс 16 қарашада тіркелген. Қостанай облысының полиция департаменті Ulysmedia.kz редакциясына қылмыстық іс қозғалғанын растады. Алайда ведомство тергеу мүддесіне байланысты әзірше толық ақпарат бермеді. Қазір оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр.

Қазақстанда қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Ал бірқатар ауыр қылмыс үшін 14 жастан жауапкершілік қарастырылған. Бұл оқиғаға күдікті балалардың жасы – 11 және 12-де.

Бұған дейін не болды?

Еске салайық, қазан айының соңында Қостанай облысындағы Құсмұрын ауылында бес жасар бала қайтыс болған еді. Дәрігерлер оның денесінен соққы іздерін анықтаған. Прокуратураның мәліметінше, бала басы мен денесіндегі көптеген жарақаттан көз жұмған.

Осы іске байланысты баланың әкесі ұсталды. Өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл Несібелі Басенованың айтуынша, отбасы туралы жұртшылық жақсы пікірде болған. Сондықтан болған жағдайдың себебін ешкім түсіне алмай отыр.

Сізге қызық болуы мүмкін