Жарық, газ бен жол жоқ: қараусыз қалған Қызылордадағы шағынаудан тұрғындарының жанайқайы

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қызылордада жоғары лауазымды меймандарға қала орталығы ғана көрсетіледі. Ал «Саяхат» шағын ауданына әкімдік кортеждері жолай соқпайды, себебі мұнда мақтанарлық ештеңе жоқ. Бұл аумақта асфальт жол да, жаяу жүргінші жолы да, көше шамдары да, қалалық автобус та, тіпті газ да жоқ. Одан бөлек, қаңырап қалған маңайда сасық иіс бар, бірақ оны жою үшін жергілікті билік батпақты тұрғындардың өздері құрғатсын деген ұсыныс жасаған. Ulysmedia.kz тілшісі Қызылордадағы кей тұрғындар неге өркениеттен тыс қалып қойғанын анықтауға тырысты.

МӘН-ЖАЙ

Бұл шағын ауданға түнде барсаңыз тек құлап қана қоймай, ауыр жарақат алуыңыз да мүмкін. Мұнда көше қап-қараңғы түнек іспетті, сондықтан ешқандай қажеттілік болмаса, тұрғындар бұл уақытта үйден шықпауға тырысады.

– Мен бұл жерде 15 жылдан бері тұрамын. Әкімдіктің табалдырығын тоздырыцп біттім, жыл сайын арыз жазам, сұраймын, талап етем, бірақ бәрі құр уәде берумен аяқталады. Бастарын изейді, келіседі, сосын тып-тыныштық. Бұрын "кішкене шыдайық, жасайды" деп ойлайтынбыз. Бірақ бізге ешкімнің жаны ашымайды, тіпті жарықты да өзіміз тартып алдық, – дейді тұрғын Қозыбай Аяпов.

«Саяхаттағы» үйлер әлі күнге дейін көмір мен отынмен жылып отыр. Бұл қымбат, лас әрі қауіпті, дейді тұрғындар. Олар басқа аудандарда газ тартылып біткеніне таңғалады. Ал өздері жыл сайын тек уәде естумен келеді.

Электр жарығының өзі бұл маңда "баға жетпес зат". Тұрғындар ақша жинап, баған орнатады, сым тартады, шам сатып алады. Мұның бәрін өз бастарын қатерге тіге отырып жасайтынын жасырмайды.

– «Саяхат» шағын ауданына әлі күнге дейін электр жарығы тартылмаған, біз бағандарды өз күшімізбен орнаттық. Бірақ ертең сым өртеніп кетсе, ешбір шенеунік бұл жаққа қарамайды да, бүкіл кінәні өзімізге аударады, – деп ашынады тұрғын Жазира Аман.

Оның айтуынша, бұл ауданды қоғамдық көлік те айналып өтеді.

– Маршрут бар сияқты, бірақ ол тек қағаз жүзінде. «Саяхатқа» бар-жоғы бір ғана автобус қызмет көрсетеді, оның өзі тек орталық көшелермен ғана жүреді, ал шеткі аумақтар қаламен мүлде байланыссыз қалып отыр. Сондықтан барлық тұрғын, оның ішінде балалар мен қарттар да, күніне 1,5–2 шақырым жаяу жүруге мәжбүр, жазда шаң, көктемде балшық.

“БІЗДІҢ ДЕМ АЛУҒА ҚҰҚЫҒЫМЫЗ БАР”

«Саяхат» тұрғындарын ерекше алаңдататыны – аумақтан таралатын сасық иіс. Бұл иіс жергілікті батпақты көлшіктерден шығады. Мұндай су айдындары бірнешеу және олардың  сасығаны соншалық, қызылордалықтар тіпті жазда терезе ашпайды.

Сол көлдердің маңында жер асты суларынан жиналған үлкен қоқыс үйіндісі де пайда болған.

– Мен су айдынының жанында тұрамын. Мұнда дем алу мүмкін емес. Қыста сәл шыдауға болады, ал жазда сол иіспен уланамыз. Әкімдік «батпақты өздерің көміңдер» дейді, бірақ, біріншіден, бізде ондай мүмкіндік жоқ, екіншіден, бұл жер жеке меншік, ал иесін ешкім таба алмай отыр, – дейді тұрғын Досхан Әбжәмиев.

БИЛІК НЕ ДЕЙДІ?

Қалалық әкімдік бұл «қараусыз қалған» аумақтан хабардар және «Саяхаттың» мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп жатыр» деп сендірді. Мысалы, 2025 жылы 9 көшені жөндеуге 830 млн теңге бөлінген.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі 5 көшеде асфальт төсеу жұмыстары аяқталғанын, тағы үш көшеде шағыл тас төселгенін, қалғанын шілдеде бітіру жоспарланып отырғанын айтты. Бұдан бөлек, әкімдік М.Шоқай көшесін кеңейтуге 650 млн теңге бөлінгенін, мердігер компаниямен шарт жасалғанын, құрылыс жұмыстары шілдеде басталатынын хабарлады.

– «Шүкенов» ЖК мердігер ұйымы «Қызылорда тазалығы» ШЖҚ МКК-мен келісімшарт аясында «Саяхат» шағын ауданында санитарлық тазалау жұмыстарын бекітілген кесте бойынша жүргізіп жатыр. Жұмысқа 15 қызметкер мен 2 арнайы техника тартылған. Жеке аула иелеріне су сору және тұрмыстық қалдықтарды жою жөнінде ескерту берілген, – делінген әкімдік жауабында.

Тұрғындар “ең күрделі мәселені жергілікті билік неге бізге жүктеп отыр” деп таңғалады. Сөйтіп олар уәде етілген нәрсені үш жыл емес, кем дегенде жиырма жыл қажет-ау деген қорытындыға келген.