Су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Берсиев ауылдық округінің тұрғындары мұң-мұқтажын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ауыл тұрғындары Ұлысмедианың “Ауылға жол” атты жобасында өңірдегі қазіргі жағдай туралы айтып берді.
- Былтыр 20 шақырымды су шайып кетті. Жол жақсы, бірақ оны халық тек бір жылдай ғана пайдаланды. Аудан, облыстан келген басшылардың бәріне айтылып жатыр. Үйдің салынуы тамаша. Бірақ ұсақ-түйек жетіспейді. Үйдің бәрі қыста, боранда, қар жауғанда төбесінен су тамшылады, дейді ауыл тұрғыны.
Тұрғынның сөзінше, үйдің ішіне жауын не қардың суы кірмеуі үшін шүберекпен тіреп қойған.
- Әр үйге әртүрлі баға берілді. Бізге 23 миллион деді, біресе 28 миллион деді. Кеше техникалық құжатты алсақ 30 миллион деген. Үйдің кемшілігін айтамыз, бірақ орындалмайды. Төбеден су ағып кетті, дейді тұрғын.
“ӘКІМДІК КІНӘЛІ”
Тағы бір тұрғын су тасқыны табиғи апат болғанмен аудан әкімдігінің де кінәсі бар дейді.
- Себебі су тасқыны болған кезде төтенше жағдай жариялаған жоқ. Халық судың ортасында отырды. Төтенше жағдайды уақытында шақырғанда Ойылдың көпірі опырылмас еді. Көпір әлі күнге дейін салынған жоқ. Әкімдер сауданы ойлап, өз жанын ойлап жүрген адамдар. Мердігерлер өз ақшасын алып кетті, әкімдік отырсаң да, отырмасаң да сол үй деп отыр, дейді тұрғын.
ӘКІМДІК ЖАУАБЫ
Бұл жазбаға Ойыл ауданының әкімдігі жауап берді. 2024 жылы Ойыл ауданында бірнеше ауыл суға кетті. Оның ішінде Қаратал ауылы да бар. Әкімдік сол жылы үйлері зардап шеккен Қаратал ауылы тұрғындарының 69 отбасына басқа үй сатып алынды, 21 отбасына тұрғын үйін жөндеуге өтемақы төленді және 126 отбасына жаңа тұрғын үй салып берілгенін атап өтті.
- Қаратал ауылында барлығы 12 мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын жасады. Барлық құрылыс жұмыстары сараптамадан өткен жобалар негізінде жүргізілді. Пайдаланылған құрылыс материалларының әртүрлі болуына байланысты жобалар құнында айырмашылықтар бар. Үй иелерінің өтініштеріне сәйкес өз қаражаты есебінен артық қосымша жұмыстарды да атқарып жасаған мердігерлер де болды. Қазіргі таңда салынған үйлерге тексеру жүргізілуде, мердігерлер тарапынан болған ақаулар анықталған жағдайда кепілдік міндеттемелері негізінде қалпына келтіруге тапсырма берілетін болады, делінген жауапта.
Сонымен қатар, әкімдік су тасқыны салдарынан Ойыл ауылына кіреберіс жолындағы көпір жарамсыз болуына қатысты пікір білдірді.
- Көпір 1978-1979 жылдары салынып, пайдалануға берілген. Видеодағы тұрғындардың мұздар соғуынан көпір жарамсыз болды деген айтулары шындыққа жанаспайды. Себебі техникалық тексеру қорытындысына сәйкес келген мол судың салдарынан көпір тіректері астын су шайғандықтан көпір тіректері отырған. Сонымен бірге, көпірдің қызмет ету мерзімі 50 жыл болғандықтан көпірдің тозуы да әсерін тигізді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары бекітілген ЖСҚ сәйкес жүргізілуде, дейді әкімдік.